Жарнама
Жарнама

Р.Ирматов: Өзбек және қазақ футболы ұлттарды достастырады

Өзбекстан футболының мақтанышы, әлемдік деңгейдегі төрешілердің бірі болған Равшан Ирматов өз мансабында бес бірдей әлем чемпионатында төрелік етіп, FIFA тарихында жаңа рекорд орнатқан болатын. Ал қазіргі таңда Өзбекстан футбол федерациясының вице-президенті қызметін атқаратын Равшан Ирматов елдегі футболдың дамуына үлкен үлес қосып жүр.

Жарнама
Жарнама

Dopmedia.kz тілшісі Өзбекстан астанасы Ташкентке арнайы барып, Өзбекстан футбол федерациясының вице-президенті Равшан Ирматовпен Қазақстан мен Өзбекстан футболы мен футзалына туралы тілдесті. Екі ел арасындағы ынтымақтастық, ұлттық құрамалардың жетістіктері мен жанкүйерлер арасындағы достық қарым-қатынас – сұқбаттың басты тақырыптары болды. Равшан Ирматовтың ойынша, бұл ынтымақтастық екі ел футболының алға қарай дамуына және халықаралық аренадағы жетістіктеріне негіз болмақ.

– Сіз Өзбекстанда өтіп жатқан футзалдан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасына шын жүректен жанкүйер болып, қолдау көрсеттіңіз. Бұған біз шексіз алғыс айтамыз. Сіз екі елдегі футзал деңгейін қалай бағалайсыз?

– Біріншіден, Қазақстан футбол федерациясына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Жаңа басшылық, атап айтқанда, біздің бауырымыз Әділет Назарбайұлы Барменқұлов келгелі бері футболды дамытуға деген көзқарастарымыз толық қайта қаралып, ортақ ұстанымдар табылып, өзара қарым-қатынасымыз жақсарды. Әртүрлі жастағы құрамалар арасында жолдастық матчтар ұйымдастырып, тіпті ұлттық құрамалар деңгейінде де кездестік. Бұл тек командалар үшін емес, бүкіл аймақтың футболы мен жанкүйерлер үшін үлкен жетістік. Өйткені жанкүйерлер бұл ойындарды жақсы көреді, оларды бұл ойындар әрқашан қызықтырады. Біз бір-бірімізден көп нәрсені үйреніп, әрқашан жақындаса түсеміз. 

Фото: Лионель Месси және FIFA деңгейіндегі төреші Равшан Ирматов

Естеріңізде болса, бұрындары «Пахтакор» мен «Қайрат» керемет дербилер көрсетіп, футболшылар мен жанкүйерлерге нағыз мереке сыйлайтын. Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде мұндай дербилер ұйымдастырылып жүр. Бұл – достықтың, бауырластықтың көрінісі. Біз жанкүйерлерге ұнайтын футболды көрсетіп жатырмыз. Қазақстан футбол федерациясына тағы бір рет алғыс айтамын. Олар УЕФА аясында түрлі семинарлар, конференциялар өткізіп, өзбек мамандарын да қонаққа шақырады. Біз де Өзбекстанда осындай іс-шаралар ұйымдастырып, тәжірибе алмасамыз. Осы ынтымақтастық футболымыздың дамуына оң ықпал етіп жатыр. 

Әсіресе, футзалдан Өзбекстанда өткен әлем чемпионаты кезінде біз осындай ойындарды сағынғанымызды байқадық. Қазақстандағы футзал туралы ерекше атап өткім келеді. Қазақстан – әлемдік деңгейдегі көшбасшылардың бірі. Қазақ жанкүйерлерінің ойынды қаншалықты жақсы көретінін байқадым. Матчтарда қазақ пен өзбек жанкүйерлері бір-біріне қолдау көрсетіп, бауырмалдықтың жарқын үлгісін көрсетті. Қазақстан құрамасы ойнағанда өзбек жанкүйерлері қолдап, Өзбекстан ойнағанда қазақ жанкүйерлері демеу білдірді. Бұл – футболдың бауырластыққа жетелейтінін көрсететін тарихи сәт болды.

– 2022 жылы сіз Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұловпен ортақ меморандумға қол қойдыңыздар. Қазіргі таңда бұл келісім қандай кезеңде тұр? Болашақтағы жоспарларыңыз қандай?

 Әділет Назарбайұлымен алғашқы кездесуден-ақ біздің ортақ мақсатымыз бар екенін түсіндік. Біз бірге дамуға, бір-бірімізге көмектесуге мүдделіміз. Осы мақсатта арнайы меморандумға қол қойылды, онда балалар футболынан бастап инфрақұрылымды дамыту, мамандарды жетілдіру, ұлттық құрама мен жолдастық ойындарды қамтитын барлық мәселелер көрсетілді. Көптеген меморандум қағазда ғана қалуы мүмкін, бірақ өзбек-қазақ меморандумы іс жүзінде орындалып жатыр. Мен бірнеше рет жастар құрамаларының матчтарына куә болдым, сондықтан футболдың екі елде де қарқынды дамып келе жатқанын анық айтқым келеді. Қазақстан футболы да тез дамып келеді. 

Фото: 2022 жыл. Өзбекстан футбол ассоциациясының вице-президенті Равшан Ирматов және Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов

Мен сіздерге құпия ретінде айтайын, мен сіздердің Еуро-2024 турнирінің іріктеу кезеңіндегі ойындарыңызды көріп, жанкүйер болдым. Қазақстан құрамасы Дания мен Финляндияны жеңгенде, мен сіздердің Еуропа чемпионатына жолдама алатындарыңызға сенімді болдым. Футболда бәрі алдын ала болжанбайды, бірақ бұл Қазақстанның дұрыс бағытта келе жатқанын көрсетеді.

– Сіздің ойыңызша, екі елдегі футболдың дамуына қандай факторлар ықпал етеді және қандай бағыттарға көбірек назар аудару қажет? 

– Футболдың дамуы бойынша арнайы бағдарламалар бар, оның ішінде бұл бағытта FIFA-ның техникалық департаменті маңызды рөл атқарады. Біз олармен тығыз жұмыс істейміз. Әрине, мемлекет қолдамаса, бұл мүмкін болмас еді. Біздің құрметті президентіміз футболды барынша қолдап отыр. Президенттің жарлығымен барлық аймақтарда жаңа академиялар ашылып, онда талантты жастарды тәрбиелеуде. Біз сондай-ақ ұлттық футбол орталығын құрып жатырмыз, онда барлық ұлттық құрамалар базасы орналасады. Бұл академиялар өзбек футболының мықты іргетасы болары сөзсіз. Алдағы уақытта Өзбекстан мен Қазақстан әлем чемпионатына шығып, жанкүйерлерін қуантатынына сенемін. Әрбір өзбекстандықтың арманы – ұлттық құраманы әлем чемпионатында көру. Бұл арманның ауылы алыс емес деп үміттенемін.

– Қазақстан мен Өзбекстан футболының болашақта даму перспективасы қандай?

 Футзалдан өткен әлем чемпионаты халықтарымыздың қаншалықты жақын екенін көрсетті. Біз тек дос немесе әріптес ғана емес, бауырмыз. Бірнеше жыл бұрын ұлттық құрамалар арасындағы турнирлер ұйымдастырылмай жүрді, өйткені Қазақстан УЕФА аясында, ал Өзбекстан Азияда ойнайтын. Бірақ енді бір-бірімізді жиі шақырып, турнирлер ұйымдастырудың уақыты келді деп ойлаймын. Біз Түркиядағы түркітілдес елдер арасындағы турнирде де бір-бірімізбен жиі кездесіп, тәжірибе алмасып, дамуға мүмкіндік аламыз. Болашақта Алматыда, Астанада, Ташкентте және басқа аймақта турнирлер өткізетін боламыз. Бұл тек жанкүйерлерге арналған футбол мерекесі ғана емес, біздің халықтарымыздың достығы мен ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға септігін тигізеді.

Сұхбаттасқан: Ахмет ҚАМШЫБЕК

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Материалда: