Жарнама
Жарнама

Рауан САРИЕВ: Бразилияда футболға көзқарас өзгеше!

03.10.2011, 19:59
Жарнама
Жарнама

Білетін шығарсыздар, әлем чемпионатының алтын медалін бес рет алған бір ғана мемлекет – Бразилия. Футболды ағылшындар ойлап тапты дегеніңізбен, ала допты аяғында ойнататын таланттарға, әрине, пентакампеондар да кенде емес. Жақында осы елдің белгілі футбол клубы – «Атлетико Минейро» 17 жасар қазақ өренін өздеріне аттай қалап алдырды. Бразилиялықтармен келісім-шарт жасасқан талдықорғандық «Жетісу» футбол клубының түлегі – Рауан Сариевке «Жақсы» ұлттық порталының тілшісі бірнеше сауал қойды.

– Рауан, қазақ жанкүйерлеріне өзіңді таныстыра кетсең, қай өңірде туып-өстің?

– Алматы облысы, Ескелді ауданы, Бақтыбай ауылында өмірге келдім. Талдықорған қаласында орта мектепте білім алдым. Әкем диқаншылықпен айналысады. Ал анам облыстық әкімшілікте қызмет атқарады. Інім Саят та – футболшы. Жанкүйерлер білетін шығар, Талдықорғанның «Жетісу» футбол клубында өнер көрсетеді. Қазақстанның жастар құрамасына да шақырылып жүр.

– Бразилиялық клубтың назарына қайдан ілігіп жүрсің?

– Мен балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту жөніндегі Қазақстан мен Бразилия футбол одақтарының келісіміне сәйкес, «Оле Бразил Клаб» футбол академиясына шақырылған жас футболшылардың қатарында болдым ғой. Шамасы, сол академияда «Атлетико Минейро» скауттарының назарына іліксем керек.

– Осы «Оле Бразил Клаб» бағдарламасы бойынша оқығандардың көбі бай-бағландардың баласы дейді. Рас па?

– Бұл пікіріңізбен келіспеймін. Бәлкім, арасында бар да шығар. Бірақ мен көрген жігіттердің бәрі – кәдімгідей футболмен ауыратын, оны жан-тәнімен сүйетін балалар. Мысалы, кедейліктен Құдай сақтасын, бірақ менің әке-шешемді керемет бай деп айтуға болмайтын шығар.

– Бразилияда бізбен салыстырғанда футболға деген ықылас тіпті ыстық шығар? – Мұнда бір үйде ұл бала өмірге келсе, ол үйге келген қонақтар міндетті түрде доп сыйлайды. Арғы жағын өзіңіз ойлай беріңіз. – Футболшылардың жаттығуларында, тамақтануында өзгешеліктер бар ма?

– Әрине, бар. Жалпы мұнда футболға деген көзқарас тіпті өзгеше! Жаттығуда әрбір қимылға мән береді. Күн сайын 5 сағат жаттығамыз. Төккен терім еш кетіп жатқан жоқ сияқты. Бапкерлерімнің айтуынша, менің доппен жұмыс істеу техникам біршама жақсарыпты, соққыларым да барған сайын мығым боп келе жатқандай. Сосын бір байқағаным, бұрын Бразилия футболы көбіне жылдам пас, жекелеген ойыншылардың шеберлігіне, дриблингке көп иек артатын. Қазір олай емес. Былтырғы әлем чемионатында бразилиялықтардың бас бапкері болған Дунганы «тым еуропалық футбол ойнайды» деп жазғырғанын білетін шығарсыздар. Қазір расында да бразилиялық бапкерлер тактикаға аса көп мән береді.

Ал тамақ жағы біздікімен салыстырғанда тіпті басқаша. Дәрігерлер жақсы тамақтанғанымызды қатты қадағалайды. – Өзің қай футболшыны жақсы көресің, кімге еліктейсің?

– Бразилиялық екі дүркін әлем чемпионы Роналдоға еліктеп өстім. Қазір әлемдегі бүкіл ірі футбол клубтарының көз құрты боп жүрген «Сантостың» шабуылшысы Неймардың ойынын жіті қадағалаймын. «Челсидің» (Англия) сұрмергені Дидье Дрогбаның ойын мәнері де ұнайды. Егер кейін Алла жазып, мүмкіндік болып жатса, Италияның «Миланында» өнер көрсеткім келеді.

Ал өзіміздің футболшыларға келсек, Самат Сымақов пен Серікжан Мұжықовты бағалаймын. Олар – нағыз кәсіби футболшылар. – Сен жақсы көретін «Миланның» басты қарсыласы – «Интердің» (Милан, Италия) бұрынғы ойыншысы Амантину Манчини қазір сенің командаласың ғой. Тілдесуге мүмкіндік болды ма?

– Әрине! Манчини – жақсы азамат және тамаша футболшы. Жақында бір жаттығуда бірге доппен жұмыс істедік. Сондай-ақ кезінде Мәскеудің «ЦСКА»-сында ойнаған Даниэл Карвальюмен де достасып алдым. Даниэлден «орысша білесің бе?» деп сұрап көріп едім, орыс тілінде «иә, аздап» деп жауап берді. Бұл жігіттерден көп нәрсе үйренуге болады.

– Қазақстан құрамасының ойындарын көріп тұрасың ба?

– Шынымды айтсам, жоқ. Өйткені, мұнда ондай мүмкіндік те жоқ. Бірақ ұлттық құраманың да, жастар құрамасының да ойындарынан қолға түскенін интернеттен тауып алып, қарадым. Абзал Бейсебековтың Румыния қақпасына қырық метрден соққан суперголын ұялы телефоныма көшіріп алып, командадағы жігіттерге де көрсеттім. Олар да қазақ футболы жайлы біле берсін.

– Азаматтық беріп, Бразилия құрамасына шақырып жатса, келісесің бе?

– Жоға, о не дегеніңіз?! Мен қазақ боп тудым, қазақ боп өлемін. Туған-туыстан жырақтап, басқа құрлықта жүргендегі мақсатым – сол дейсіз бе? Менің қолымнан келетіні доп тебу екен, ендеше, қазақ футболының дамуына өз үлесімді қоссам деймін. Туған жерді аздап сағынып та жүрмін. Бразилияға келген екі жарым жылдан бері небары екі-ақ рет ауылға бардым. Бірақ туыстарыммен, бұрын бірге ойнаған жігіттермен байланысым үзілген жоқ. Күн сайын әлеуметтік желілер ақылы хабарласып тұрамын. Әлемнің қай түкпірінде болсам да, мен жан-жүрегіммен Қазақстандамын!

© Ерлан ӘБДІРҰЛЫ

http://www.jaqsy.kz/story/469

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Келесі жаңалық
30-тур