Қыркүйектiң 5-i күнi футболдан елiмiздiң ұлттық құрамасы өз алаңымызда айыр қалпақты ағайындармен жолдастық кездесу өткiзiп, 7:1 есебiмен ойсырата ұтты. Бұл – Қазақстан ұлттық құрамасының УЕФА құрамына кiргелi қол жеткiзген ең iрi жеңiсi. Сонымен қатар, Юрий Красножан баптайтын елiмiздiң бас командасы араға бiр мүшел салып барып, қатарынан екi ойында жеңiске жетiп отыр.
Ендi бауырлас қос елдiң құрамасы арасындағы ойынға қысқаша тоқталсақ. Кездесудi бастауға беларусьтық төрешi Сергей Цинкевич белгi берiсiмен-ақ Красножан шәкiрттерi алға лап қойды. Дегенмен, айыр қалпақты ағайындардың айып алаңын шаңдатумен болған отандастарымыз кездесудiң сағат тiлi 27 минутын санап жатқанда, қарсыластар қақпасынан саңылау таба бiлдi. Гол авторы – Сергей Хижниченко. Үзiлiске дейiн араға алты-алты минөттен салып Нөсербаев пен Хижниченко таблодағы есептi еселей түстi.
Үзiлiстен соң Қырғызстан құрамасының тiптi шашырап, ойынынан маза кеттi. Осы сәттi бiздiң жiгiттер жақсы пайдаланды. Кездесудiң екiншi жартысында Бауыржан Исламхан, Бауыржан Жолшиев, Ұлан Қонысбаев, Азат Нұрғалиевтер қанжығаларын майлады. Қырғыздар сапынан Жарғарбекұлы жетi голға жалғыз қарымта доппен жауап қайтарды. Әрине, Красножан шәкiрттерiнiң әзiрге аяқ алысы қуантады. Түнеугүнi тәжiктердiң қақпасына топырлатып гол тоғытпасақ та, бiр бас биiк болып, 2:1 есебiмен жеңiске жеткенi жанкүйерлерге мәлiм. Кешегi қырғыздарға берген қақырата соққы да бүгiн болатын Латвиямен ойында жеңiске деген сенiмдiлiктi арттырып отыр. Дегенмен, латыштармен ойын 2016 жылғы Еуропа чемпионатына iрiктеу кездесуi екенiн ескерсек, жолдастық ойыннан бөлек сипатта өрбитiнi белгiлi. Дегенмен, Красножан шәкiрттерi арқаны кеңге салмаса латыштардың да адымын аштырмайтыны анық.