Жарнама
Жарнама

Құлдыраудан қашан құтыламыз

07.05.2013, 00:09
Жарнама
Жарнама

Қазақстан футболына биыл 100 жыл. Мерей той әрине жақсы ғой. Бірақ, оны елеп, ескеріп тойлатып жатқан кім бар. Бір ғасырлық тарихы бар футболымыздың осы күнгі бет бейнесі өте нашар. Оның себептері де көп. Ең бастыларын айтып жеткізгіміз-ақ келеді. Дегенмен, бір мақаламен барлығына шолу жасау мүмкін емес. Кері кеткен дүниенің ақыры жоқ, тақыр дүние ғана бар көз алдымызда. Мұндай беталдылыққа, жөн-жосықсыздыққа, берекесіздікке кімдер кінәлі? Неге түбіне тоқтау қойылып, аладобымыздың асығы алшысынан тұрмайды. Биылғы 100 жылдықта не атқарылды, неге қол жеткіздік деп те есеп беріп жатқан Футбол ФЕДЕРАЦИЯСЫ жоқ. Ендеше өзімізше долбарлап, шама-шарқымыз жеткенше саралайық. 

Астанада 100 жылдыққа байланысты жиын өткен. Оны көпшілік қауым тегіс естіп, құрылтайға тегіс алқұалы ағайын жиналып, ас өткізді деп айта алмаймыз. Бірі білсе, бірі білмейді. Жасырын өткендей, құдды. Федерацияның басы-қасында жүрген шауып кел, барып келдердің жиынына 100 жылдықта аты қалған ағайын ат салыса алмады. Олар ат салыспақ түгілі ескерусіз қалды. Жиында ардагерлердің аты аталмай, кешегі тарихтың қажеттілігі болмады. 25-сәуір Қазақстан футбол күні мерекесіне әжептәуір бір сарайға концертін қойып, ән-шашуын арнап, ел футболының тарихынан үзінді келтіріп, аладоптың артында жүрген ардагерлерді шақырып, шапанын жауып, елге тағы бір мәрте қошеметтесе артық болмас еді-ау. Оны түсінетін Қазақстан футбол Федерациясында адам аз ғой қазір. Қазақы пайымды қайтейік, өңкей орыс қызмет ететін ұйымның ойына ол да келмеді ең ақыры. Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев секілді бір топ ардагерді ескерусіз қалдырғанымыз ба? Ел футболына елеусіз еңбек етіп, жемісін беріп те жүрген ағайын қаншама. Шабыт беріп, қызметтерін ескеріп, елесек те жетер еді-ау!

Қазақстан футболында басшы жоқ! Бұл тақырыптың көтерілгеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Әділбек Жақсыбеков тағайындалғалы бері осындай бас ауруына шалдықтық. Бапкерлер, жанкүйерлер тіпті осы келеңсіздіктердің барлығына кім жауап беретінін де білмейді. Саян Хамитжанов деген Жақсыбековтың "жақсы" орынбасары бар. Біраз шаруа осы кісі арқылы өтсе керек. Бірақ, Саян батырдың футболға үш қайнаса сорпасы қосылмайтындығы қиын-ақ. Көп дүние түсінбеушіліктен туындап жүр. Әдекеңнің "Цесна" банкі осы футболдың арқасында гүлдеп тұрған шағы бар. Оны да ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан шығар, Әдекем, өз орнын ешкімге бергісі келмейді. Премьер-лигада ойнайтын әр клуб 30 млн. теңге көлемінде жарна төлейді. Соның барлығы "Цесна" банкінің қоржынына түсуде. Айналымда жатқан ақшаның қайда қызмет етіп тұрғаны да осыдан анық аңғаруға болады ғой.

"Астана" футбол клубы мен Ұлттық құрама сапына шақырылып жүрген ойыншылар мен өзге де ұжымдарға бапкер болып келіп жатқан шет елдік азаматтардың барлығы Федерацияның астыртын "көмегінің" арқасында келуде. Барлығы да түбтің түбінде мемлекеттік бюджеттен клубтарға бөлінген қаржыны қымқыруға келіп тірелуде.

УЕФАға мүше болған 10 жылдың ішінде біз оған дейінгі 90 жыл кезіндегі атқарылған істерді орындауымыз керек еді. Ештеңе де өзгерген жоқ деуден аулақпыз. дегенмен, атқарылған шаруа қыруар да емес. Жасөспірімдер футболы, ұлттық құрамалар деңгейі, ішкі біріншілік әлі де болса аяғынан тұра алар емес. Құлдыраудан қашан құтыларымыз белгісіз. Ең болмаса жанкүйердің көңілін аулап, кеткен қателіктерін мойындарына алып, жауабын беретін де тұлға жоқ. Аузын буған өгізден суыртпақтан керегіңді сұрамасаң, айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отаудың кейпі, әйтеуір. Өзге спорттарымыздың ішінде №1 болуы тиіс футбол шіріген жұмыртқа болып бітті. Осы күнгі жанкүйердің кеудесінде сенімнен гөрі, күдік көп.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров