«Астана» қорғаушысы Урош Радакович «Жетісуға» (3:0) қарсы кездесудің қалай өрбігенін, чемпиондық тартыс және команда құрамына бейімделу барысы туралы пікірімен бөлісті.
- Ойындағы тіркелген ірі есепке қарамастан, кездесу оңай болған жоқ. Бізге бұл жеңіс өте қажет болды, біз өз кезегімізде оған қол жеткізе алдық!
- Команда құрамына толықтай бейімделіп үлгердім деп ойласыз ба?
- Иә, ол үшін мен команда мүшелеріне алғыс айтамын. Олар мені өте жақсы қабылдады, көп уақыт өткізбей-ақ бейімделіп кеттім.
- «Жетісуға» қарсы кездесуде Ненад Эрич алаңға шыққан жоқ. Бұл қорғанысқа өз әсерін берді ме?
- Ненад – біздің капитан, команда көшбасшысы, сондықтан онсыз бізге қиынырақ. Дегенмен, Дима жақсы қақпашы екенін тағы бір дәлелдеп, кешегі кездесуде бізді қауіпті сәттерде құтқара білді!
- Сізді команда сапына Билек шақырды, ал қазір командамен Эшуорт жұмыс жасап жатыр. Полдың қол астында жаттыққан қалай екен?
- Полдың «Астана» тізгінін ұстағанға дейін бапкерлік қызметте тәжірибесі жеткілікті деңгейде болды. Сондықтан да ол бізден не қажет екенін анық көрсете алды. Кез-келген бапкердің жұмысын нәтиже көрсетіп береді. Ал ол қазір бізде бар. Команда жеңіске жете бастады, чемпиондық талас жалғасуда. Бұл дегеніңіз команда және бапкер барлығын дұрыс жасап жатқанын көрсетеді.
- Чемпиондық талас туралы айтар болсақ, «Астана» «Қайраттан» 4 ұпайға қалып келе жатыр. Команда алматылық ұжымды қуып жете ала ма?
- Алда 10 ойын бар, сондай-ақ «Қайратқа» қарсы өткізетін екі кездесуде көп дүние шешілетін болады. Біз бірінші орынды иелену үшін қолдан келгеннің барлығын жасайтын боламыз.
Біздің серіктес: FONBET