Жарнама
Жарнама

“Қызыл сойқан”, “Голливуд” немесе жәй ғана “Юве”

10.08.2011, 00:47
Жарнама
Жарнама
Сөзін мың құбылтуға тырысқан комментатордың  Арсеналды «зеңбірекшілер», Ювентусты «қарт синьора», Челсиді «аристократтар» деп атағанын сан мәрте естіген шығарсыз.  Қарт құрлықтың қасқыр клубтарында  бүркеншік аттардың бірнешеуі бар. Іздену барысында футбол командаларына лақап ат берудің тарихы тым әріде жатқанын байқадым. Өкініштісі, Қазақстандық клубтардың «қосалқы» есімі әлі қалыптасып үлгермеген. Өткен ғасыр басталмай тұрып, қабырғалары қаланған футбол алыптарымен бізді салыстыруға әсте келмейтіні осы кезде есіме тарс ете қалды. Хош, бүгін Еуропалық клубтардың бүркеншік аттарымен таныстырып өтейін. Үлкен ойынның үлкен жанкүйері болмасаңыз да біле жүріңіз. Әңгімемнің әлқиссасын өзімнің «Манчестерімнен» бастасам деймін.  «Манчестер Юнайтедті» қысқа ғана «МЮ» деп атаушылар бар. Бірақ, команданың мойындалған лақап аты деп «Қызыл сойқандар» мен «Манкуниандықтарды» айтуға болады. Әуеліде «Манчестер Юнайтедті» жай ғана «қызылдар»  деп атайтын. Әйгілі бапкер Мэт Басби Францияға барған бір сапарында Сэлфордтық регби клубының қосалқы есіміне құда түсіп, өз командасына «қызыл сойқандар»  деген айдар тақты. «Ойыншыларым қарсыласты бүркеншік атымен де сескендіріп тұру керек!» деп кесіп айтқан көрінеді Басби сэр. Сондай ақ, 1958 жылы әуе апатынан 8 ойыншы қаза болғаннан кейін, «Манчестрдің» қаңқасын кіл жастар құрады. Осыдан соң «Басбидің сәбилері» деген лақап ат өзімен өзі шыға келді. Айтпақшы, «Манкуниандықтар» деген атауға «Манчестер Сити» клубының да құқы бар. Себебі, Манчестер қаласының бұрынғы атауы екі командаға да ортақ. Өз басым «Ман» деп қысқартып айтқанға қарсы емеспін. Туриндік «Ювентустың» лақап аты маған ерекше ұнайды. «Қарт синьора»! Бірақ шығу тарихын қанша ақтарсам да, көңілге қонатын деректі таба алмадым. Команданы студенттер құрған, латыншадан аударғанда «Ювентус» «жастық» деген мағынаға саяды. Ал, бүркеншік атында қартайтып тастаған.  Бір деректе 30-ы жылдары команданың эмблемасында  желпуіштің (веер) суреті бейнеленгендіктен осындай ат таңылды дейді. (Түсінсем бұйырмасын) Енді біреулері команданың аты жас болғанымен, заты шау тартып қалғандықтан деген ой айтады.(Жобаға келеді кішкене) «Өлтіргіш ханым» немесе «Италияның келіншегі» деп атасаңыз да қате емес. Егер мұның бәрі қиынға соқса, жәй ғана «Юве» дей салыңыз! «Реал» –  испан тілінен аударғанда «корольдік» деген  сөз. Бұл атауды басқа емес, Испан королі ХІІІ  Альфонстың өзі  ХХ ғасырдың  20-ы жылында клубқа тарту  еткен.  Футбол формаларының түсі ақ болғандықтан «Реалды» «сливочные» деп атайды. «Мадридтің Реалы» деген тіркесті де жиі еститінмін. (Әсіресе, «Хабар» арнасының спорт жаңалықтарында) Бірақ, бұл ныспыны ойлап тапқан ТМД аумағындағы жанкүйерлер мен журналистер. Испаниялық футболсүйерлер «Реалдың»  бұл бүркеншік атынан бейхабар екен. «Корольдік клубтың» жер бетіндегі футбол жұлдыздарын жиып алатыны бар ғой. Құрамында Зидан, Фигу, Бекхэм, Роналдолар доп тепкен кезде клубтың «Галактикос» деген тағы бір аты дүниеге келді. Бұл бүркеншіктердің қай – қасысы да Жозенің  командасына жарасып тұр меніңше. Енді бундескоманда «Баварияның»  бейресми есімдерін жаттап алыңыз. Команданың  жейдесі қызыл болғаннан кейін, «Қызылдар» деп атау әділетті.  Ал, Джованни Трапоттони тізгін ұстаған жылдары «Баварияның» аты «Голливудқа» айналып шыға келгені бар. Клуб басшылары мен ойыншылар бар өнерін алаңның сыртында көрсетіп баққасын, «Bild» таблоиды «Бавария» маңындағы ұрыс-керісті басты назарда ұстады. Ойын мен нәтиже жөнінде қалып, жаға жыртысқан футболшылардың суреті сары басылым беттеріне сән беріп тұрған кездер болатын. Осы себептен соң, жанкүйерлердің «Голливуд»  деп мысқылдауы да орынды шығар. Бундеслиганы 22 рет ұтып алған көшбасшыларға «Рекордшылар» атауының ере жүруін де заңдылық деп қабылдарсыз. Ағылшын премьер лигасы, Италияның «А» сериясы, Испандық  «Ла Лига» және неміс бундеслигасының басқа да грандтарының  бүркеншік аттары туралы тағы да жазуға уәде беремін, егер қызықты болса! Спортстан Ақырыстың блогы
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров