Сондықтан әуелден «әділдіктің жаршысы» атанып кеткен, ойын кезінде футболшылардың тәртібін қадағалайтын «реферилердің» табысы жанкүйерлер үшін таңсық. Бір нәрсе анық. Төрешілер айлыққа жұмыс істемейді. Олар әр матчтан соң тұрақты түрде гонорарын алады. Бұл – әлемдік тәжірибе. Футболы дамыған барлық елде солай. Тек Англияда ғана арбитрлар әр ойынға берілетін гонорардан бөлек, жылдық жалақы алады екен. Өйткені ағылшындардың біріншілігі танымалдығы жағынан, деңгейі бойынша (АПЛ) әлемде бірінші орында тұр. Оған ешкім күмәнмен қарамайды да. Ал ол жерде төрелік етудің өзі жауапты міндет, үлкен абырой.
Енді мына қызықты дерекке көз жүгіртейік, Қазақстан Премьер лигасында бас төреші бір ойын үшін 196 020 теңге еңбекақы алады. Қапталдағы төрешілердің әрқайсысына тиетіні – 108 900 теңге. Қақпа сыртындағы қосалқы арбитрлердің бір матчтық қызмет ақысы – 54 450 теңге. Резервтегі төреші қызметі үшін 21 780 теңге алатын болса, матч инспекторының гонорары – 98 010 теңге. Ал Бірінші лигадағы төрешілердің қызметақылары біршама аз. Мәселен, бас төрешіге бұйыратыны 108 900 теңге болса, оның қос қапталдағы көмекшілері 54 450 теңгеден алады. Бұл 2017 жылы sportsarena.kz спорттық порталының таратқан ақпараты. Арада 4 жылға жуық уақыт өтті. Бүгінде аталған сома біраз жоғарылаған болуы керек. Өйткені 2017 жылдың өзінде төрешілердің еңбекақысы көбеюі мүмкін деген ақпарат шыққан.
Сол кездің өзінде көрші Ресейде бас төрешіге бір ойында 90 мың рубль берген. Біздің ақшаға шаққанда 502 200 теңге. Үздік бес чемпионаттың қатарына кіретін Франция чемпионатында бас төреші бір ойынға 2 751 еуро алады. Италияның А сериясында бас төрешілердің бір матчтық қызметіне 3 400 еуродан төлейді. Испания Ла лигасында арбитрлер әр матчы үшін 6 мың еуродан алып отырады. Англияда арбитрлердің қызметақысы әлгі елдерден едәуір аздау. Яғни, бір матчқа 1 180 фунт (1 280 еуро). Дегенмен оларға айына жалақы ретінде жылына 38,5 мың фунт беріледі екен. Бізге қолжетімді деректер легі шамамен осындай. Жасыл алаңда футболшылардың іс-әрекетін аңдып жүретін төрешілер еңбегі әр елде әрқалай бағаланады. Бұған қоса Әлемдік футбол қауымдастығының шығарған шешіміне сай Халықаралық футбол тарихы және статистикасы федерациясы (IFFHS) әр жылдың үздік төрешілер тізімін жариялап отырады. Оны 90 елдің сарапшылары мен таңдаулы журналистері анықтайды. Еуропа бойынша Матеу Лаос, Джюнейт Чакыр, Марк Клаттенбург, Феликс Брых, Виктор Кашшаи, Юнас Эрикссон секілді төрешілер әрқашан үздіктердің қатарына кіреді. Ал Азияда өзбекстандық рефери Равшан Ирматов білікті төрешілердің алдыңғы көшін бастап тұр. Біздің елімізде ше? Қазақстанда Артем Кучин, Денис Измайлов бастаған тәжірибелі төрешілер үздік саналады. Сондықтан олар Суперкубоктың және Кубоктық ойындардың финалында қазылық етеді. Сонымен қатар Еурокубоктық ойындардың іріктеу кезеңдеріндегі көптеген матчтарға (шет елдерде өтетін ойындарға) төрелік етіп жүр.
Алғаш 2014 жылдың күзінен бастап Қазақстандық төрешілер УЕФА Еуропа Лигасындағы топтық кезеңдегі матчтың бірінде жұмыс атқарды. Берн қаласындағы (Швейцария) Stade de Suisse стадионында өтетін жергілікті «Янг Бойз» бен «Слован» (Братислава, Словакия) арасындағы ойынның бас төрешісі болып Артем Кучин тағайындалған болатын. Оған Евгений Бельский мен Анатолий Ходин көмектесті. Қосымша көмекшілер ретінде Александр Гаузер және Денис Измайлов та шақырылған. Төртінші төреші болып Сергей Васютин тағайындалды. Бұл ел футболы тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі десек те болады.
Біздің елде де шет елдердегідей әр ойыннан кейін ҚФФ төрешілік сараптамалық комиссиясының отырысы өтіп, ойын кезінде болған күмәнді эпизодтар талқыланады. Айып алаңында бұзылған ережелер мен қабылданған шешімдерге қатысты мамандар кәсіби көзқарасын білдірді.
Ел біріншілігінде, яғни OLIMPBET-футболдан Қазақстан чемпионатындағы ойындарға төрелік ететін бас қазылардың қатарында Денис Измайлов, Анатолий Вишниченко, Артем Кучин, Айдын Рахымбаев, Байымбет Сәкен, Бақыт Қызылбаев, Сергей Гороховодацкий және т.б. бір топ төрешілер бар. Ал нәзікжандылардан Элвира Мустафина, Кристина Янушкеевич, Наргиз Мағауи, Елена Алестратова секілді төрешілер қазылық етеді.
Біздің елде де шет елдердегідей әр ойыннан кейін ҚФФ төрешілік сараптамалық комиссиясының отырысы өтіп, ойын кезінде болған күмәнді эпизодтар талқыланады. Айып алаңында бұзылған ережелер мен қабылданған шешімдерге қатысты мамандар кәсіби көзқарасын білдірді. Соған сай ойынға қазылық еткен төрешілерге баға беріледі. Бұл туралы футболдан Қазақстан біріншілігінде төрелік етіп жүрген маманның өзі әңгімеледі.
– Бір ойынға төрелік етуге 5 адам бекітіледі. Бас қазы, запастағы төреші, және қос қапталдағы екі төреші. Ал ең жауаптысы – инспектор. Ол сол төрешілердің қызметіне баға береді. Соған байланысты бас қазының рейтингі түзіледі. Ол төрешілердің алдағы ойындарға төрелік етуіне де ықпалын тигізеді. Ал Қазақстан футбол федерациясының Төрелік ету және қадағалау департаменті ойын болардан бірер күн бұрын матчта қазылық қызметін атқаратын төрешілер тобын анықтайды, – дейді атын атамауын сұраған төреші.
Әр ойында алатын гонорарын сұрағанымызда «қызметтік құпия» деп, бұл сұраққа жауап беруден бас тартты. Ол сөз арасында шет елмен салыстырғанда Қазақстанда төреші болу қиын екенін жасырмады. Өйткені ішкі біріншілікте ВАР жүйесі пайдаланылмайтынын, оған сай жасыл алаңдардың да, стадиондардың да аз екенін қоса жеткізді. Сол себепті төрелік етуде біраз қиындықтар туындайды екен.
– Төрешілердің әр ойын сайын қанша алатынын айта алмаймын. Бірақ регламент бойынша екі Премьер лиганың командасы ойнаса Премьер лиганың гонорары төленеді, ал Бірінші лига мен Премьер лиганың командасы ойнаса, Бірінші лиганың гонорары беріледі. Айтпақшы, төрешілер Қазақстан Премьер лигасында 45 жасқа дейін ғана төрелік ете алады. Сондай өзгеріс енгізілді. Ал Бірінші, Екінші лигаларда жас шамасына аса қатты шектеу жоқ, – деп атап өтті ол.
Төрешінің «ҚПЛ-да төрелік ету қиын» деген пікірін спорт журналисі Қуаныш Қаппас та растады. Ішкі біріншіліктегі ойындарды көру үшін үлкен төзім керек дейді ол. Өйткені ел чемпионатында түсініксіз, күмәнді шешімдер қабылданатын кездер аз болмайды екен.
– Маған ең ұнамайтыны, ҚПЛ-да төрешілер көбіне бұра тартады. Қай команда мықты, кімнің ықпалы жоғары, соған жақтасады. Бір маусымның өзінде күмәнді эпизодтар көп тіркеледі. Пенальти беретін кезде бермей, жоқ жерден 11 метрлік айып соққысын белгілейтін төрешілерді байқап жүрміз. Сары қағаздың орнына қызыл, қызылдың орнына сары қағаз беретіндері де бар. Өзге чемпионаттардағыдай бізде VAR да жоқ. Сосын осындай олқылықтар, қателіктер көп кетеді, – дейді Қуаныш.
Қалай дегенмен де, төрешілердің жұмысы оңай емесі анық. Әсіресе, Қазақстанда өтетін ойындарға расымен шағым айтатын жанкүйерлер қарасы көп. Оларды әр ойын сайын байқауға болады. Бірақ мұндай келеңсіздіктер шет елдегі біріншіліктерде де кездесіп жатады. Бәлкім, алаңдарымыз жақсарып, заманауи стадиондарымыздың саны артып, біріншілікке VAR жүйесі енгізілген кезде біздегі төрешілердің де жұмысы жеңілдеп, төрелік етудің сапасы жақсарар. Әзірге осыған да шүкіршілік етеміз.
Абылайхан Жұмашев
"Айқын.кз"
Біздің серіктес: FONBET