Жарнама
Жарнама

«Реал Мадрид» - «Ливерпуль»: Қалқанқұлақ кубок кімге бұйырады?

28.05.2022, 06:52
Еуропаның қос алыбы финалда үшінші мәрте кездескелі отыр. «Ливерпуль» төрт жыл бұрын кеткен есесін қайтара ала ма?
Жарнама
Жарнама

28 мамырдан 29-на қараған түні футбол сүйер қауымның бар назары Чемпиондар лигасының финалына ауады. Ақтық сында англиялық «Ливерпуль» мен испаниялық «Реал Мадрид» кездесіп, қалқанқұлақ кубокті сарапқа салатын болады.

Қос команда арасындағы төрт жыл бұрынғы текетірес

Жартылай финалда «Ливерпуль» «Вильярреалдан» айласын асырды. Ол кезде «қызылдардың» қарсыласы кім болатыны әлі белгісіз еді, сондықтан Мохамед Салахтан ойыннан кейін қалауы туралы сұралды. Мұндай жағдайда ойыншылар: «Қарсыластың екеуі де күшті, кез келген жағдайда бізді қиын матч күтіп тұр» деп жауап беруші еді, мысырлық футболшы өйтпеді. Ол: «Шынымды айтайын. Мен «Реал Мадридке» қарсы ойнағым келеді, өйткені біз төрт жыл бұрынғы финалда олардан жеңіліп қалдық», - деді.

Бұл әңгімесі аз болғандай, Салах мадридтіктер «Манчестер Ситиді» жеңгеннен кейін әлеуметтік желіде: «Біз есептесуіміз керек» деп жазды. Бір-екі күннен кейін берген сұхбатында: «2018 жылдың финалы біз үшін қайғылы күн болды. Кек алатын уақыт келді», - деп мәлімдеме жасады.


«Реалмен» Киевте өткен ойын үш нәрсемен есте қалды. Біріншісі - «Ливерпуль» қақпашысы Лорис Кариустың өрескел қателіктері. Екіншіci – Бэйлдің қайшылап тұрып гол соғуы. Ал үшіншісі - Салахтың бірінші таймда жарақат алуы. Мысырлық шабуылшы Серхио Рамоспен болған арпалыс кезінде иығынан ауыр жарақат алып, 30-минутта көз жасын тыя алмай, алаңнан кетті. Бір жылдан кейін мерсисайдтық клуб ақыры дегеніне жетіп, Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Бірақ бұл жеңіс Салахқа Киевтегі финалды ұмытуға көмектеспеді.

Жалпы, қос команда кәрі құрлықтың басты додасында 8 мәрте ұшырасқан екен. Оның үшеуінде «Ливерпульдің», төртеуінде «Реалдың» мерейі үстем болған:

«Ливерпуль» - «Реал» - 1:0

Финал, 27.05.1981

«Реал» - «Ливерпуль» - 0:1

1/8 финалдағы алғашқы матч, 25.02.2009

«Ливерпуль» - «Реал» - 4:0

1/8 финалдағы жауапты матч, 10.03.2009

«Ливерпуль» - «Реал» - 0:3

Топтық кезең, 22.10.2014

«Реал» - «Ливерпуль» - 1:0

Топтық кезең, 04.11.2014

«Реал» - «Ливерпуль» - 3:1

Финал, 26.05.2018

«Реал» - «Ливерпуль» - 3:1 

1/4 финалдағы алғашқы матч, 06.04.2021

«Ливерпуль» - «Реал» - 0:0 

1/4 финалдағы жауапты матч, 14.04.2021

Кәрімнің ұлылығы

«Ливерпульдің» көшбасшысына айналған Салах финалды өткізіп алуы мүмкін еді - ол Англия кубогінің ақтық сынында «Челсимен» болған ойында жарақат алды, бірақ тез қалпына келді, тіпті «Вулверхемптонмен» болған соңғы тур матчында гол соқты. Сондықтан, египеттік футболшы алдағы ойынға толықтай дайын.

«Реал Мадрид» көшбасшысы Кәрім Бенземаның да бұл матчқа деген көзқарасы мен дайындығы ерекше. Биыл француз футболшысы Чемпиондар лигасында көпті өз ойынымен тәнті етуде: ПСЖ-ға үш гол, «Челсиге» төрт, «Манчестер Ситиге» тағы үш гол соқты. Бензема биылғы жылы алғаш рет маусымның соңында берілетін «Алтын допқа» айқын үміткер болып есептелуде. Сонымен қатар Кәрімге Чемпиондар лигасының бір маусымында ең көп гол соққан Криштиану Роналдудың рекордын қайталау үшін екі гол соғу қажет (17). Шабуылшының плей-офф кезеңіндегі қарқынына қарасақ, бұл оның қолынан келетін секілді.


«Роналдудың Чемпиондар лигасындағы рекорды? Рекорд деген бұзу үшін орнатылады. Мен үшін ең бастысы – алаңда барымды салып, командамның жеңіске жетуіне көмектесу. Гол соғып немесе ассист жасап жатсаңыз, әрине, бұл көңіл қуартады. Бірақ жеңіс әрқашан бірінші орында тұруы қажет», - деді Бензема.

Қос команданың финалға дейінгі жүріп өткен жолдары

Жалпы, Чемпиондар лигасының финалына «Реал Мадрид» күтпеген жерден шығып кетті. Корольдік клуб бастапқыда турнирдің фавориті саналмады, плей-офф кезеңінде олар азуын айға білеген ПСЖ, «Челси» және «Манчестер Сити» секілді командалармен күш сынасты. Анчелотти шәкірттері тек қарымта матчтарда мінез көрсетіп, футбол жанкүйерлеріне ғаламат эмоция сыйлады.


Ал «Ливерпуль» керісінше көп қиындық көрген жоқ. Клопп командасы плей-офф кезеңінде «Интер», «Бенфика» және «Вильярреалмен» кездесті және әрбір текетірестің бірінші матчында «Ливерпуль» екі гол айырмашылығымен жеңіп, келесі кезеңге өту мүмкіндігін арттырып отырды. Яғни, «қызылдар» салыстырмалы түрде «Реал» секілді көп күш жұмсаған жоқ.


Ертең тактикалық шайқас болғалы тұр

Осыдан 17 жыл бұрын Стамбулда Чемпиондар лигасының финалы өтті, онда «Ливерпуль» 0:3 есебімен ұтылып жатып, жеңісті жұлып әкетті. Сол кездегі қарсылас кім болғанын білесіз бе? Карло Анчелотти баптайтын «Милан» командасы. Сондықтан Салах секілді италиялық маман да ертең есеп айырысуға тырысып бағады.

«Өзім қатысқан финалдардан жақсы естеліктер қалды. Мен 2005 жылы «Ливерпульден» жеңіліп қалдым, бірақ сол кезде менің командам керемет ойын өрнегін көрсете білді. Бізде ертеңгі ойынға дайындалуға уақыт жеткілікті болды, трофей жеңіп алатын керемет мүмкіндігіміз бар. Сондықтан барымызды саламыз, мұның жеңіс үшін қаншалықты жеткілікті болатынын көре жатармыз. Футболда түрлі нәрселер болып жатады. «Ливерпуль» жылдам ойнауға тырысады, оларда шебер ойыншылар көп. Қарсылас команда өз ойынын, ал біз өз футболымызды көрсетеміз. Кім мықты, сол жеңеді», - деді Карло баспасөз мәслихатында.


Қос команда да 4-3-3 схемасын пайдаланады. Ертең бар жүк қос команданың қорғаушыларына артылайын деп тұр. «Ливерпуль» қорғаушыларына Винисиус пен Бенземаны, ал «Ливерпульдің» қорғаушыларына Салах, Мане, Диасты тұсап ұстау керек. Мерсисайдтық клубтың қос қапталында өнер көрсететін Александр-Арнольд пен Энди Робертсонге шабуылға ойланып шығу керек. Әсіресе, Трентке. Себебі оның қапталында желаяқ Винисиус ойнайды. Ал мадридтік клуб қос қапталды Ферлан Менди мен Дани Карвахальға сеніп тапсырады. «Ливерпульде» әлемнің ең үздік қорғаушысы саналатын ван Дейк пен тәжірибелі Матип, ал «Реалда» көпті көрген Алаба мен жас та болса командаға бас боп жүрген Эдер Милитао бар. Екі клубта да Кариус секілді әлсіз қақпашы жоқ. Орталық алаңда Тиаго мен Модрич дейтін пас тарататын ойыншылар бар. Ал қорғанысына тіреуіш жартылай қорғаушылар Каземиро мен Фабиньо көмектеседі. Сондықтан ертең Еуропаның қос алыбы нағыз финалға лайықты футбол көрсетеді деп сенеміз.

Өз кезегінде Клопп ойынның соңғы бөлігінде сақ болуы керек. Өйткені «Реал Мадридтің» қосалқы құрамында Камавинга, Родриго, Васкес секілді матч тағдырын шешіп кететін футболшылар бар. 

«Кімнің фаворит екенін білмеймін. Тәжірибесі көп болғандықтан, басымдықты «Реалға» беремін. Біз мұндай тәжірибені сатып ала алмаймыз, бірақ соңғы бес жылда үш рет финалға шығу керемет көрсеткіш. Біздің олармен бір деңгейде болғанымызды қалаймын. Бар күшімізді салсақ, бізге қарсы ойнау өте қиын болады», - деді Юрген Клопп.


Айта кетейік, ертеңгі ойынға 40 жастағы француз төрешісі Клеман Тюрпен қазылық етеді.


Жарнама
Жарнама

Новости партнеров