Жарнама
Жарнама

Қостанайдағы Орталық стадион УЕФА талаптарына қаншалықты сай келеді?

Ертең мұнда Чемпиондар лигасының ойыны өтеді.
Жарнама
Жарнама

Ертең Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде «Тобыл» «Ференцварошты» қабылдайды. Матч Қостанайдағы Орталық стадионда өтеді.

Тобылдың бұл стадионда өткен еурокубоктегі соңғы ойыны көптің есінде бар. Былтыр Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Хайдукпен» күш сынасқан еді. Сырт алаңда қақпасына жауапсыз екі гол жіберіп алған қостанайлық клуб Орталық стадионда ғаламат камбэк жасап, жанкүйерлерге тамаша эмоция сыйлады. Матч экстра-таймға ұласып, Асхат Тағыберген соққан голдың арқасында жеңіспен аяқталды. Қорытынды есеп - 4:3.

Төртінші кезеңде «Тобылға» словакиялық «Жилина» түсті. Бірақ Қостанайдағы алаң бұл кезеңнің ойындарын өткізу үшін жарамсыз деп танылды. Сол себепті «Тобыл» «Астана Аренада» ойнауға мәжбүр болды. Жанкүйерлердің қолдауын сезіне алмаған Александр Москаленко шәкірттері алғашқы ойында 0:1 есебімен, ал сырт алаңда 5:0 есебімен оңбай ұтылды.

Бір ай өткен соң Қостанайдағы Орталық стадионға жөндеу жұмыстарының жүргізілетіні туралы ақпарат шықты. Нақтырақ айтсақ, 23 қыркүйекте реконструкция жұмыстары басталып кетті. Клубтың баспасөз қызметі жанкүйерлерді жөндеуден кейін стадион УЕФА-ның төртінші санатындағы талаптарға сай болады деп сендірді.

Жоспар бойынша модернизация жұмыстары мыналарды қамтыды:

- камералық платформаларды орнату;

- телестудияларды орнату;

- электронды турникеттерді орнату;

- VIP-орындарды орналастыру;

- дизельді электр станциясын сатып алу және орнату;

- допинг-бақылауға және УЕФА делегатына арналған бөлме;

- баспасөз конференция залындағы орындар санының артуы.

Өткен айдың ортасында (16 маусым) «Тобыл» Орталық стадионға қайта оралып, жаттығу жұмыстарын сонда өткізе бастады. 19 маусым күні сол стадионда «Каспийді» қабылдап, 1:0 есебімен жеңді. Енді қостанайлықтар бұл алаңдағы екінші ойынын Чемпиондар лигасы аясында «Ференцварошқа» қарсы өткізеді. Демек, стадион УЕФА талаптарына сай деп танылған. Бірақ төртінші санаттағы талаптарға сай болды ма? Жөндеу жұмыстарынан кейін клуб басшылығы ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров