Астанада ҚФФ Тәртіптік-бақылау комитетінің кезекті мәжілісі өтті. мәжілісте "Ордабасы" футбол клубына байланысты "Астана" командасы баспасөз хатшысының арызы қарастырылып, нәтижесінде комитет мүшелері арызданушы Дмитрий Нестеренконың өтінішін негізсіз деп тапты.
1. ТБК мәжілісінде қаралған күннің басты тақырыбы "Ордабасы" жанкүйерлерінің мәселесі болды. Айта кетейік, Біріншіліктің ІІ-турының аясында өтуі тиіс болып, бірақ ойналмай қалған "Ордабасы" - "Астана" матчынан кейін қонақтар жанкүйерлерінің қауіпсіздігін жөнді қамтамасыз етпегені үшін "Астана" футбол клубы ҚФФ-қа осы мәселеге жауаптыларды жазаға тарту туралы арызданған болатын. Соған байланысты барлық материалдарды жан-жақты қарастырып, басты арызданушы "Астананың" баспасөз хатшысы Нестеренконың түсініктемесін тыңдаған Тәртіптік-бақылау комитетінің мүшелері барлық жайтты талқыдан өткізіп, арызданушы жақтың талабын орындамау туралы шешім қабылдады. Себеп - аталған мәселеге байланысты нақты дәлелдердің болмауы.
2. Сондай-ақ, мәжіліс барысында ТБК мүшелері басқа да мәселелерді қарастырып, өз шешімдерін шығарды. Мәселен, Қазақстан чемпионатының ІІІ-туры аясында өткен Премьер-лига мен дубльдік құрамдар арасындағы матчтарда алаңнан қуылған ойыншылардың тәртібтері де талқыланды. Сөйтіп, қызыл қағаз алған мына футболшылар алдағы бес матчқа қатысу құқықтарынан айырылды.
• Стахив Александр - "Қайсар" - "Тараз" кездесуі кезінде қарсыласын ұрғаны үшін алаңнан қуылған болатын.
• Сергиенко Эдуард - "Қайсар" - "Тараз" кездесуі кезінде қарсыласын ұрғаны үшін алаңнан қуылған болатын.
• Ларин Сергей - Дубльдік құрамдар арасындағы "Атырау" - "Қайрат" кездесуі кезінде қарсыласын ұрғаны үшін алаңнан қуылған болатын.
3. Бұлардан бөлек, "ЦСКА" футбол клубының ойыншысы Оңжан Бекжанның бес матчтық дисквалификациясын үшеуге дейін қысқарту туралы шешім қабылданды.
алаш арена