Бір кездері әлемнің ең үздік шабуылшыларының бірі атанған Робин ван Перси бүгінде мүлде басқа қырынан танылып отыр. Уақыт өз дегенін жасап, "ақ арыстан" атанған жұлдыз да спорттан кеткен соң өмірінің мәнін қайта іздеген сәтті бастан өткерді.
Ол бір сұхбатында қызының қойған қарапайым, бірақ жүрегін шымырлатқан сұрағын еске алды:
"Әке, сіз үнемі “құштарлық – ең бастысы” дейсіз ғой. Ал сіздің өзіңіздің қазір қандай құштарлығыңыз бар?" – деп сұрапты қызы.
Бұл сұрақ Ван Персидің жан дүниесін терең қозғаған. "Мен өзімнен сұрадым: енді мен нені армандаймын, не үшін өмір сүремін?” – дейді ол.
Футболшы ретінде мансабын аяқтаған сәтінде ол өзін бір бөлігін жоғалтқандай сезінген.
"Нәтижесінде өмір бойы ізденіп келген ісім аяқталды, қайта оралмайтын сияқты. Бұл ауыр соққы болды."
Спорттан кеткен соң Ван Перси теледидарда сарапшы болып жұмыс істей бастайды. Бірақ көп ұзамай тағы да сол таныс сұраққа тап болған:
"Бұл сіздің шынайы құштарлығыңыз ба?"
Ол ойланып, "Иә, мен көп нәрсе үйреніп жатырмын.” – деп жауап берген екен.
Бірақ қызы оған қарап: “Олай болса сіз әлемнің ең үздік сарапшысы болғыңыз келе ме? Демек, футбол енді екінші орында ма?” – деп қайта сұрапты.
Сол сәтте Ван Перси бәрін түсінген: футбол – оның өмірінің өзегі. Сондықтан ол жаттықтырушы болуға бел буады.
"Мен бәрін өзім жасағым келді. Ешкімнің көмегінсіз оқып, жазып, барлығын өз қолыммен істегім келді. Бірінші рет диссертациямды өткізгенде бағаланбады. Екінші, үшінші рет те солай. Тіпті “бұрын футболшы болғаным үшін осылай істеп жатыр ма?” деп те ойладым. Бірақ төртінші рет тапсырғанда ақыры қабылданды. Ол мен үшін нағыз сынақ болды.” – дейді Ван Перси.
Кейін ол тіпті "осы қиындықты өз еркіммен неге таңдап алдым екен?” деп те ойлаған көрінеді. Бірақ дәл сол сәтте қызы тағы да оған тірек болған:
"Әке, сонда сіз енді арманыңыздан бас тартайын деп жатырсыз ба? Жоқ, әрі қарай жалғастырыңыз. Бұдан да жақсы істей аласыз!” – деген екен.
Осы сөздерден кейін Робин өз “менін” – бұрынғы жұлдыздық бейнесін артқа тастап, шынайы еңбектенуге кіріскен.
Бүгінде ол өзінің түлеп ұшқан "Фейеноорд" клубының бас бапкері. Дәл осы клубта ол футболшы ретінде алғашқы кәсіби келісімшартын жасап, кейін мансабын бастаған еді. Енді сол жерде жаттықтырушы ретінде жаңа өмірін жалғастыруда.
Әрине, Ван Перси бұл клубта мәңгі қалмайды. Өйткені ол бір кездері "Фейеноордтан” "Арсеналға" жол тартқандай, болашақта да жаңа белестерге ұмтылатыны анық.
Бірақ оның қазіргі миссиясы – жастайынан қалыптасқан басты қағидасын дәлелдеу:
"Шынайы құштарлық ешқашан сөнбейді. Тек кейде оны қайта табу үшін жүрегіңмен іздеу керек."
Біздің серіктес: FONBET