Қазақстан құрамасы мен даниялық «Силькеборг» командасының жартылай қорғаушысы Рамазан Оразов Словенияға қарсы кездесу жайлы айтты.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Қазақстан сырт алаңда Словениямен жолығып, жауапсыз үш доп жіберген болатын. Бұл Ұлттар Лигасы аясындағы ойын еді.
«Бұл кездесу туралы не айтарымды да білмей тұрмын. Өзімізден мүлде басқаша ойын күткен едік. Бапкерлік құрамның тапсырмасын орындай алмадық. Дәл осындай жеңілісті қабылдау қиын. Меніңше, қателіктерді өзімізден іздеп, өткен ойынды сараптауымыз керек. Біз бүгін қателесуге болмайтын қарапайым тұстарда жиі қателік жібердік. Ал қарсылас бізді сол үшін жазалап отырды», - деді жартылай қорғаушы өткен ойындағы сәтсіздік туралы пікірін түйіндеп.
Айта кетейік, бұл Қазақстан құрамасының В лигасындағы екінші кездесуі болатын. Бірінші бәсекеде Станислав Черчесов жаттықтыратын қазақстандық футболшылар Алматыда Норвегиямен тең түсті (0:0).
Біздің серіктес: FONBET