Жарнама
Жарнама

Ресейлік маманның Ақтөбеге ат басын бұрмаған себебі белгілі болды

Бүгін, 16:26

Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бапкері Магомед Адиев "Ақтөбе" клубымен арадағы құпия келіссөздердің мән-жайын ашты, деп хабарлайды Aladop.kz.

Жарнама
Жарнама

Ресейлік “Коммент.Шоу” YouTube арнасындағы “Here We Go” бағдарламасында маман неліктен Ақтөбелік ұжымның тізгінін ұстаудан бас тартқанын және оның “Крылья Советов” клубынан кетуіне не әсер еткенін бүкпесіз баяндады.

Адиевтің айтуынша, ол Самара губернаторымен кездесіп шыққан соң, оған "Ақтөбе” клубының инвесторы хабарласқан. Сол сәтте Aқтөбеліктер жаңа бапкер тағайындаудың аз-ақ алдында тұрған екен.

“Инвестор маған: “Магомед, сені ертең-ақ жұмыстан шығаруы мүмкін. Біз ертең жаңа бапкерді тағайындауымыз керек, ол қазір жолда келе жатыр. Бірақ сен келісіміңді берсең, біз бүгін сені тағайындаймыз да, ана варианттан бас тартамыз" — деді." — деп еске алды Адиев.

Ресейлік маманның бұл ұсынысқа берген жауабы көпшілікті тәнті етті. Ол қаржылық тиімділікке қарамастан, сол кездегі клубына берген уәдесінен таймаған. Адиев Самара командасымен соңына дейін бірге болатынын айтып, "Ақтөбеден” бас тартқан.

"Мен оған: “Білесіз бе, мен сөзіме берік адаммын. Мұнда қаржылық мәселе немесе команданың деңгейі маңызды емес. Мен осы ұжыммен соңына дейін барамын деп сөз бердім. Ертең басшылық қандай шешім қабылдаса да, мен оны қабылдаймын. Сондықтан мені күтпеңіздер”, — деп жауап бердім.” — деді бапкер.

Қызығы сонда, Адиевтің бұл шешімінен кейін келесі күні "Ақтөбе” жаңа бапкерін таныстырса, тағы бір күннен соң "Крылья Советов” Адиевті қызметінен босатқан. Осылайша, маусым соңына дейін Самарада қалып, жазда Ақтөбеге келуді жоспарлаған маман бір мезетте клубсыз қалды.

Алайда Адиев бұған өкінбейтінін жеткізді. Ол өзінің бұл әрекетін “жігітше жауап беру” деп атап, ешқайда қашпағанын және өз ұстанымына адал болғанын дәлелдегеніне қуанышты екенін айтты.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров