1971 жылы мектеп бітірдік. Алматыға оқуға түсуге аттанғалы жүргеннен жиырма шақты күн алдын, маусымның 23-і күні Шиелінің дәл іргесіндегі, араларын бір арық қана бөліп жатқан «Гигант» колхозында тұратын туған жездем Сыздық Омаров пен әпшем Құрманкүлдің үйіне бардым. Кешке қарай залда бір өзім отырып (себебі, бұл үйде өзімнен басқа футболға қызығатын ешкім болмай шықты), ақ-қара экранды кең диагоналды телевизордан Алматыда ойналған «Қайрат» – «Динамо» (Минск) командалары арасындағы матчты тамашаладым. «Тамашаладым» дегенім жай сөз, ойын біткенше экранға кіріп кете жаздап, тыпыршып, алас ұрдым да отырдым.
Олай болатын да жөні бар еді. Кездесудің 3-минутында-ақ қонақтар сапынан Геннадий Воронин гол соғып кетті. Осыдан бастап қайраттықтар матч соңына дейін тек «қуалаушының» ролін атқарып, есепті теңестірумен ғана болды. Арада 4 минут өткенде біздің Владимир Чеботарев осылайша таразы басын теңгерді. Бірақ қуанышымыз ұзаққа бармады. 12-минутта минскілік екінші шабуылшы Анатолий Васильев өз командасын тағы алға шығарды. Қарымта шабуылды әдемі пайдаланғандары болмаса, меймандардың бұл пәйтке дейін соншалықты бір басымдығы да болмаған еді. Керісінше алматылықтар ойын басталғаннан тізгінді қолға алған. Бір қарағанда, сенімді де көрінген. Алайда, динамошылардың бірінші соққысы-ақ бізге гол болып соғылып кетті. Екінші голдан кейін алматылықтар бұрынғыдан бетер ышқынды. Шабуылдан кейін шабуыл өрістеді. Сондай жойқын жорықтардың бірінде, 28-минутта оң қапталмен жүгіріп келе жатқан Михаил Тягусов шамамен 45 метрдей жерден, алаңның орта сызығынан өте беріп, қақпаға қарай шірене ұрды. Сол доп зуылдап ұшқан бойда «тоғыздыққа» келіп күмп етті. Сөйтіп, есеп қайта теңесті – 2:2. Осы голдан кейін минскіліктердің аға жаттықтырушысы Иван Мозер өзінің негізгі қақпашысы Михаил Скоковты бірден құрамнан алып, орнына 21 жасар Михаил Вергеенконы қойды. Біздің қуанышымыз бұл жолы да ұзаққа созылмады. 35-минутта «Динамоның» жартылай қорғаушысы Владимир Курнев есепті 3:2-ге жеткізді. Осымен бірінші тайм бітті. Енді қақпашы алмастыру кезегі біздің Виктор Корольковқа келді. Ол бұған дейін 3 гол кіруіне жол беріп қойған Виктор Шведковтың орнына сол жылы көктемде ғана Шымкенттің «Металлургінен» келген 22 жастағы Құралбек Ордабаевты бірден үзілістен кейін шығарды. Жас дарбазашы ойынның басында біраз сасқалақтаса да, бара-бара өз-өзіне келіп, біртіндеп сенімді ойнай бастады. Негізі, бұл таймда динамошылар басым ойнады. Оларда ойынның көрігін Эдуард Малофеев пен бізден екі жыл бұрын кеткен бұрынғы өз ойыншымыз Олег Волох қыздырды. Бірақ Құралбек олардың туралап келген жалғыз қауіпті сәтін жақсы қайтарды. Есесіне, алматылықтар бір гол салып, қорытынды есепті 3:3-ке жеткізді. Рас, гол пенальтиден салынды. Оны Евгений Михайлин дәл соқты. Осы матч жайлы есептік мақала жазған «Советский спорт» газетінің тілшісі А. Царев 11-метрліктің жөнсіз берілгені туралы айтыпты. Ол қонақтар алаңында Чеботаревтің қағып құлатылуына байланысты белгіленді. Менің сол кезде қатты қуанғаным есімде. Соған қарағанда, журналистің меңзеп отырғаны да дұрыс сияқты... Не дегенде де, матч біздің бір футболшының – Құралбек Ордабаевтың келешектегі тағдырын шешіп кетті. Содан бастап бұл кісі ұдайы біздің де назарымызда жүрді. Қаншама жылдар бойы оның табысына бірге қуанып, күйінішіне бірге берілдік. Содан бастап Құралбек ағамыз маусым соңына дейін орнын ешкімге берген жоқ есебі. «Жоқ есебі» дейтініміз, 12-турда өзінің тұсаукесер кездесуіне шыққан ол бұдан кейін маусым аяқталғанша тағы 14 матчқа қатысты. Атап айтқанда, осыдан кейін артынша Ташкентте «Пахтакормен» ойында қақпаны қорғаған Құралбек Ворошиловградта «Зарямен» кездесуде де алаңнан табылды. Осы матчта 4 гол жіберіп алған ол содан кейін 9 шілдеде Донецкіде «Шахтермен» ойналған ойынның старттық құрамына ілінген жоқ. Бірақ қақпаға оралған Шведков, матчтың 6-минутында жарақат алып қалып, орнына Ордабаев қайта келді. Құралбек содан кейін 9 ойын бойы қатарынан өзі ойнады да, қақпа кілтін Алматыда «Пахтакормен» (2 қазан), Минскіде «Динамомен» (16 қазан), Алматыда «Араратпен» (21 қазан), «Зарямен» (26 қазан кездесулерде Шведковқа беріп алды. Ал 31 қазанда Алматыда «Шахтермен», 8 қарашада Мәскеуде «Спартакпен» ойындарда қақпада тағы өзі тұрды. Ордабаев маусымдағы осы 15 ойынында 19 голды тордан алды. Ал оның әріптесі Шведков 17 матчта 21 голды өткізіп қойды. Келесі, 1972 жылғы маусымда Құралбек ағамыз алаңға небәрі 10 рет қана шығып, 9 доп жіберді. 1973 жыл Құралбек үшін ерекше есте қалатын маусым болды. Футбол жанкүйерлері осы жылы оның жұлдызы жанғанын жақсы біледі. Мамандар бірінші рет сол кезде «Құралбек құбылысы» туралы айта бастады. «Жұлдызды» КСРО Футбол федерациясының шешімімен сол чемпионатта белгіленген ойыннан кейінгі пенальтилер сериясы тудырды. Біздің қақпашымыз сол жылы ойын кезінде 2, ойыннан кейін 13 пенальти қайтарып, барлығы 15 онбірметрлік соққыны қақпаға дарытпады. Шыны керек, оның «штатты пенальтист» бола алатынын бұған дейін ешкім де білген жоқ. Себебі, Құралбек 1971 жылы өзінің қақпасына белгіленген 3 пенальтидің үшеуіне де тосқауыл қоя алмаған-ды. 1972 жылғы 10 ойынында оған мұндай сынаққа түсудің орайы келген жоқ. Сөйтіп, кейін чемпионат соңында команда аға жаттықтырушысы Артем Фальян өз голкиперіне үлкен сенім артқанын мәлімдегеніне қарамастан, Ордабаевтың 11 метрлік соққы қайтарғыштық қасиеті бар екені көп жанкүйер мен маман үшін шын мәнінде жаңалық болды. Құралбек Ордабаев өзінің бұл реттегі шеберлігін алғаш рет 14 сәуір күні Алматыда «Қайрат» пен «Торпедо» (Мәскеу) командалары арасындағы кездесуден кейінгі пенальтилер сериясында көрсетті. Негізгі уақыт 1:1 болып аяқталды. Голдар бірінші таймда соғылды. Ол кезде бізден қақпада Виктор Шведков тұрған еді. Ордабаев алаңға 46-минутта шықты. Сондықтан ол серияны бірінші болып қабылдады. Сондағы шеберлігі, айналып келгенде, оның команданың талассыз бірінші нөмірлі қақпашысы болуына әсер етті. Ол осы жылы чемпионаттың 30 ойынының 27-сінде қақпада тұрды. Алғашқы серия 4:3 есебімен алматылықтардың пайдасына шешілді. Құралбек екі пенальти қайтарды. Одан шеберлігін асыра алмаған Владимир Юрин мен Вадим Никонов болды. Жалпы, бұл чемпионаттың ойыннан кейінгі пенальтимен аяқталған бесінші матчы еді. Оны 7 сәуір күні Тбилисиде жергілікті «Динамо» мен «Заря» (Ворошиловград) ашып берді. «Қайрат» келесі осындай «лотереяға» 22 сәуір күні тап келді. Бұл жолы ол Ленинградта «Зенитпен» ұшырасқан. Мұнда да есеп 1:1 болып бітті. Мұнда да матчтан кейінгі пенальти 4:3 деген есеп әкеліп, біздің команданың абыройын асырды. Құралбек тағы да ерледі. Ол Анатолий Зинченко мен Юрий Загуменных ұрған доптарға тосқауыл қойды. Жалпы, «Қайрат» чемпионатта пенальтилер сериясына 11 рет қатысып, солардың 10-ында жеңіске жетті. Бұл жеңістердің 9-ын Ордабаев, 1-ін Владимир Черненко қамтамасыз етті. Біз тек «Днепрден» ғана пенальтилер сериясында ұтылып қалдық. Құралбек жоғарыда аталған матчтардан кейін Шамиль Яфаров («Пахтакор»), Анатолий Кожемякин, Владимир Басалаев («Динамо», Москва), Виктор Яремченко («Шахтер», Донецк), Виктор Трембач, Михаил Фокин («Зенит»), Виктор Матвиенко («Динамо», Киев) Виктор Малыгин («Заря») ұрған доптарды торға қарай өткізбеді. Ал Владимир Алматыда ЦСКА-мен болған ойында бұрынғы өз ойыншымыз Владимир Кисляковтың добын қағып алды. Сөйтіп, КСРО-да пенальтилер сериясында Ордабаевтан озған ешкім болған жоқ. Құралбек Ордабаев «Қайраттың» сапында 1971 жылдан 1981 жылға дейін өнер көрсетіп, жоғары лигада 183, бірінші лигада 69 матчқа қатысты. Соның ішінде жоғары лигада өз қақпасына 216 гол жіберіп алды. Осы жылдарда біздің қақпашымыз қорғаған қақпаға ойын кезінде 17 пенальти белгіленді. Құралбек аға соның 7-ін қайтарды. Бұл оның пенальти қайтару коэффициентінің 58,0 пайыз екенін көрсетеді. Енді осы тұрғыда оның көрсеткішін басқа қақпашыларымызбен салыстырып көрейік. Ордабаевқа дейін бізде Владимир Лисицын, Юрий Башкатов, Владимир Косенков, Владислав Бубенец, Виктор Шведков деген голкиперлер қақпаны пенальтиден қорғап көрді. Өзінен кейін Александр Убыкин, Юрий Чекмезов, Сергей Бураков деген қақпашылар осы салада бақтарын сынады. Соның ішінде Убыкиннің үлесіне тиген пенальтилер саны сұмдық – 42! Александр бұлардың 6-уын ғана қайтара алды. Ал кестеге салып қарасақ, ол мынадай көрініс ұсынар еді:
Аты-жөні Пенальти саны Қайтарғаны Өткізгені Қайтару % Құралбек Ордабаев 17 7 10 58,0 Владимир Лисицын 8 3 5 37,5 Виктор Шведков 3 1 2 33,3 Владислав Бубенец 7 2 5 28,5 Юрий Чекмезов 4 1 3 25,0 Сергей Бураков 4 1 3 25,0 Александр Убыкин 42 6 36 16,1 Юрий Башкатов 1 0 1 0 Владимир Косенков 1 0 1 0 Құралбек Ордабаев сонымен қатар 1971 жылы «Қайраттың» Еуропа теміржолшылары Кубогын жеңіп алуына үлкен үлес қосты. Футболшылық мансабын аяқтағаннан кейін көп жылдар федерация басшыларының бірі болғанын да жақсы білесіздер. Бүгін сол – Құрекеңнің, Құралбек Досжанұлы Ордабаевтың туған күні! 1949 жылы Шымкент қаласындағы Қошқарата өзенінің бойында дүниеге келген ол 68 жасқа толып отыр. Мен қазақ футболының нағыз мақтаныштарының бірі болған ағамызды туған күнімен құттықтап, оған адами бақыт, ұзақ өмір тілеймін.
жазба Серік Пірназардың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды
Біздің серіктес: FONBET