Жарнама
Жарнама

Қолда тұрған жеңістен айырылып қалдық

31.01.2012, 21:34
Жарнама
Жарнама

Еліміз жанкүйерлері үлкен сенім артқан жастарымыз Санкт-Петерборда өтіп жатқан «Достастық кубогының» жартылай финалына шыға алмады. Слободан Крачмаревич жаттықтыратын жастар құрамамыз ширек финалда Беларусь командасынан 2:3 есебімен ұтылды. Осы кездесудің қарсаңында көпшіліктің болжамы бойынша біздің елдің өрендері жеңіске жетуге тиіс еді. Бірақ ала доп пен жасыл алаң өз дегенін істеді. Ойын барысы күтпеген сәтте өзгеріп, жерлестеріміз қолда тұрған жеңістен айырылып қалды. Енді Қазақстан жастар құрамасы 5-8-орындар үшін таласатын болады.

Ел жанкүйерлері асыға күткен бәсекені бірде-бір отандық телеарнаның көрсете алмағаны өкінішті. Алыстағы Австралия болмаса АҚШ-та емес, дәл іргеміздегі, бір Кедендік одақтың аясындағы Ресейден тікелей репортаж ұйымдастыра алмағанымыз үшін не деп ақталуға болады? Ал ойынның өзіне келсек, жастарымыздың мүмкіндігінше жеңуге тырысқандарын айтуға тиіспіз. Кездесу басталғаннан-ақ шабуылға иек артып, алаңдағы күштінің кім екенін аңғартқан отандастарымыз көп күттірмей алғашқы голды соқты. Ойынның бірінші жартысы аяқталар тұста Бауыржан Жолшиев қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Оған пас жеткізген Сергей Хижгиченко болатын. Бірінші тайм мерейімізді асырып, үзілісті көтеріңкі көңіл күйде өткіздік. Алда не күтіп тұрғанын ешкім де білмеген еді. Он бес минуттық үзіліс аяқталысымен жасыл алаң төріне шыққан жас футболшылар қызу бәсекеге қайта кірісті. Қазақстандықтар әдеттегідей ойын тізгінін қолға алды. Беларусьтар аракідік қарсы шабуылдарға шығып, таразы басын теңестіруге мүдделі екендерін танытты. Олар көп ұзамай өз дегендеріне жетті. Беларусьтардың кезекті бір шабуылы кезінде Бауыржан Исламхан екінші «сары қағазды» атына жаздырып, алаңнан қуылды. Ол бірінші таймда айып соққысын төреші ысқырық шалмай тұрып орындағаны үшін ескерту алған еді. Болмайтын жерде тәртіп бұзған жас футболшы жеңілістің іргетасын қалап кетті десек қателеспейміз. Одан кейін арада екі минуттай уақыт өткенде командамыздың капитаны Дамир Даутовтың жүйкесі сыр беріп, ереже бұзды. Ойынға төрелік еткен қазы да дегенінен қайтпайды екен, ойланбастан қалтаға қол жүгіртіп, «қызыл қағазды» суырды. Бұл сәтті ойынға қатысқан жігіттеріміз ешқашан ұмытпайтын шығар. Бас-аяғы екі-үш минуттың ішінде кездесудің фаворитінен аутсайдерге айналып шыға келген отандастарымыздың қақпасына пенальти белгіленді. Осы кездесуге комментаторлық еткен ресейлік маман Евгений Ловчевтің өзі сасқанынан не айтып, не қойғанын білмеді. Ол біресе «төрешінікі дұрыс болмады, бұл жағдайды жай ғана ескертумен шектелсе де жеткілікті еді» деп бір пікір білдірсе, келесі сәтте «Дұрыс, тәртіптің аты - тәртіп, оған бәрі де мойынсыну керек» деп төрешіні ақтап алуға тырысты. Қалай болғанда да, пенальти белгіленді. Нүктеге беттеген Антон Сорока мүлт кетпеді, есеп - 1:1. Бұдан кейін екі ойыншысы кем Қазақстан жастар құрамасының сағы сынды. Біздің жігіттер шабуылды ұмытып, қорғанысқа көшті. Көңілімізде әлі де үміт бар еді. Тең нәтижеге қол жеткізіп, пенальтиде бағымыз жанар деп дәмелендік. Бірақ «қанның» иісін сезген беларусьтар қысымды бұрынғыдан бетер күшейтті. Ақыры олар екінші голды соғып, есепте алға шықты. Нәтижелі соққы бұл жолы да Антон Сороканың атына жазылды. Крачмаревич шәкірттері тығырыққа тіптен тірелді. Ойынды құтқарып қалудың мүмкін еместігін бәріміз түсінгендей едік. Бірақ жылт-жылт еткен үміт оты әлі де болса сөнбеген-ді. Оны арада он минуттай өткенде беларусь футболшысы Антон Теплов біржолата өшірді. Есеп - 3:1. Қалған аз уақыттың ішінде екі бірдей ойыншысы кем әрі әбден шаршап, діңкелеген жерлестеріміздің жанкүйерлерін қуанта алмайтыны анық болды. Дегенмен 89-минутта жеңісті енді уыстарынан шығара қоймастарын түсінген беларусьтар босаңсып, гол жіберіп алды. Есеп айырмасын Евгений Горячий қысқартқан болатын. Одан кейін екі жақ та гол соға алмады. Қорытынды есеп 3:2 - беларусьтар жартылай финалға шықты. Естеріңізге сала кетсек, беларусьтар топтық кезеңнен әупіріммен өтіп, ширек финалға жолдама алған еді. Олар өз топтарында Иран мен Литва жастарына жол беріп, үшінші орынға табан тіреген болатын. Ал Қазақстан жастар құрамасы «А» тобында тек Ресей командасынан жалғыз доп айырмасымен ұтылып, екінші орынға жайғасқан-ды. Осы күні тағы бір ширек финалдық кездесу өтті. «С» тобының мықтысы Иран жастар құрамасы «В» тобында үшінші орынға ие болған латыштармен шеберлік байқасты. Бірден айтып өтелік, бұл матчта да сөзсіз фаворит ретінде ирандықтар көрсетілген еді. Еліміздегі ең беделді букмекерлік кеңселер азиялық команданың жеңісін 1,62 коэффицентпен бағалаған болатын. Бірақ мұндағы жағдай да ешкім ойламаған сценарий бойынша өрбіді. Бірінші болып голды Балтық жағалауынан келген өрендер соғып кетті. Дегенмен екінші тайм басталған тұста латыштар тәртіп бұзып, төреші олардың бір ойыншысын алаңнан қуды. Сан басымдығына ие болған ирандықтар таразы басын теңестіруге жан-дәрмен ұмтылды. Бірақ латыш футболшылары жанкештілікпен қорғанып, кездесудің 90-минутына дейін бой бермеді. Ал аталған уақытта ирандықтар Азмунның көмегімен есепті теңестірді. Бірақ матч соңындағы пенальтиде Балтық жағалауының футболшылары жеңіске жетіп, жартылай финалға берілер жолдаманы уыстарына түсірді. Кешке қарай Украина мен Литва жастар құрамалары ширек финалдық бәсекеде бақ сынады. Бұл ойында да Балтық жағалауы елінің өкілдері бірінші болып гол соқты. Кездесудің 43-минутында Юазитис мергендік танытты. Украиндар тек екінші кезеңнің орта тұсында Будковский соққан голдың көмегімен есепті теңестірді. Келесі кезеңге өтетін мықтыны анықтау үшін екі жақтың ойыншылары пенальтиге жүгінді. «Футбол лотереясында» бір дәл соққының артықшылығымен украиндар жеңіске жетті. Осы күнгі ең соңғы кездесу Ресей және Молдова жастар құрамаларының арасында өтті. Жарыс қожайындары кездесудің 8-минутында Байрамяннің голымен алға шықты. Екінші таймның басында олар Жестоковты гол авторы атандырып, екі доп айырмасымен есепте ұзай түсті. Молдовалықтар да қарап қалмай, ойынның 66-минутында айырманы қысқартты, бірақ ойынды құтқарып қала алмады. Келесі кезеңге көпшілік болжағандай-ақ ресейліктер шықты. Ширек финалдық бәсекелердің қорытындысы бойынша төрт күшті анықталды. Олар бүгін жарыс жолына қайта шығады. Финалға берілер жолдаманы Украина мен Беларусь, Ресей мен Латвия жастар құрамалары өзара сарапқа салатын болады. Футболдың жілік майын ішкен мамандар бас жүлдеге таласады деп атап көрсеткен төрт командадан жартылай финалға тек екеуі жетті. Нақтырақ айтсақ, футбол сарапшылары Ресей, Украина, Иран және Қазақстан командалары алтын жүлдеден бірден-бір үміткер деп пікірлерін білдірген еді. Алайда Иран мен Қазақстан жастары ширек финалдан аса алмай қалды. 1993 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан турнирде бірде-бір Қазақстан командасы топ жармағанын айтқан едік. Еліміздің төрт дүркін чемпионы «Ақтөбенің» екі рет бас жүлдеге қол созымда сүрінгені есімізден шыға қойған жоқ. Биыл жарысты ұйымдастырушылар тосын шешім қабылдап, кезекті жастар құрамаларына бергенде қуанғанымыз рас. Өйткені біздің елдің жас футболшылары соңғы уақытта өздерін жақсы қырларынан танытып жүрген болатын. Олар Санкт-Петербордағы доданы да сәтті бастаған еді. Бірінші кездесуде алаң қожайындарына жалғыз доп айырмасымен ұтылғасын, Түрікменстан мен Эстониядан келген құрдастарын 3:1 нәтижесімен ұтты. Үш ойында 6 ұпай олжалаған жастарымыз жартылай финалда беларусьтарға қарсылас атанғанда қуандық. Өйткені бұл команда топтық кезең бәсекелерінде айтарлықтай табысты өнер көрсетпеген еді. Бірақ біздің сеніміміз бұл жолы да ақталмай қалды. Енді жастарымыз 5-8-орындардың біріне таласатын болады. Жарыстың тарихына көз жүгіртсек, ресейліктердің сегіз рет топ жарғандарын көреміз. Тізімнің екінші сатысындағы украиндар «Достастық кубогын» төрт рет ұтыпты. Әзірбайжан елінің футболшылары да үш рет бас жүлдеге қол жеткізіпті. Бұлардан бөлек, Молдова командалары екі рет, Грузия мен Өзбекстан футболшылары бір-бір реттен жеңімпаз атанған екен. Осы турнирде Андрей Шевченко («Динамо», Киев), Владимир Бесчастных («Спартак», Мәскеу), Андрей Тихонов («Спартак», Мәскеу), Михаил Кавелашвили («Динамо», Тбилиси), Егор Титов («Спартак», Мәскеу), т.б сынды атақты футболшылар доп теуіп, гол соққан болатын.

Қонысбай МАТАЙ

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров