Жарнама
Жарнама

ҚПЛ: Екінші тур ойындарына болжам

10.03.2022, 01:12
10 наурызда Қазақстан Премьер-лигасының екінші туры аясында үш матч өтеді. Осы ретте Aladop.kz ішкі біріншіліктегі кезекті ойындарға болжам жасады.
Жарнама
Жарнама

Кезекті турдың шымылдығын 15.00-де оңтүстіктің қос командасы ашады.  «Тараз» өз алаңында «Ордабасыны» қабылдайды. Бірінші турда «Тұранмен» тең түскен «әулиеаталықтар» бұл жолы шымкенттік команданы жеңуге тырысады. Талантты футболшыларға бай жамбылдық ұжым құрамы өткен жылмен салыстырғанда біраз әлсіреген «Ордабасыны» минималды есеппен жеңуі тиіс. Болжалды есеп – 1:0. 

Одан кейін 17.00-де ҚПЛ дебютанты «Ақсу» елордалық «Астана» командасымен кездеседі. Алғашқы турда техникалық жеңіліске ұшыраған Благоевич футболшылары сырт  алаңда үш ұпайға қол жеткізуді көздері анық. Болжалды есеп – 1:3. 

Үшінші кездесуде біріншіліктің ортаңқол командалары «Қызылжар» мен «Шахтер» жасыл алаңда кім мықтыны анықтайды. Бұл ойында күні кеше Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін ұстаған Андрей Карпович пен Могамед Адиев арасындағы текетіресті көреміз. Екі команданың да футболшылары жеңіс үшін аянып қалмас. Бірақ тең есеп тіркелуі мүмкін. Болжалды есеп – 2:2. 

11 наурыз күні екінші тур аясында 4 ойын өтеді. Яғни, жасыл алаңда «Ақжайық» пен «Тұран», «Каспий» мен «Тобыл», «Ақтөбе» мен «Атырау» және «Мақтараал» мен «Қайрат» кездеседі. 

Түркістандық «Тұран» сырт алаңда «Ақжайықтан» ұпай алуға қауқарлы. Мазяр футболшылары да қарап қалмасы белгілі. Дегенмен қонақтар бұл ойында үш ұпай алатын сыңайлы. Болжалды есеп – 1:2. 

Ақтауда өтетін ойында жергілікті «Каспий» клубы өткен жылғы чемпиондар, биылғы біріншіліктің басты фавориті «Тобыл» командасына қарсы тұрады. Маусым басында Суперкубоктың жеңімпазы атанған қостанайлықтар чемпиондыққа таласта қарсылас шақ келтірмеуі тиіс. Сырт алаңда Москаленко футболшылары минималды есеппен не екі доп айырмасымен жеңіске жетеді деп ойлаймыз. Болжалды есеп – 0:1 немесе 0:2. 

Батыс дербиінде «Ақтөбенің» асығы алшысынан түсетін шығар. «Атырау» бір гол соққанымен, өз қақпаларына екі доп өткізіп алады деп топшылап отырмыз. Болжалды есеп – 2:1. 

ҚПЛ-дың тағы бір дебютанты «Мақтараал» бірінші турда сырт алаңда «Ордабасымен» тең түсіп, бір ұпайға қол жеткізген. Енді өз алаңдарында біріншіліктің үздік командаларының бірі «Қайратпен» ойнайды. Қонақтар қиындықсыз жеңіске жетіп, кезекті үш ұпайларын алуы тиіс. Болжалды есеп – 0:3. 

PS. Бірінші турда жалпы жиынтығы 6 гол көрдік. Төрт матч тең есеппен аяқталды. Іш пыстырарлық ойындар көп болды. Екінші тур голға бай болады деген үміттеміз. Әзірге «Шахтер», «Қайрат», «Тобыл», «Каспий» командаларында үш ұпайдан бар. «Ордабасы» «Мақтаарал» «Атырау», «Тараз», «Тұран» «Ақсу» бір ұпаймен турнирлік кестенің орта тұсында тұр. Төменгі орында жүрген «Ақжайық», «Қызыл-Жар», «Ақтөбе», «Астана» алғашқы ұпайларына қол жеткізіп, жоғарғы орындарға көтеріле ала ма? Оны алдағы турда білетін боламыз. 

Абылайхан ЖҰМАШ


Жарнама
Жарнама

Новости партнеров