Әлем чемпионатынан соң, қуаныштары қойынға сыймай жүрген екі команданың жанкүйерлері бар. Әрине, біріншісі түсінікті. 12 жыл бойы күміс пен қоланы тағып жалыққан, осы жылы тілеулерін беріп жылтыраған сап-сары алтыннан алқа таққан неміс жанкүйерлері. Ал, екіншісі-"Манчестер Юнайтед" жанкүйерлері. Қуанатын жайт, былтыр көрінгеннің сынына ұшырап, сүлдері қалған "қызыл сойқандар" тізгініне Луи ван Гаалдың келуі. Бұл Голландиялық маманның әлем чемпионатындағы атқарған жұмысына қарап, бұл шешімнің дұрыстығына бір пайыз да шүбәланбайды. Ол кезекті рет, өзінің әлемдегі мықты жаттықтырушылардың бірі екенің, атақты сэр Алекспен бір қатарда тұра алатындығын дәлелдегендей.
26 жылын Олд Траффордқа арнаған, Алекс Фергюсон кеткен кезде, бұл маманның орнын жоқтатпайтын кім бар деген сұрақ тұрған. Ойға бірінші болып Жозе Моуриньо түскенімен, ол Манчестерге ат басын бұрмайды, оның жоспары басқа. Гвардиола ма деп едік, онымыз Мюнхенге кетті. Таңдау Мойесқа түсті. Мойестың бойында команда басшылары мен қоса сэрдың өзі де тұрақтылықты көрген еді. Сабырлық, еңбекқорлық. Осы қасиеттері үшін Мойес команданы тізгіндеген еді. Ал, "қызыл сойқандарды" жаттықтыру үшін бұл қасиеттер аздық етеді. Қайсар мінез керек. Мойестың бойында ондай мінез жоқ. Ал, ван Гаал бойында "Манчестер Юнайтед" жаттықтырушысына керек қасиеттердің бәрі бар. Оның атағы, бүкіл Манчестерге жетеді. Ван Гаал өзінің сенімділігін басқанынң бойына да қондыра алатын жандардың бірі. Тіпті, кейде қателескеннің өзіңде, ол бәрібір өз жолынан адаспайды. Шешімнің дұрыстығына өз-өзің сендіріп, алға қойған мақсаттан бас тартпайды.
Негізі, ван Гаалдың жаттықтырушылық жолы, ғұмыры қызық. Сәттілік пен сәтсіздік араласып жүреді. Ең бірінші жаттықтырған командасы-"Аякс". 6 жыл ішінде Эредивизионды, 3 мәрте Голландия суперкубогін жеңіп алады. Ең басты жетістігі Чемпиондар Лигасындағы жеңіс болатын. 18 жасар Патрик Клюверттың жалғыз голының арқасында финалда "Миланды" 1:0 есебімен тізе бүктіреді. Артынша Еуропаның суперкубогі мен құрлықтар арасындағы чемпионатты да жеңіп алады. Талай-талай жастардың бағын ашқан осы ван Гаал еді. Даңқты Патрик Клювертті, Зеедорф, Давидстарды әлемге таңытады. 1997 жылы 'Барселонаға" ауысады. 3 жылда екі рет Премьераны жеңеді. Ван Гаал кезіңде Барселоның ойыны жақсы еді, бірақ ойыншылармен, басшылықпен Испанияның бұқаралық ақпарат құралдарымен жанжал көбейіп ақыры аяғы 2000 жылы қуылып тынады. Сол жылы, Голландияны тізгіндейді. Сол кезді ең сітсіз кезеңі деп атасақ та болады. Жұлдызды ойыншылары жетерлік Голландия тіпті іріктеу кезеңінен өте алмай, 2002 жылғы әлем чемпионатына жолдамдан құр қалады. 2002 жылы "Барселонаға" екінші рет, Испания өзі үшін сәттілік әкелмейтініне көз жеткізу үшін келеді. 7-8 жыл бойы сең соққан балықтай сергелдеңге түскен ван Гаал 2005 жылы Голландияның ортаң қол командасы "Аз"-ды қолға алады. "Аякс", "Твенте", "ПСВ", "Фейонаард" секілді командалардың көлеңкесінде жүретін бұл клубты қажырлы еңбегінің арқасында 2009 жылы Голландияның чемпионы атағына дейін көтереді. Әрине, бұл еңбегі топ-клубтардың назарына ілікпеуі мүмкін емес еді. 2010 жылы "Баварияны" тізгіндеп, бірінші жылы-ақ ішкі біріншілікте дубль жасап, Чемпиондар Лигасында сол жылы дүркіреген Жозеның "Интеріне" финалда есе жібереді. Бірнеше жылдардан бері неміс еліңдегі чемпиондықты "Штутгарт", "Вольфсбург" секілді жарқ етіп жанып ортаң қол командаларға айналып кететін командаларға беріп қойып жүрген "Бавария" үшін бұл керемет нәтиже еді. Чемпиондар Лигасының финалына да 9 жылдан бері шықпап еді. Бұл нәтижелерге қарап, голландиялық маманның жақсы жұмыс атқарғанын көреміз. Дегенмен де, екінші жыл ван Гаал үшін сәтсіз өтеді. Заммермен, ойыншылармен жиі-жиі сөз таластырып, сол маусымның аяғына дейін жұмысын атқармай кетіп тынады. Аз уақыт тыныққаннан кейін, екінші рет Голландия құрамасының жаттықтырушысы болып тағайындалады.
Голландия іріктеу кезеңінде де, әлем чемпионатында да қалай ойын көрсеткенін білеміз. Шыны керек, бұл Голландиядан чемпионат алдында жақсы нәтиже күте қойған жоқ-тұғын. Ойыншылардың жасы келген, қорғаныс та осал, қақпашы да мықты емес дегендей. Шындығында сол немістердің қорғаныс өті мен, Голландияның қорғанысын салыстырыңыз. Немістердікін білеміз қандай екенің, ал ван Гаал командасының қорғанысындағы ойыншылардың бәрі "Аякс", "Фейонаард", "Псвдан" жасақталған. Ал, бұл клубтардың Еуропада бүгінгі таңда Чемпиондар Лигасының плей-офф кезеңінің деңгейіне жетe алмай жүргендер. Бірақ, ван Гаал нағыз бірлікті бірінші орынға қойатын команданы жасақтады. Мундиалға алып келген ойыншылардың бәрі өз көмегін тигізді. Шабуыл өтінде Снайдер, ван Персилер бар кезде орны қосалқы құрам деп болжанған, жасы 30 дан асып кеткен Кейтке алаңнан орын тауып бергенін қайтерсіз. Және тапқан орнын қараңыз, жасы келген ойыншыға бүкіл сол қанатты беріп қойды. Бұның өзі ван Гаал командасында ешкім де бостан бос уақыт өткізбейді дегенді білдіреді.
Әрине, ван Гаалдың жұмысына кедергі келтіруі мүмкін жағдай да жоқ емес. Бүгінгі таңға дейінгі жаттықтырушылық жолына қарасаңыз, ван Гаал кикілжіңнен кет әрі емес, мінезді адам екенің байқайсыз. Жұлдызды ойыншылармен кейбір жағдайда тіл табыса алмайды. Ешкім де командадан өзі биік қоя алмайды деген қағиданы мықтап ұстанған жан. "Барселонада" Ривальдомен, "Баварияда" Лука Тонимен келіспеушіліктерін білеміз. "Қызыл сойқандар" сапында ондай футболшы жоқ емес, бар. Уэйн Руни. Егер, ван Гаал ван Периді капитан етіп тағайындаса, Руни өз елімде жат болдым деп көптің басын ауыртуы мүмкін.
Ван Гаалдың мойынына жүктелген міндет әрі жауапты, әрі ауыр. "Қызыл сойқандардың" жанкүйерлері бірден нәтиже күтетіні белгілі. Былтырғы масқараны ұмытқысы келеді, "Манчестер Юнайтед" төртікке енбеді дегенге олар әлі де сенбейді. Сондықтан, ван Гаалға оңайға соқпасы белгілі. Ешқашан "гранд" деген тізімнен сызылмаған "Манчестер Юнайтедты" тірілтеді, дұрыс бағыт көрсетеді, жаңа дем, тыныс береді деп сенейік.
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ