Жарнама
Жарнама

Құпияға толы Қазақ футболы

05.05.2011, 00:07
Жарнама
Жарнама

Әлемде №1 спорт түріне баланатын футболдың қазақ жерінде бағы жанбай-ақ қойды. Өзге елдің жанкүйерлері стадионға командасының жеңісін көру үшін барса, біздегі футбол сүйер қауымның тілегі басқа. «Ірі есеппен ұтылмасақ жарар еді» деген тәтті арманға берілуге мәжбүр. Иә, командамыздың жеңілмеген күнін көру арманға айналғаны қашан?! Жолдастық кездесуде Азиядағы әлсіз қарсыластарын сабап алғаны болмаса, Еуропадағы ала доп қуған ағайындарға шамамыз келер емес. Бұл қанша жылдан бері қайталанып келе жатқан жағдай. Десе де, қазақ футболына оң өзгеріс енер күн жақындап келе жатқан сыңайлы. Оған дәлел ретінде футбол жайлы тек жанкүйерлер емес, депутаттардың да ашына айта бастағанын келтіруге болатын шығар. Нәтижесінде көпшіліктің айқайын елегісі келмей, үн қатуға ерінетіндердің де тілі шыға бастады… ЖАНКҮЙЕРЛЕР «КЕТ…» ДЕЙДІ, БАПКЕР НЕГЕ КЕТПЕЙДІ? Командасының жеңілетінін білсе де ойынды тамашалауға жиналатын жанкүйерлердің шыдамы таусылып барады. Айқайлап көрді, ешкім құлақ аспады. Неміс маманы Бернд Шторктың жұмысына көңілдері толмай, оған «үйіңе қайт» деген әңгіме айтты. Түсінбей қалмасын деп бұл сөздерді немісше жазған. Жергілікті жанкүйерлердің өзі жайлы теріс пікірде екенін Бернд Шторк ұқты. Оның түсінгенін соңғы сөздерінен байқауға болады. Қазанның 3-і күні Алматыда өткен баспасөз жиынында бапкер футболда жалғыз тұлға емес, команданың болашағы маңызды екенін айтыпты. Ол бүгінгі күннің жеңісі үшін емес, болашақ үшін еңбек етіп жатқанын қайталаумен әлек. Неміс маманының өз еркімен кетпейтінін, Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) оны жұмысынынан босатпайтынын түсінген футбол сүйер қауым Президенттің атына ашық хат та жолдады. Жанкүйерлердің жанайқайы депутат мырзалардың құлағына жетіп үлгеріпті. Футболдан хабары бар депутаттар ойларын ортаға салып жатыр. Ашық хат Елбасыға жеткен күні біраз мәселе шешіліп қалар деген үміт бар. Жанкүйерлердің арманы не? Неміс маманының қызметтен кеткенін қалайды. Сырттан келген легионерлерге құрамадан орын беруді қойып, еліміздегі үздік ойыншылардың шақыртылуын талап етеді. Бар болғаны сол ғана. ФУТБОЛШЫНЫҢ ТАБЫСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰПИЯ МА? Қазақстан құрамасының Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарындағы екі жеңілісінен кейін футбол тақырыбында әңгіме көп айтыла бастады. Бернд Шторк шәкірттерінің доп тепкені депутаттарға да ұнамай жүр. Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбилянов: – Дәл қазір футболдан Қазақстан құрамасының ойынына көңілі толып отырған азаматтарды көріп отырған жоқпын. Өйткені, ұлттық құрама сапында шетелден келген ойыншылар көбейіп барады. Олардың басты мақсаты – ақша алу, өзінің жағдайын жақсарту, халықаралық деңгейде көзге түсіп, басқа командаға тез ауысып кету. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанды жағдай жасайтын жолға айналдыру. Сондықтан, менің ойымша, құрама сапындағы ойыншылар жергілікті футболшылар болуы керек. Бұл – бас бапкерге қойылатын негізгі талап болуы міндет. Екіншіден, шеттен легионер тасығанды доғару керек. Содан соң футболда бәрі ашық болуы керек. Халықтан жасырып, жабулы қазан күйінде жүргізуге болмайды, бар істі. Бәрі ашық түрде, әрбір футболшы, жаттықтырушы қанша жалақы алады, соның бәрін баспасөзде жариялап, талдау жасау керек. Әйтпесе, мұндай жасырын футболмен бауырымызды жаза алар емеспіз, – дейді. Біз Нұрекеңнің “Алаш айнасы” газетіне берген сұхбатының қысқартып қана беріп отырмыз. Негізі депутат бұл тақырыпқа кеңінен тоқталған. Халық қалаулысы бұл сөзін қазақша айтқандықтан, ҚФФ-дағы басшылар аса шамдана қойған жоқ. Өйткені, олардың көпшілігі мемлекеттік тілді білмейді. Ал орысша сұхбат берген Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің айтқандарына федерация бірден жауап қатқан болатын. Халық қалаулысы жанкүйерлердің жоғарыға жеткізе алмай жүрген ойларын жайып салған. Оның айтуынша, бас бапкер жергілікті футболшылармен тіл табысып жұмыс істегеннен көрі шетелден «момын» спортшыларды шақырта салғанды жөн көреді екен. Қаншама жылдан бері «жаңа құрама жасақтаймыз» деп уәде берумен келе жатқан федерацияның жұмысынан оң өзгеріс көре алмай жүргенін де жасырмаған. Және қыруар қаржының қайда кетіп жатқанына да сұрау салған. – Қазақстан футболы әлдекімнің табыс көзіне, жемтігіне айналған сияқты. Ең бастысы – қазір пайда көріп қалу керек, ал футболдың болашағы маңызды емес. Бұл сөздер бірқатар адамдарға оңай тимесі анық. Әйтсе де, ақиқат қымбат. Әлдекімге футболды жабық күйінде ұстау тиімді болып отыр. Ойыншылардың қанша жалақы алатыны, құрамаға қанша қаржы кететіні, клубтарға қанжа қаражат жұмсалатыны жайлы ақпарат жоқ. Сол себепті де бізде ілгерілеушілік болмай тұр. «Ауруын жасырған өледі» деген қазақта мақал бар. Енді жасырудың қажеті жоқ, емделу керек, – дейді Мұрат Әбенов. Айтқандай-ақ, бұл сөздер қазақ футболын басқарып отырғандарға оңай тиген жоқ. Депутаттың айтқанына жауап ретінде Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сейілдә Байшақов үн қатты. – Қазақстан футболы үшін Мұрат Әбенов кім? Футбол жайлы, жаттығу және іріктеу жұмыстары жайлы не біледі? Бұрын ойыншы немесе бапкер болмаған адам футбол жайлы қалай сын айта алады? Тіпті ҚФФ президенті Әділбек Жақсыбеков те команда жасақтау ісіне араласпайды. Құрама футболшыларына жалақы емес, сыйақы төленетінін, ал жалақыны клубтарынан алатынын түсінбей жатып Әбенов мырза біздің миллиондарды лайықты ойыншылар мен бапкерлерге жұмсамай жүргенімізге қалай сын тақпақ? Футбол маманы өзінің танымалдылығын пайдаланып, мәжіліске барып қандай заң қабылдау керектігін үйретсе не болады? Сондықтан, әркім өз ісімен шұғылдануы керек. Сосын еліміздегі футболды дамытудағы ілгерілеушіліктерді байқамау үшін соқыр болу керек шығар. Әбенов секілділерге көпұлты Қазақстан халқын адастырып, құраманың жеңілісінен атақ жинаудың сәті түсе қоймас, – дейді вице-президент. Сондай-ақ, Сейілдә Байшақов жанкүйерлермен бірлесе жұмыс істеп жатқанын да айтқан. Тіпті, футболды тамашалайтындардың көпшілігі әлі табыс табатындардың қатарына енбеген білім алушылар екенін ескеріп, билеттің құнын төмендеткен көрінеді. Десе де, ашына сөйлесе де Секең ақиқатты ашық айта алмапты. Ең әуелі жанкүйерлердің сүйіктісіне айналған Самат Смақовқа тиісіпті. «Құрама үшін жанын берсе, баяғы қайда жүрді?» деп, бұдан бірнеше жылғы жеңілістерге жалғыз ойыншыны кінәлағанын түсінбедік. Содан соң ҚФФ президенті Әділбек Жақсыбековтің бапкердің ісіне араласпайтынын айтыпты. Осы жерде Байшақов мырза сырын айтамын деп, шынын айтып қойғанын білмей қалған-ау. Басшылардың араласпағынының нәтижесі емес пе, неміс маманының құраманы сынақ алаңына айналдырып алғаны. Ойына келгенін істеп жүр. Бұл сонда депутат айтқандай, «пайда көріп қалу керек, ал футболдың болашағы маңызды емес» дегеннің нақ өзі емес пе? «Әлдекімге футболды жабық күйінде ұстау тиімді болып отыр» деген еді, енді «әлдекімнің» де кім екені белгілі бола бастаған сыңайлы. Құрама ойыншыларының жалақы алмайтынын білмей қалғаны үшін депутатты сынға алған вице-президент «жерден жеті қоян тапқандай» қуанған секілді. Шындығына келсек, мұндай ақпаратты көпшілік біле бермейді. Себебі, ойыншылардың қанша жалақы алатынын, сыйақысы қанша болатынын олар ешқашан ашық айтқан емес. Қазақ футболындағы қаражат мәселесі мемлекеттік құпиямен тең. Әлемге танымал ойыншылардың қай жылы қанша пайда тапқанын білу оңай. Ал еліміздің ойыншылары жайлы мұндай ақпарат жоқ. Егер Сейілдә Байшақов ашық сөйлегенді ұнатса, тым болмағанда сыйақының қанша екенін айтып салмас па еді? Жоқ, олай етпеді. Себебі, «әлдекімге» бұл тақырыптың жабық болғаны керек. Тағы бір шындыққа келмей нәрсе, Байшақов айтқандай ҚФФ-ның жанкүйер жағдайын ойлағанын көре алмай отырмыз. Федерация көпшіліктің қалтасына қарап емес, өзінің ыңғайына қарай әрекет жасайды. Қазанның 5-і күні, яғни бүгінгі Бельгиямен өтетін ойынға кіретін билеттің құны 1 мыңнан 7 мың теңгеге дейінгі аралықта. Ал қазанның 12-сінде, Германия құрамасын қабылдайтын күнгі баға екі есеге өсіп шыға келеді. Ондағы ең арзан билет 2 мыңнан сатылып жатыр. Ал ең жайлы орындардың біріне жайғасу үшін 15 мың теңге төлейсіз. Небәрі бес күн айырмашылығы бар екі кездесудегі бағаның мұндай алшақтығын немен түсіндіруге болады? Әрине, ҚФФ пайда тауып қалуды көздеп отыр. Атақты неміс футболшыларын көру үшін жанкүйерлердің көптеп шығындана алатынын білгендіктен бағаны шарықтатып жіберген. ҚАЗАҚТЫҢ ДОП ТЕБЕ АЛМАЙТЫНЫН ДӘЛЕЛЕП БЕРСІН «Қазақ футбол ойнай алмайды» дейтіндер бар. Сол әңгімені ҚФФ-ның өзі бастаған ба деп қаласың кейде. Құрамаға кім келіп доп тепсе де қарсылығы жоқ (шетелдіктердің Қазақстан азаматтығына жылдам ие бола қалатындығына таң қаласың). Бірақ қара домалақтардың құрамаға шақыруға құлықты емес. «Қазақ доп тебе алмайды» дейтіндерге айтарымыз бар. Алысқа бармай-ақ, мысалға Премьер-лигадағы клубтарды алайық. Қазір көш басында «Тобыл» мен «Ақтөбе» келеді. Қостанайлық клубтың капитаны Нұрбол Жұмасқалиев, ал ақтөбелік клубта капитан – Самат Смақов. Екеуі де қазақ. Капитан болғаны үшін мысал келтіріп отырған жоқпыз. Нұрбол қарсыластың қақпасына 12 доп соққан болса, қорғаушы болғанына қарамастан Самат 8 нәтижелі соққыны еншісіне жазған. «Ақтөбенің» сапында Саматтан көп доп соққан шабуылшы Мұрат Тілешев қана (10 доп). Осыдан кейін қазақтың доп тебе алатынына қалай күмән келтіреді екен, а?! «Қазақ футбол ойнай алмайды» дейтіндерге ұсыныс бар. Қазақтың ойнай алмайтынын дәлелдесін. Ұлттық құрамаға тек қазақтарды ойнатып көрсінші. Бір рет болса да Қазақстанның намысын тек қазақ футболшылар қорғап көрсінші. Көрейік, кімнің аузына құм құйылар екен?! Нұр АСЫЛ.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров