"Бавария" Германия Бундеслигасының кезекті, яғни 21-турында "Гертамен" тең ойнап қалды. Анчелотти сегіз ұпайлық айырмашылыққа сеніп жүрген сияқты. Дегенмен, екінші орында келе жатқан "РБ Лейпциг" командасының әлі бір ойыны бар. Сондықтан мюнхендіктерге қазірден босаңсу еш пайда әкелмейді. Чемпиондар Лигасының 1/8 финалында "Арсеналды" оңай ұтқан соң "Гертаны" қарсылас құрлы көрмейміз деп ойлады ма екен. Көп жерде сылбырлық танытып жатты. Жасаған соққылары қарсыластан көп болғанымен нәтижені тек қосымша минутта көрдік. Польшалық сұрмерген Роберт Левандовский "Баварияны" кезекті рет жеңілістен құтқарып қалды. Қазіргі футболда сегіз ұпайлық айырмашылық чемпион болдық деп "аяқты жылы суға салып қоярдай" көрсеткіш емес екенін ескерсек, Анчелоттиге ішкі біріншілікке де көңіл бөлу керек.