Николя Анелька (Франция, орталық шабуылшы)
«Пари Сен-Жермендегі» статистика (1994-1997, 2000-2002): 69 матч, 19 гол, 2 нәтижелі пас
Жеңген трофейі: Интертото кубогі (2000/01)
«Реал Мадридтегі» статистика (1999/00 маусымы): 33 матч, 7 гол, 6 нәтижелі пас
Жеңген трофейі: Чемпиондар лигасы (1999/00)
Бір кездері Николья Анелька болашағынан зор үміт күттіретін талант ретінде бағаланған еді. Аты аңызға айналған «Клэрфонтеннің» түлегі кәсіби мансабындағы алғашқы қадамдарын ПСЖ-да жасады және тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында жасындай жарқылдады. Бірақ көп ұзамай лондондық «Арсеналға» ауысып, атақ-абыройын арттыра бастады және топ клубтардың назарын өзіне аудартты.
Нәтижесінде 1999 жылы «Реал» шабуылшы үшін 35 миллион еуро ұсынды. Француз мұндай ақшаға сай болды ма? Қағаз жүзінде солай болғанымен, іс жүзінде мүлдем сай болмады. Анелька мадридтік клубта жұлдыз ауруына ұшырап, Висенте Дель Боскемен тіл табыса алмады.
33 матчта 7 гол соғып, 6 нәтижелі пас берді. Бұл «Реал Мадрид» күткен нәтиже емес еді. Бірақ «Бавария» қақпасына соққан голы корольдік команданы Чемпиондар лигасының финалына шығарды.
Бір жылдан кейін Анелька ПСЖ-ға оралды, онда француз шабуылшысы мансабын қайта жандандырып, кейінірек Тұманды Альбионға қоныс аударды.
Клод Макелеле (Франция, артқы жартылай қорғаушы)
«Реал Мадридтегі» статистика (2000-2003): 145 матч, 2 гол, 7 нәтижелі пас
Жеңген трофейлері: Ла Лига (2000/01, 2002/03), Испания Суперкубогі (2001, 2003), Чемпиондар лигасы (2001/02), Еуропа Суперкубогі (2002).
«Пари Сен-Жермендегі» статистика (2008-2011): 118 матч, 1 гол, 4 нәтижелі пас
Жеңген трофейі: Франция кубогі (2009/10)
2003 жылы Флорентино Перес Клод Макелеледен бас тартып, үлкен қателік жасады. Себебі мадридтік клубтың әр ойынында қара жұмысты дәл осы футболшы жасайтын еді. Керемет ойын өрнегін көрстетіп жүрген жартылай қорғаушы жалақысын көтеруді талап етті, бірақ клуб президенті оның ұсынысын қабылдамай, Клодтың «Челсиге» кетуіне рұқсат берді. «Реал Мадрид» осы жағдайдан кейін оны лайықты түрде алмастыратын футболшыны көп уақыт іздеуге мәжбүр болды.
ПСЖ Макелелені мансабын аяқтар тұста, тіпті шейхтер пайда болғанға дейін алды. Титулдарға келетін болсақ, жартылай қорғаушы бұл командада көп атаққа ие болған жоқ, бірақ жанкүйерлер тарапынан қолдау тапты.
Дэвид Бекхэм (Англия, шабуылдаушы жартылай қорғаушы)
«Реал Мадридтегі» статистика: 159 матч, 20 гол, 51 нәтижелі пас
Жеңген трофейлері: Ла Лига (2006/07), Испания Суперкубогі (2003)
«Пари Сен-Жермендегі» статистика: 14 матч, 2 нәтижелі пас
Жеңген трофейі: Лига 1 (2012/13)
Дэвид Бекхэм «Сантьяго Бернабеуде» сәтсіздікке ұшырады деген пікірлер көп айтылады. Ия, жартылай қорғаушы «Манчестер Юнайтедтегідей» ойнай алмады, бірақ Испаниядағы статистикасы жаман болмады.
Жалпы, ағылшын футболшысы стандарттарды тамаша орындап, кейде ойға келмейтін нәрселерді жасады. Бірақ «галактикостың» басқа өкілдері арасындағы бәсекелестіктің күшеюіне байланысты оның жасаған еңбегі көрінбей жатты.
Дэвид ПСЖ-ға мансабының соңында келді, небәрі 14 матчқа қатысып, Франция чемпионы атанды
Анхель Ди Мария (Аргентина, оң қанаттағы вингер)
«Реал Мадридтегі» статистика (2010-2014): 190 матч, 36 гол, 85 нәтижелі пас
Жеңген трофейлері: Ла Лига (2011/12), Испания кубогі (2010/11, 2013/14), Испания Суперкубогі (2012), Чемпиондар лигасы (2013/14), УЕФА Суперкубогі (2014)
«Пари Сен-Жермендегі» статистика (2015 жылдан қазіргі уақытқа дейін): 284 матч, 91 гол, 115 нәтижелі пас
Жеңіп алған трофейлері: Лига 1 (2015/16, 2017/2018, 2018/19, 2019/20), Франция кубогі (2015/16, 2016/17, 2017/18, 2019/20, 2020/21), Франция Лига кубогі (2015/16, 2016/17, 2017/18), Франция суперкубогі (2016, 2017, 2018, 2019, 2020)
Анхель Ди Мария Криштиану Роналду, Кәрім Бензема және Месут Озилді тамаша толықтырды. Аргентиналықтың сол аяғымен берген пастары жанкүйерлерді тәнті етті. Ол ойынды керемет түсіне білді және лайықты түрде киім ауыстыру бөлмесіндегі көшбасшылардың біріне айналды.
Гарет Бэйлдің пайда болуымен Ди Марияның командадағы жағдайы күрт өзгерді. Және бұл жерде Анхельдің еш кінәсі жоқ. Перес клубқа жаңа және өте қымбат ойыншыны әкеліп, соны ойнатуды тапсырды.
Көп ұзамай Ди Мария «Манчестер Юнайтедке» ауысты. Ол Англияда да өзін көрсете білді, бірақ Луи ван Гал сияқты бапкермен жұмыс істей алмағандықтан, Парижге қоныс аударды.
Месси, Неймар, Мбаппе – дәл осы үштікті француздар ПСЖ-ның шабуылдағы негізгі ойыншылары деп біледі. Бірақ Ди Мария ешкімнен кем емес және әлі күнге дейін тамаша ойын өрнегін көрсетуде.
Кейлор Навас (Коста-Рика, қақпашы)
«Реал Мадридтегі» статистика (2014-2019): 162 матч, 159 доп жіберіп алған, 52 ойында қақпасын голдан аман сақтаған
Жеңген трофейлері: Ла Лига (2016/17), Испания Суперкубогі (2017), Чемпиондар лигасы (2015/16, 2016/17, 2017/18), УЕФА Суперкубогі (2014, 2017), клубтар арасындағы әлем чемпионаты (2014, 2016 , 2017 , 2018)
«Пари Сен-Жермендегі» статистика (2019 жылдан қазіргі уақытқа дейін): 99 матч, 79 доп жіберіп алған, 46 матчта қақпасын голдан аман сақтаған
Жеңген трофейлері: Лига 1 (2019/20), Франция кубогі (2019/20, 2020/21), Франция Лига кубогі (2019/20), Франция Суперкубогі (2020)
Көптеген «Реал Мадрид» жанкүйерлері үшін Икер Касильяс ұзақ уақыт бойы негізгі қақпашы болып саналды. Дегенмен, Кейлор Навас испаниялыққа қойылған талаптарды орындап, негізгі құрамнан ойып тұрып орын алды. Үш Чемпиондар лигасын қатарынан ұтуы бұған дәлел.
Көңіл қалдыратын жалғыз нәрсе – «Реал Мадридтің» Коста-Рика елінің қақпашысына жасаған әрекетінде. 2014 жылы Флорентино Перес Икерден құтылды, 2019 жылы дәл осындай жағдайды Кейлор да басынан өткерді. Бельгиялық қақпашы Тибо Куртуа оның негізгі құрамдағы орнын тартып алды. Ал Кейлордың «Пари Сен-Жерменге» кетуі Зинедин Зиданның көңілін қалдырды.
Айта кету керек, Навас Парижде өзін жақсы сезінуде. Мүмкін Джанлуиджи Доннарумма тарапынан туындаған бәсекелестік бар шығар, бірақ жалпы алғанда, қақпашы Маурисио Почеттино үшін бірінші нұсқа болып саналады.
Серхио Рамос (Испания, орталық қорғаушы)
«Реал Мадридтегі» статистика (2005-2021): 671 матч, 101 гол, 40 нәтижелі пас
Жеңген трофейлері: Ла Лига (2006/07, 2007/08, 2011/12, 2016/17, 2019/20), Испания кубогі (2010/11, 2013/14), Испания Суперкубогі (2008, 2012, 2017, 2019/20), Чемпиондар лигасы (2013/14, 2015/16, 2016/17, 2017/18), УЕФА Суперкубогі (2014, 2016, 2017), клубтар арасындағы әлем чемпионаты (2014, 2016, 2017, 2018)
«Пари Сен-Жермендегі» статистика (2021 жылдан қазіргі уақытқа дейін): 5 матч, 1 гол
Жеңген трофейі: -
Рамос өз ісін тиянақты атқаратын орталық қорғаушы. Иә, дөрекі және ашушаң шығар. Бірақ бұл көшбасшының бойынан табылатын негізгі қасиеттер. Естеріңізде болса, 2014 және 2016 жылғы Чемпиондар лигасының финалында орталық қорғаушының жалғыз өзі-ақ ойын барысын өзгертіп жіберген болатын.
Өкінішке орай, Парижде Рамос дұрыс ойнай алмауда. Барлығы дебютті бұзған ұзақ жарақатына байланысты болды. Газеттер тіпті футболшының «Пари Сен-Жерменнен» кететінін жарыса жазып жатты. Испаниялық қорғаушы енді ғана Почеттиноның ойын стиліне сіңісуде.
Қос командада да доп тепкен тағы кімдер бар?
Біз тек екі команданың намысын қорғаған атақты футболшыларды ғана теріп жаздық. Бұлардан бөлек, Габриэль Хайнце, Лассана Диарра, Хесе Родригес, Альфонсо Ареола секілді ойыншылар да ертең ширек финалдық жолдаманы сарапқа салатын командаларда өнер көрсеткен.
Біздің серіктес: FONBET