Жарнама
Жарнама

Құрбан Бердыев: «Мұндай жеңілістер бәріне ауыр тиеді»

08.05.2022, 17:44
Алматылық клуб соңғы жеті матч бойы жеңіске жете алмауда.
Жарнама
Жарнама

«Қайрат» ФК бас бапкері Құрбан Бердыев «Атыраудан» (0:3) жеңілгеннен кейін баспасөз мәслихатына қатысып, ойын жайлы пікірімен бөлісті:

 - Матчтың көп бөлігінде біз аз адаммен ойнадық. Қарсылас стандарттарды жақсы пайдаланды, өкінішке орай, біз мінез көрсете алмадық. Негізгі құрамның 8 ойыншысы жас жігіттер. Олардың орташа жасы 20-22 шамасында. Жігіттердің әлеуеті бар, бірақ олар «еркек» болуы керек. Олар қазірдің өзінде тактикалық тұрғыдан жаман емес және прогресс жасауда, бірақ әр эпизодта соңына дейін күресуі тиіс.

Екінші таймда біз жақсырақ ойнадық. Қолда бар мүмкіндіктерді ескерсек, гол соғуымыз керек еді. Әрине, мұндай жеңілістер бәріне ауыр тиеді. Жігіттердің ешқайсысын кінәлай алмаймын, себебі олар бар күшін салды. Бірақ қорғаныста және, әрине, мүмкіндіктерді жүзеге асыруға қатысты мәселелер бар.

- Соңғы ойындардағы сәтсіздіктер туралы не айтасыз?

 - Әрине, мұндай сәтсіздіктер менің мансабымда бұрын да болған. Мұндай сәттерде аянбай еңбек етіп, ойынды қалпына келтіріп, ұпай үшін күресу қажет. Бірақ қазіргі уақытта құрамдағы футболшылар жас және ойындары шикілеу. Қайталап айтамын, жігіттерде әлі де мінез жетіспейді.

- Клуб жазда жаңа ойыншылар ала ма?

- Маусым басталар алдында «Қайрат» толығымен жас ойыншылардан тұратын құраммен ойнайды деген жоспар болған, бірақ соңында жастық пен тәжірибені қосу туралы шешім қабылданды. Мен клуб әкімшілігі мен басшылығының жұмысына араласпаймын, бірақ кейбір легионерлерімізге ұсыныс түсетінін білемін. Ал олардың қандай таңдау жасайтыны белгісіз.

- Өзіңіздің клубтағы болашағыңыз туралы не ойлайсыз?

- Менің келісім-шартымда тармақ бар, соған сәйкес, егер клубқа және маған қолайлы ұсыныс түссе, келіссөздер жүргізе аламын. Қазіргі уақытта ұсыныстар жоқ, сондықтан мен осында жұмыс істей беремін.

- Жас ойыншылардың болашағы туралы не айтасыз?

- Мен үшін болашағы бар жігіттерді ойнату маңызды. Кезінде мен де, Иван Альбертович те 18-19 жастағы жігіттер едік, Владимир Михайлович Юлыгиннің бізге жаттықтырушы болып келуі жақсы жаңалық болды. Онымен жұмыс істегеннен кейін біз футболға басқаша көзқараспен қарай бастадық. Өткен жылы Қайрат Советаевич тек жастар мен 3-4 тәжірибелі ойыншы қалады деп айтқанда, Данилянц екеуміз Владимир Михайловичті еске алып, жас жігіттермен жұмыс істеуді, олардың алға жылжуына көмектесуді жөн көрдік. Мен прогрессті көріп отырмын. Бұл жігіттерге сенемін және олар жақсы деңгейде футбол ойнайды. Біз «Манчестер Сити», «Ливерпуль» секілді клубтардың матчтарын талдаймыз. Жастарды жоғары деңгейге шығарғымыз келеді сондықтан оларға қойылатын талаптар да өте жоғары. Жігіттер жақсы жаққа өзгереді, бірақ бұған уақыт керек.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров