Мадридтік "Реалдың" базасында жағдай ушығып тұр. Маусым бойы жиналған шиеленіс соңы үлкен жанжалға ұласты. Команданың екі белді жартылай қорғаушысы — Федерико Вальверде мен Орельен Тчуамени арасындағы текетірес жұдырықтасуға дейін барып, соңы Вальверденің ауруханаға түсуімен аяқталды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Жанжал қалай басталды?
Сейсенбі және сәрсенбі күндері Вальдебебас жаттығу базасында екі ойыншы арасындағы араздық анық байқалған. Onda Cero басылымының хабарлауынша, Вальверде жаттығу кезінде әріптесіне қарсы бір емес, үш рет қасақана жарақат салу мақсатында дөрекі тәсіл қолданған. Ал бейсенбі күні Феде тіпті Тчуаменидің қолын алудан бас тартқан.
Нәтижесінде, киім ауыстыру бөлмесіндегі айқай-шу төбелеске ұласып, Вальверде байқаусызда үстелге басын соғып алған. Дәрігерлер оған ми жарақаты деген диагноз қойып, жарақатын тігуге мәжбүр болды.
Вальверденің мәлімдемесі: "Бұл — жиналып қалған эмоцияның салдары"
Жанжалдан кейін Федерико Вальверде Instagram парақшасында жанкүйерлерге түсініктеме берді. Ол Тчуаменимен төбелескенін жоққа шығарғанымен, жағдайдың ушығып тұрғанын жасырмады:
“Байқаусызда үстелге соғылып, маңдайымды тіліп алдым. Біз бір-бірімізді ұрған жоқпыз. Бірақ бұл — мағынасыз төбелес екені рас. Маған өте ауыр, өйткені бұл оқиға "Реал Мадрид" секілді ұлы клубтың абыройына нұқсан келтіреді."
Араздықтың түп-тамыры қайда жатыр?
Бұл тек бір күндік ашу емес. El Pais басылымының жазуынша, Вальверденің наразылығы қыркүйек айындағы "Қайратқа” қарсы ойыннан басталған. Сол кездегі бапкер Хаби Алонсо Вальвердені оң қанаттағы қорғанысқа қойғаны үшін футболшы баспасөз бетінде шағымданып, кейін жаттығудан бас тартқан болатын.
Сонымен қатар, команданың Килиан Мбаппеге иек артуы да Вальверденің еркін ойнауына кедергі келтіріп жүрген көрінеді. Статистикаға сүйенсек, Мбаппе жарақат алып, алаңға шықпаған кезде Вальверде 5 ойында 6 гол соғып, үздік нәтиже көрсеткен.
Ойыншыларды қандай жаза күтіп тұр?
Клуб басшылығы бұл жағдайды ауыр тәртіп бұзушылық деп бағалап отыр. Екі ойыншыға да қатысты келесі шаралар қолданылмақ:
– Айыппұл: Бір айлық жалақының 25 пайызынан айырылу.
– Шеттету: 30 күнге дейін жаттығулар мен ойындардан шеттетілу.
– Капитандық мәртебе: Вальверденің вице-капитандық міндетінен айырылу қаупі бар.
Ең бастысы — Вальверде де, Тчуамени де алдағы жексенбіде өтетін "Эль-Класикоға” қатыспайды.
Қорытынды
"Реал Мадрид” киім ауыстыру бөлмесіндегі түсініспеушілік тек екі ойыншымен шектелмейді. Мбаппе, Карвахаль және Рюдигер, Каррерас арасында да кикілжіңдер жиілеп кеткен. Бапкер Альваро Арбелоа мен ойыншылар арасындағы байланыстың үзілуі — патшалық клубтың соңғы жылдардағы ең үлкен дағдарысы болып тұр.
Біздің серіктес: FONBET