Өткен түнде "Камп Ноуда" Испания Суперкубогының алғашқы кездесуі өтті. Кубоктың иегері "Барса" ел чемпионы "Реалды" қабылдап, 1:3 есебімен есе жіберді. Ойын көпшілік күткендей қызықты, әрі тартысқа толы болды. Матчтың бірінші бөлігін, сақ ойнаған қос команда тең аяқтады. Ал екінші таймға сергек шығып, "біз қонақта ойнап жатырық, сондықтан жоғалтатын түгіміз жоқ, артымызда Мадрид" дегендей қонақтар алаң қожайындарының қақпашысына кезек-кезек шабуылдар ұйымдастырып, тыным бермеді. Нәтижесінде бірінші болып есеп ашты. Марселоның пасын бұрыштамаға аударамын деген ниетпен, аяғын созған Пике, байқамай допты өз қақпасына дарытып жіберді. Артынша есепті теңестіруге ұмтылған алаң иелері, үздіксіз шабуылдап, дегендеріне жетті. Суареске қарсы ойын тәртібін бұзғаны үшін, төреші Навасты сары қағазбен "марапаттап", ал командасына 11-метрлік айып добын белгіледі. Пенальтиді орындауға келген Месси, Навастан айласын асырды. Алаң иелеріне қарағанда жеңіске құштарлығы қаттырақ болған мадридтіктер есепте екінші рет алға шықты. 80-ші минутта ойынға тыңнан қосылған "Реалдың" супер-жұлдызы Роналду Тер Штенгеге екінші мәрте қақпасынан доп шығаруға мәжбүр етті. Гол тойлау сәтінде қуанышында шегі болмаған Криштиану, жейдесін шешкені үшін төрешіден сары қағаз алды. Араға 2 минут салып, симуляциясы үшін португалиялыққа екінші рет сары қағаз көрсетіліп, ойыннан қуылды. Он ойыншымен ойнап жатқан қонақтар қорғанысқа көп көңіл бөліп, тек қарсы шабуылдар ұйымдастырып отыруға мәжбүр болды. Ойын аяқталар сәтте Зидан шәкірттері қарсы шабуыл ұйымдастырып, есепті еселеді. Голдың авторы Асенсио атанып, ойынның нүктесін қойды. Қорытынды есеп қонақтардың пайдасына 1:3. Осылайша Эрнесто Вальверде каталондықтардың бас жаттықтырушысы ретінде, өзінің бірінші ресми ойынында жеңіліс тапты. Дегенмен де таң қалдырудан жалықпайтын "Барселона" Чемпиондар Лигасында жасаған ерлігін қайталау үшін әдейі жеңілді ме екен? Оның жауабын 16-шы тамыз күні Мадридте өтетін жауапты кездесуде білетін боламыз. Және бұл ойын жанкүйерлер жадында, аргентиналық шабуылшы Мессидің Эль-класикодағы 22-ші добын соғып, өзі қойған рекордын жаңартуымен қатар корольдік клубтың осымен 67-ші кездесуде қатарынан гол салып келуімен есте қалары анық.
Бір қызығы, бұл ойынның бас төрешісі 31-жастағы Рикардо Бенгоэчеа тәжірибесінің аздығынан ба, әлде алаң иелеріне жақтасқанынан ба, әйтеуір матч барысында "Барселонаның" пайдасына бір емес бірнеше қателіктерге тап болды. Мысалы, қонақтардың қақпасына 11-метрлік айып добын қақпашының "блаугранастың" шабуылшысы Суаресті шалғаны үшін қойды. Ал сол сәтті қайталап көрсек, Навастың уругвайлыққа тіпті аяғы тимегеніне куә болып және "Эль-пистолероның" әртістік шеберлігіне тәнті боламыз. Артынша "кремділердің" жұлдызды шабуылшысы Роналдуды, каталондықтардың айып алаңында Умтитимен болған қақтығысында, Криштиануды симуляция жасады деп айыпты таныған бас төреші, екінші сары қағаз беріп, ойыннан қуды. Ал бірінші сары қағазды португалиялықтың гол соққаннан кейінгі тойлау кезінде жейдесін шешкені үшін берген еді. Осылайша ойынға тыңнан қосылып, голын соғып, ойыннан қуылып кеткен Роналду даңқты қолбасшы Юлий Цезарьдың атақты болған "Келдім. Көрдім. Жеңдім" деген нақыл сөзін еске түсіргендей. Тек футбол тілімен айтқанда "Ойынға кірдім. Голды салдым. Кеттім." Бұдан да бөлек ұсақ түйір қателіктер жасады. Әрине қателеспейтін мінсіз төреші жоқ, дегенмен де мұндай кездесулерге үлкен жауапкершілікпен қарау керек қой. Бұл тек ойын жайындағы жеке өзімнің пікірім. Егер менімен келіспесеңіз, астыда комментарийде өз ойыңызды жазып, қалдырсаңыз болады.
Руслан Мералиев