Жарнама
Жарнама

Рауан Сариев: Басты жоспар – Еуропаға ауысу

27.08.2011, 23:17
Жарнама
Жарнама
Осыдан 2 жыл бұрын Қазақстаннан 25 жас жеткіншек Бразилияның «Оле Бразил Клаб» футбол академиясына оқуға аттанған болатын. 3 жылға жасалған келісімшарттың міне биыл соңғы маусымы. Осыдан бір айдай бұрын сол жеткіншектеріміз қатарында жақсы өнерімен көзге түсіп жүрген Рауан Сариев Бразилияның «Атлетико Минейро» клубымен 1 жылға келісімшартқа отырған болатын. Осы орайда біз Бразилия жерінде доп теуіп жүрген алғашқы қазақ жігітімен сұқбат жасаған болатынбыз. -         Рауан, Қазақстанды, еліңді сағынған боларсың? -         Иә, әрине сағынуын сағынамыз. Десе де, мұнда жүргенімізге көп болды. Бәріне де үйреніп келеміз. -         Үйренгенің жақсы. Әсіресе бразилиялықтардан футбол өнерін жақсылап меңгергенің дұрыс. -         Алғашқыда қиындау болғанымен, қазір мұндағы футболдың ағысына да бейімделіп алдық. -         Сені мындағы жұрт «Атлетикомен» 3 жылға келісімшартқа отырды деп жүр. Шындығын өз аузыңнан естісек. -         Менің келісімшартым 1 жылға жасалған. Демек бұл – келер жазға дейін осында боламын деген сөз. -         «Атлетико» жастар командасы өздерінің қатарластары арасында чемпионатқа қатысып жүрген ұжым. Осы біріншілікте қанша ойын өтті? -         «Атлетико» өткен маусымның чемпионы. Жастар арасындағы біріншілікте ешкімге дес бермейтін мықтылардың қатарынан екен. Үстіміздегі жылы чемпионаттың екі туры өтіп үлгерді. Біздің команда екеуінде де жеңіске жетті. Басы сәтті басталуда. -         Осы ойындарда сен алаңға шықпадың ба? -         Мен біріншілік бастала берген кезде жаттығуда жарақат алып қалдым. Қақпаға соққы бағыттайын деп жатқанда қорғаушы аяғын тосып қалып, сүйектерімді ауыртып алдым. Сәл ісіп, ауырсынып жүр. Бірақ аяғым 1-2 аптада қайтадан жазылады деген ойдамын. Содан кейін барып алаңға шығу жайлы әңгіме айтуға болар. -         Түп мақсатың сол жақтан Еуропаға ауысу шығар? Себебі бразилиялық аяқдопшылардың көбісінің тағдыры солай ғой. -         Иә, әлбетте. Менің де ойым осы. Мақсатым – Еуропаға келу. Осында жүріп ары қарай дамуға мүмкіндік аламын. Жақсы бір ұжымға ауысуды көздеп жүрмін. -         Мысалға алар болсақ, «кәрі құрлықтың» қай командасына ауысқын келетін еді? -         Айта берсе көп қой. Еуропада жақсы ұжымдар жеткілікті. Басшыларымен, бапкерлерімен келісімге келу керек. -         Сенің жеке агентің қай ұлттың өкілі? -         Фабрисио Занелло есімді бразилиялық азамат. Ол кісі Бразилияда танымал тұлға. Еуропада бельгиялық «Андерлехт» пен Донецкінің «Шахтер» клубтарымен жақсы қарым қатынаста екен. Соған қарағанда, осы екі ұжымның біріне барып қалуым ғажап емес. -         Занеллоның сенің алдыңдағы ойыншылары қандай клубтарда өнер көрсетеді екен? -         Бразилияның белді ұжымдарында жүрген ойыншылары жеткілікті. Бір ойыншысы «Андерлехтте» өнер көрсетуде. Сосын Швейцарияда да бар. -         Ал, сен өнер көрсететін «Атлетиконың» негізгі командасында танымал жұлдыздардан кімдер бар? -         Бұрындары «ЦСКА» сапында ойнаған Даниэль Карвальо, Гилермо, Обинна секілді танымал футболшылар бар. Сонымен қатар, қазір біздің ұжымға «Интер» сапында ойнаған Майкон кегіншектеп жүр. -         Жастар ішінен ойыншыларды негізгі командаға алатын бас бапкердің есімі кім? -         «Атлетиконың» бас бапкері – Куку. Барлық сұрақтарды сол кісі ғана шешеді. -         Қыста Қазақстанға келген кезде осындағы құрдастарыңмен жолдастық кездесу өткіздіңдер. Отанда жүрген ойыншылардың деңгейін қалай бағалап кеттің? -         Қазақстанда жүрген құрдастарымыздың да деңгейі өте жақсы екен. Әдемі ойын көрсетуге тырысты. Әйтеуір түбінде 3:2 есебімен жеңіп кеттік. Дегенмен, ол кезде қыс етін. Ауа-райы қолайсыз болды. Ондай жағдайды да ескерген жөн. -         Жақын арада отанға келу жоспарда бар ма? «Оле Бразил Клабта» жаттығып жатқандар елге қашан оралмақ? -         Олардың келісімшарттары осыжелтоқсан айында бітеді. Сосын елге оралады. Мен де осы аралықта қыс айларының бірінде Қазақстанға барып қайтсам деп жоспарлап отырмын. -         Сұқбатыңа рахмет, алдағы уақытта тек сәттілік жолдас болсын саған! -         Рахмет! Әңгімелескен – Ермұхамед МӘУЛЕН
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров