Алматы қаласы Студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабының ұйымдастыруымен бүгін Алматы қаласы бойынша шағын футболдан үлкен достастық турнирі болып өтті.
Аламанға Алматы қаласындағы университтеттердің Студенттік құрылыс жасақтарынан футбол командалары жасақталып, жарыс жолына 6 команда шықты. Олар Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «ҚазҰУ 1» және «ҚазҰУ 2», Қазақ бас сәулет және құрылыс академиясының «ҚазБСҚА 1» мен «ҚазБСҚА 2», Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің «Мед 1» және «Мед 2» командалары еді. Сонымен қатар, ойынның көркін қыздыру үшін футбол десе ішкен асын жерге қоятын елуге тарта жанкүйер қыздар ҚазҰУ командаларына қолдау көрсету үшін алаңға ағылды. Турнирге Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті, Қазақ Ұлттық аграрлық университеттері техникалық себептерге орай қатыса алмай қалды. Дегенмен, өте тартысты, әрі қызықты өткен ойыннан олардың жоқтығы білінген жоқ.
«ҚазҰУ-дың қос командасы дауыл мен құйын тәрізді» - деп Алматы қаласы Студенттік құрылыс жастар еңбек жасақтары штабының командирі М.Көшкінбай жоғары баға берді. Расында, «А» тобында ойнаған «ҚазҰУ 1» және «В» тобында ойнаған «ҚазҰУ 2» командаларына ешқандай қарсылас табан тіреп тұра алмады. Бірінен соң бірі жеңіліс үстіне жеңіліс тапты.
«А» тобы бойынша алғашқы болып ойын көрсеткен «ҚазҰУ 1» мен «КазБСҚА 1» командалары ә дегеннен-ақ ойынның шырайын келтіріп, қыздыра түсті. Алғашқы болып қақпаның қаймағын бұзған Қазақ Ұлттық университеті география факультетінің студенті Дүйсенбеков Есқали болды. Бір минутқа жетер жетпес бір гол «КазБСҚА 1»-дің қақпасына кіріп үлгерген еді. Әрине, мұндайда аса сақтық керек екенін ұққан «КазБСҚА 2» командасы ептілік танытып, мықты қорғаныс жасай білді. Онымен қоймай, қарсылас командаға бір гол соғып, есепті теңестірді. Осы сәттен бастап «ҚазҰУ 1» жақтан үлкен дауыл соққандай күй кешті. «ҚазҰУ 1» командасы бірінен соң бірі жалғасын тапқан 6 голды қақпаның төріне шығарды. «КазБСҚА 1» командасы дауылдың мұншалықты күшті боларын білмесе керек, дауылдан қорғанатын қалқан таппай амалсыз жеңілді. Оның үстіне, ҚазҰУ жанкүйерлерінің жер жарар сесі «КазБСҚА» ойыншыларының мысын басып тастағаны айқын байқалды. Жанкүйері жоқ команданың келбеті әмәнда осылай.
Бірінші алаңда дауыл соққан осы сәттерде, екінші алаңда «В» тобы бойынша «ҚазҰУ 2» мен «ҚазБСҚА 2» командалары тартысты ойын көрсетті. Әрине, «ҚазҰУ 2» командасының күші басым болғанымен дауыл болып соққан жоқ. Есесіне, құйын болып айналдыра білді. Алаңның төрт бұрышында бір-бірден тұрған төрт ойыншы құйын тәрізді айналдырып бір-біріне пас шығарды. Керемет пастар арқылы қарсылас команданың ойыншыларын жүгіртіп шаршатқан құйыннан журналистика факультетінің студенті Хамитденов Асқар атылып шығып, бір гол соқты. Жанкүйер қыздардың «гол» деп жаңғырған даусынан «КазБСҚА 1» командасы не болғанын өздері де түсінбей, есеңгіреп қалды! Екінші таймда қорғаныс шебінде жүрген Бурашев Қайрат ептілік танытып, алға шығып, бір голдың авторы атанды. Әрине, екі таймда бірнеше гол соғуға болар еді. Бірақ, «ҚазҰУ 2» командасы 2 голды қанағат тұтып, ойынды абыройлы жеңіспен аяқтады.
Дәл осы қалпы бірінші алаңда дауыл соғып, екінші алаңда құйын тұру арқылы керемет ойындар жалғасын тауып жатты. Бірінші алаңда «ҚазҰУ 1» командасы «Мед 1» командасымен кездесіп, ойын соңында «ҚазҰУ 1» командасы 9:0 есебімен өз қарсыластарын ойсырата жеңді. Дауылдың мұншалықты қарқынана төрешінің өзі ризалық білдіріп, бас шайқады. Ал, екінші алаңда құйын айналған шеңберін жоғалтпай «Мед 2» командасымен 3:0 есебімен есеп айырысып, жеңіске жетті.
Жеңіліс тапқан командалар өзара додаға түсті. Нәтижесінде, екінші алаңда ойын көрсеткен «Мед 2» мен «КазБСҚА 2» командалары арасында үлкен тартысты ойын болып, «Мед 2» командасы жеңіске жетті. Ал, бірінші алаңда «Мед 1» командасы 1:2 есебімен «ҚазБСҚА 1» командасынан жеңілді. Ойын қорытындысы бойынша командалар төмендегідей ұпай жинады:
1.ҚазҰУ 1 – 6 ұпай 2.КазБСҚА 1 – 3 ұпай 3.Мед 1 – 0 ұпай | «А» тобы |
1.ҚазҰУ 2 – 6 ұпай 2.Мед 2 – 3 ұпай 3.КазБСҚА 2 – 0 ұпай | «В» тобы |
Қос команда «ҚазҰУ 1» мен «ҚазҰУ 2» командалары финалға жолдама алды. Ал үшінші орынға таласу үшін «КазБСҚА 1» мен «Мед 2» командалары тартысқа шықты. Бірін бірі жеңе алмайтын қызықты ойында командалар бір-бірлеріне кезекпен кезек гол соғып, есепті теңестіріп отырды. 3:3 есебіндегі нәтижемен соңғы минуттар жақындаған уақытта «КазБСҚА 2» командасы бір гол соқты. Әрине, есепті еселегенде бәріміз қуанып орынымыздан атып тұрдық. Қуанып жатқан осы сәттерде, «ҚазБСҚА 2» командасы кезекті екінші голын соғып үлгерді. Әрине, үшінші орын кімге бұйырғаны сол кезде көрермендердің барлығына белгілі болды. Үшінші орынды «ҚазБСҚА 2» командасы иеленді.
«Кішкентай деме мені, атып жығамын сені»
немесе
«Дауыл» мен «Құйынның» қақтығысы
«Негізінен, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Студенттер құрылыс жасағындағы ең үздік ойыншылардың басын біріктіріп, үміт артып, қолдап, қолпаштап келген «ҚазҰУ 1» командасы болатын. «ҚазҰУ 2» командасынан мен де, басқалар да ешқандай нәтиже күтпеген едік. Алайда, олар ең үздік шықты!» - дейді ҚазҰУ-дың Студенттер құрылыс жасағы штабының бастығы Есенбек Жұмағали. Шынымен де, финалға жолдама алған ҚазҰУ-дың қос командаларының арасындағы жекпе-жекте «ҚазҰУ 1 – ойланбай жеңіске жетеді» деп бүкіл жанкүйерлер мен көрермендер сенім артқан еді. Алайда «бақ шаба ма, бап шаба ма» деген осы да. Спорт жеңу мен жеңулуден тұрады. Әрине, бәрін өзгерткен құйын.
Финалды бүкіл жанкүйерлер асыға күтті. Себебі, бір жерден шыққан қос команданың арасындағы финалдар футбол тарихында жиі бола бермейді. Төрешінің ысқырығынан соң дереу құйын болып айналған «ҚазҰУ 2» командасына «ҚазҰУ 1» командасы сескене қарады. Дауылдың қарқыны азайғандай!.. Қос команданың қайсысына жақтасарын білмеген жанкүйерлер де үнсіз қалған. Осы сәттерде Филология факультетінің студенті Әбішов Жәнібек ойламаған жерден «ҚазҰУ 2» командасына ұзақтан бағыттап гол соқты. Кенет, бүкіл жанкүйерлер шулап «ҚазҰУ 2» командасына қолдау білдірді. Себебі, ешкім олардан гол күтпеген еді. Ешкім оларға сенбеген еді...
Осылайша, тартысты ойында дауыл жақ қарқынын қайта жоғарылатты. Кезекпен кезек бірнеше шабуылдар жасап, гол соғуға ұмтылыстар жасады. Дегенмен, құйын оларға мұрша берер емес. Қорғаныс шебіндегі тарих факультетінің студенті Шалқаров Мұрат пен химия факультетінің студенті Бурашев Қайраттар қарсылас команданың шабуылшыларының мысын баса білді. Ал қақпаны қызғыштай қорыған филология факультетінің студенті Сансызбай Өмірбек команданың тағдырын талай соққыдан аман сақтап қалды. Әрине, жеңіске жетуде әрбір ойыншының үлесі бар. Сонымен қатар, ауысып ойнап отырған физика факультеті мен журналистика факультетінің қос Бауыржандары епті ойындарымен көрермендерді тәнті етті. Ал, химия факультетінің студенті Қаралтаев Мақсат журналистика факультетінің студенті Хамитденов Асқармен керемет шабуылдар ұйымдастыра білді.
Финалдағы алғашқы голдың авторы Әбішов Жәнібек екінші голды қайта соққанда жанкүйерлердің басым бөлігі шексіз қуанды. Алайда, дауыл күшейе түсіп, жоғары қарқынмен соға бастады. Қарсыластарының тегеурінін байқаған «ҚазҰУ 1» командасы бір гол соғып, есеп айырмасын қысқартты. Қарсыластарының күшейе бастағанын байқаған «ҚазҰУ 2» командасы да қарқындарын жоғарылатпаса, төмендеткен жоқ. Осы сәттерде «ҚазҰУ 1» командасының ойыншысының қолына доп тиіп, төреші тарапынан пенальти белгіленді. Журналистика факультетінің студенті Хамитденов Асқар қақпашының ойланғанын күтпестен төрешінің ысқырық шалған сәтінде допты теуіп, бір голды өз командасының есебіне жазғызды. Бұл кезде екінші таймның соңғы уақыттары болатын. «ҚазҰУ 1» командасы да өз мүмкіншіліктерін жақсы пайдаланып «ҚазҰУ 2» командасына кезекті голын соқты. Есеп 3:2. Алайда, ойынның уақыты біткен еді... Төрешінің ысқырығы... Жеңген ойыншылардың және жақтас жанкүйерлердің шексіз қуаныштары... Турнирдің жеңімпазы, Алматы қаласының чемпионы – «ҚазҰУ 2» командасы. Осылайша, достастық кездесу жоғары деңгейде өтіп, сәтті аяқталды.
Көшімбай Мұрат, Алматы қаласы Студенттік құрылыс еңбек жасақтары штабының командирі:
ҚазҰУ-дың СҚЖ-сы осы уақытқа дейін бізді таңдандырып келген. Міне, бүгін тағы бір рет таң қалдырды! Қос команда қос алаңда өте үздік ойын көрсетті. Жақсы даярланғандары көрініп тұр. Әрине, мұндай іс-шараларға бейжай қарамағанына, ойыншылардың дайындалуына, дайындығына жағдай жасап берген ҚазҰУ-дың СҚЖ штабы бастығы Есенбек Жұмағалиға алғысымды білдіремін! Футболдан өткізіп жатқан турнирге сақадай сай болып ҚазҰУ-дан басқа ешқандай оқу орны дайын болып келмеген. Дегенмен, СҚЖ жасақтары құрамындағы студенттер бүгінгі іс-шаралар арқылы бірін-бірі жақсы таныды деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз да сол еді.
Әлімбетов Сәулет , Алматы қаласы "Жасыл ел" жастар еңбек жасақтары штабының командирі:
Лондон олимпиадасындағы Қазақстанның намысын қорғап, алтыннан алқа таққан толағайларымыздың құрметіне өткізілген бұл достастық турнирі өте сәтті аяқталды. ҚазҰУ-дің қос командасы өте жақсы өнер көрсетті.Жанкүйерлердің қолпаштауы да шексіз болды. Келер жылы мұндай достастық турнирлер жалғасын табады.
Есенбек Жұмағали, ҚазҰУ-дың Студенттер құрылыс жасағының бастығы:
Әрине, қос команданың қайсысы бас жүлдені алғаны маңызды емес! Маңыздысы, бас жүлдені ҚазҰУ-дың алғаны. Өздеріңіз көргендей, ойын өте тартысты болып ҚазҰУ-дың қос командасы жақсы ойын көрсетті. Олардың бұл жеңістері өздерінің арқасы деп ойлаймын. ҚазҰУ республикалық көлемдегі турнирлар болған жағдайдың өзінде, дәл осылай бірінші болып, ҚазҰУ Қазақстан чемпионы болатынына мен кәміл сенемін!..
Аламанның сәтті өтуіне қаржылай және басқалай көмек көрсеткен Көшімбай Мұратқа, алаңды жалға алып берген Әлімбетов Сәулетке өз алғысымызды айтамыз.
Осылайша Студенттік құрылыс жасақтары арасындағы университетаралық шағын футболдан ұйымдастырылған турнир де өз мәресіне жетті. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан ҚазҰУ дербилері қала чемпионы атанды. Мұндай жоғары деңгейдегі жарыстар келер жылы да жалғасын табатынына сенімдіміз.
Дінмұхамед Анарбекұлы
Нұрсұлтан Алтынбеков
Біздің серіктес: FONBET