Жарнама
Жарнама

ҚФФ FIFA-дан жарты миллион доллар алады

25.04.2020, 19:24
Ел футболын дамыту мақсатында Қазақстан футбол федерациясы Халықаралық футбол қауымдастығынан 500 мың доллар қаражат алатын болды.
Жарнама
Жарнама

FIFA өзінің ресми сайтында COVID-19 салдарынан зардап шеккен футбол қауымдастықтарына қаржылай көмек көрсететінін мәлімдеді. Барлық 211 футбол қауымдастығына 150 миллион доллар көлемінде қаражат бөлінеді. Демек, Қазақстан футбол федерациясы 500 мың доллар көлемінде көмек алады деген сөз. ФИФА президенті Джанни Инфантино көптеген футбол федерациялары қаржыдан қысылып отырғандықтан осындай қадамға баруды жөн деп санады. «ФИФА бүкіл әлемдік футболды қолдауы тиіс. Біз жылдам арада қаржыларды аударып, көптеген мемлекеттердегі футбол проблемаларын шешуіміз керек», - дейді Инфантино ФИФАның ресми сайтына берген сұқбатында.

Айта кетуіміз керек, осының алдында ғана УЕФА Еуропалық құрама командаларға қаржы беретінін мәлімдеді. Яғни Еуро 2020 додасының іріктеу турниріне қатысқан құрама командалардың сапында ойнаған футболшылардың клубтарына қаламақы төленеді. Бұл негізі бұрыннан бар үрдіс. Тек бұл жолы қаржы жарыстың басталуын күтпей, тездетіп төленеді. Іріктеу жарыстарына қатысқан футболшылардың клубтарына 70 миллион еуро бөлінсе, өтпелі матчтар ойнаған құрамалардың футболшылары өздері ойнайтын клубтарға 20 миллион еуро көлемінде қаржы әкеледі. Қазақстанда құрама сапына футболшы жіберген «Астана», «Қайрат», «Ордабасы», «Шахтер», «Қайсар», «Жетісу», «Ақтөбе» және «Тобыл» командалары үстеме сыйақы алады. Сонымен қатар, құрамында легионерлері бар «Астана», «Тобыл», «Қайрат», «Қайсара», «Шахтер» және «Жетісу» секілді командалар да сыйақы алады. Олардың ойыншылары өз елдерінің басты командаларының сапында Еуро 2020 додасының іріктеу сынына қатысқан. Ал «Ертіс», «Тараз», «Оқжетпес» секілді бір ойыншыдан ғана жіберген командалар 3 мың еуродан алады.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров