Чемпиондар Лигасынан біраз уақытқа қол үзіп, қарт құрлықтың клубтар арасындағы ең деңгейлі жарысын сағынған жанкүйерлер кеше кешкілік осынау футбол додасымен қайта қауышты. Плэй-офф сынында, 1/8 финалдың алғашқы ойындары Испания мен Шотландияда өтті. Назарларыңызға чемпиондық тәжге үміткер клубтардың кешегі ойындарын ұсынамыз.
«Месталья» стадионында жергілікті «Валенсия» мен Франция астанасынан келген «ПСЖ» теке тіресті. Чемпиондар Лигасының чемпиондығынан басты үміткерлердің бірі «ПСЖ» алаң иелерін қапы қалдырған болатын. Ойынның шымылдығы голмен ашылды. Жасыл алаңдағы «майданның» алғашқы минуттары париждік жанкүйерлердің атой салуына алып келді. 10-минутта «Валенсияның» айып алаңына баса көктеп кірген аргентиналық Лавесси Гуайтаны допты қақпадан алып шығуына мәжбүр етті. Есепті теңестіруге тырысқан алаң иелерінің ұмтылыстарынан еш нәтиже шықпады. Бірінші тайм аяқталар тұста қонақтар есептегі басымды еселей түсті. Бұл жолы көзге түскен – Хавьер Посторе. «Валенсия» айып алаңында қараусыз қалған Хавьер Лукастың пасын пайдаланып, «жарқанаттарды» қиын жағдайда қалдырды. Өз алаңында жеңілсе, қарымта ойын оңайға соқпайтынын білетін алаң қожайындары екінші таймда бар білгенін ортаға салды. Төккен терлері еш кетпеді. Ойынның 90-минутында Рами тоблодағы есепті қысқартты. Алайда есепті теңестіруге испаниялықтардың уақыты қалмады. Айтпақшы, қонақтар жоқ жерден өздерінің үздік форвардынан айырылып қалды. Төреші қосқан қосымша минуттарда Златан Ибрагимович Перахоның арқасынан ұстап, Гуардадоның аяғын басп кеткені үшін ойыннан қуылды. Демек, Парижде өтетін ойынды швед трибунадан қарайтын болады.
1/8 финалдың екінші жұбы «Селтик» пен «Ювентус» Шотландияда кездесті. Бұл ойында қарсылас «Ювентус» қарсыластарын жер қылып жеңді. Бұл ойында да гол тез соғылды.