Transfermarkt порталынан бірқатар қазақстандық футболшылардың трансферлік құнының жоғары екеніне көз жеткізуге болады. Сол футболшылардың ойынына қарасаң, олардың кейбіреуінің бағасына лайық өнер көрсетіп жүрмегенін, тіпті еуропалық ортаңқол клубтардың футболшыларынан да жоғары бағаланып отырғанын байқайсың. Ал егер аталған футболшылар шетелде ойнаса, трансферлік құнының мұншалықты шарықтауы екіталай болар еді.
Әрине, біріншіден, шет ел клубтарының көпшілігі біздің футболшыларды мұндай қомақты ақшаға сатып алмасы анық. Екіншіден отандастарымыздың деңгейі төмен болғандықтан ба екен, көбінесе ойын мәнері де еуропалық клубтардың талабына сай келмей жатады. Бірақ шет ел асатын футболшыларымыздың бар екенін де жоққа шығара алмаймыз. Тек біздікілердің бағасының шарықтап тұрғаны болмаса…
Бұл ретте әйгілі германиялық transfermarkt порталы жыл сайын әлемдегі футболшылардың трансферлік бағасын тұрақты түрде жариялайды. Оның ішінде қазақстандық футболшылар да бар. Осыған орай біз қазіргі уақыттағы Қазақстандағы бағасы қымбат 10 мықты ойыншыны назарларыңызға ұсынғалы отырмыз. Ол үшін әдеттегідей transfermarkt сайтының көмегіне жүгіндік.
Сонымен, қазақстандық ең қымбат ойыншы кім? Бұл көшті мәскеулік ЦСКА командасының негізгі ойыншысы Бахтиер Зайнутдинов бастап тұр. Оның қазіргі трансферлік бағасы – 3,5 млн еуро. Екінші орынға «әл-Айн» командасының экс-ойыншысы Бауыржан Исламхан жайғасқан. Отандасымыздың трансферлік бағасы – 1,8 млн еуро.
Ал Қазақстан біріншілігінде доп тебетін футболшылардың арасында «Қайрат» командасы ойыншыларының трансферлік бағасы жоғары. Атап айтқанда, Нұралы Әліп («Қайрат») – 1,7 млн еуро, Стас Покатилов («Қайрат») – 1,5 млн еуро, Айбол Әбікен («Қайрат») – 1,3 млн еуро және Ғафуржан Сүйімбаев («Қайрат») 1,3 млн еуроға бағаланып отыр. Байқағандарыңыздай, тізімдегілердің басым бөлігі Алматының клубында доп тебеді. Сонымен қатар елордалық «Астана» мен қостанайлық «Тобыл» командаларының футболшылары да «қымбат» футболшылардың тізіміне енген. Мысалы, Абзал Бейсебеков («Астана») – 1,2 млн еуро, Дмитрий Мирошниченко («Тобыл») – 1,2 млн еуро, Сергей Малый («Тобыл») – 1,2 млн еуро, Роман Мұртазаев («Астана») – 1,2 млн еуро, Асхат Тағыберген («Тобыл») – 800 мың еуро.
Сондай-ақ Қазақстан құрамасының шабуылшысы, таяуда ресейлік «Крылья Советов» командасына ауысқан Абат Айымбетовтің трансферлік бағасы 1,5 млн еуроға дейін өскенін атап өткен жөн. Одан өзге шет ел біріншіліктерінде доп тебетін қазақстандық футболшылардың арасында Дмитрий Шомко («Ротор») мен Александр Меркельдің («әл-Файсали») бағасы – 1,5 млн еуроға дейін көтерілген.
Жақында елордалық клуб сапынан «Роторға» ауысқан Юрий Логвиненко 400 мың еуро, «Беерсхот» командасында ойнайтын Ян Вороговский 750 мың еуро, ресейлік «Чайка» клубының ойыншысы Рамазан Оразов 350 мың еуро, «Ротордың» су жаңа шабуылшысы Алексей Щеткин 600 мың еуроға бағаланды. Ал бұған дейін ресейлік «Химки» командасында доп тепкен Исламбек Қуаттың трансферлік бағасы аталған сайтта 1,2 млн еуро деп жазылған. Ойыншы қазіргі уақытта жаңа команда іздеу үстінде.
Біздегі көптеген спорт мамандары «ҚПЛ-да өнер көрсететін қазақстандық футболшылардың жалақысы жақсы. Сол себепті жергілікті ойыншылар шетелге барып ойнағысы келмейді. Оның себебі де жоқ емес. Өйткені ортаңқол шетелдік клубтардың көпшілігінде айлық аз төленеді» деген пікірді алға тартады.
Ал спорт журналисі Өмірбек Сансызбай қазақстандық футболшылардың шетел асқанын жанкүйерлердің көбі қалайтынын, футболшылардың да еуропалық клубтарда ойнағысы келетінін, бірақ түрлі кедергілер бар екенін айтады.
– Футболшылар шетел асуға не кедергі барын өздері де білмейтін секілді. Әйтпесе тәуекел етіп неге көрмеске? Иә, белді басып, шетел асып қайтқандар да бар, жоқ емес. Бірақ саусақпен санарлық. Тәуекел ету үшін кей факторлардың да әсері бар. Оның бірі – жалақы мәселесі. Көбі отандық клубтарда ойнап, материалдық жағдайын мықтап алғысы келеді. Мықтап алдым дегенде жасы келгенін аңғармай қалады, болмаса «болдым, толдым» деп тоқтайды. Тағы бір әсер етуші фактор – көзге түсе алмау. Шетелдік клуб мамандарының назарына ілігу оңай емес. Қазақстан Премьер-лигасының деңгейі біз үшін жоғарылап келе жатқанымен, олар үшін орнында тұрғандай көрінеді. Дегенмен көзге түсуге мүмкіндік мүлде жоқ деп айта алмаймыз. Ұлттық құрамада ойнау, еурокубоктік ойындарда озық ойынымен неге ерекшеленбеске? Тіпті, қазір әлеуметтік желі арқылы да талантыңмен тас жаруға болады. Қолдайтын БАҚ бар, – дейді Өмірбек.
Ол сонымен қатар қазір Ресей чемпионатында доп теуіп жүрген отандастарымыздың қатары артып келе жатқанын, оған Еуразиялық экономикалық одақ әсер еткенін айтады. Яғни, сол елдің футболшылары біздің елде де легионер болып саналмайды. Сондықтан да жергілікті ойыншыларымыз шетелге кетуге талпыныс жасап жатыр.
Иә, бұл да болса футболымыздың ілгерілеуіне септігін тигізері анық. Қанша дегенмен Ресей чемпионатының деңгейі біздікінен жоғары екенін ескерсек, сонда доп теуіп жүрген талантты қазақстандық футболшылардың қарт құрлыққа қадам жасауына бір мүмкіндік болары хақ. Бастысы, отандастарымыз тасада қалып қоймай, өздерінің қарым-қабілеттерін, деңгейін толықтай көрсете алуында. Сонда ғана көп өтпей олар жақсы нәтижеге қол жеткізе алады. Оның жарқын дәлелі – Бақтиер Зайнутдинов пен Ян Вороговский. Егер көш жалғасын тауып, ойыншыларымыз сұранысқа ие бола бастаса, алдағы екі-үш жылдықта қазақстандық футболшыларды да Еуропаның үздік клубтарының сапынан көріп қалуымыз әбден мүмкін.
Абылайхан Жұмаш
Мақала Aikyn.kz сайтынан алынды
Біздің серіктес: FONBET