Жарнама
Жарнама

Родри – Опель жүргізушісінен “Алтын доп” иегеріне дейін

Бүгін, 13:18

Родриго Эрнандесті әлем “Манчестер Ситидің ойыншысы, “Алтын доп” иегері деп таниды. Бірақ оның өмір жолы — кәсіби спорт пен қарапайым студенттік өмірі жайлы көбісі біле бермейтіні анық. 

Жарнама
Жарнама

Aladop.kz сайты Родри жайлы кейбір қызықты деректерді ұсынбақ.

Америкалық “акцент” және Коннектикут орманы

Родридің “Ситидегі” әріптестері оның киген киімі мен сөйлеген сөзіне жиі күледі. “Мен ағылшынша емес, Aмерикалықша сөйлеймін.” — дейді ол. 

Бұның сыры — ол 14 жасында Коннектикут орманындағы жазғы лагерьде оқыған. Смартфонсыз, интернетсіз өткен сол күндерде ол 2010 жылғы Әлем чемпионатының финалын лагерь басшысының кіп-кішкентай ноутбугінен ұрланып көреді. Иньеста гол соққанда, орман ішінде “Viva España!” деп айқайлап жүгірген Родриді Aмерикалық достары “мынау жынды ма?” дегендей таңырқай қараған екен. Олар “soccer” үшін жылауға болатынын түсінбеді.

Студенттік өмір және ескі “Опель”

Родри футболшы болып жүріп, университетті де қатар оқыды. “Вильярреалдың” негізгі құрамында ойнап жүргенде де ол студенттер жатақханасында тұрды.

“Жұма күні кешке бәрі клубқа барады. Мен олармен біраз отырып, сосын жаттығуға кету үшін сытылып шығатынмын. Олар маған “сен тым іш пыстыратын адамсың” дейтін.” — деп еске алады ол.

Сол кезде ол 3000 еуроға ескі Opel Corsa сатып алады. “Әкем маған: “Ішінде компьютері бар екен” деді. Барсам, бар-жоғы 8 сантиметрлік радио экраны екен. Командаластарым “Ферраримен” келгенде, мен ескі “Опеліммен” келетінмін. Мен үшін ол нағыз бақыт еді.”

Екі түрлі әлем

Родридің өмірі екіге бөлінген: бірі — миллиондардың алдындағы үлкен футбол, екіншісі — “нағыз өмір”. Ол әлі күнге дейін әлеуметтік желілерге қызықпайды, қымбат кроссовкалар жинамайды. Тіпті, чемпиондық ойындардан кейін автобуста отырып, дәрігер болып істейтін жарына қоңырау шалып, ұзақ сөйлесетін әдеті бар. Агуэро мен Отаменди: “Өшірші телефонды, Пеп естіп қояды!” деп ұрысса да, ол өзінің қарапайым әлемінен шыққысы келмейтін.

Жеңіске жетелеген сезім

2023 жылғы Чемпиондар лигасының финалындағы гол — ол математикалық есеп емес, бала кезінен келе жатқан интуицияның жемісі.

“Сол сәтте Бернарду пас шығарғанда, менің соққы жасауым мүмкін емес еді. Бірақ ішкі дауысым: “Осы жолы саған келеді, алға бас” деді. Мен допты қақпаға жай ғана пас бергендей бағыттадым.”

Родри үшін футбол — бұл жай ғана атақ емес, бұл — бала кезіндегі ауладағы ойыннан басталған, бүкіл елді бақытты ететін ерекше драйв.

“Оқуға мүмкіндік берген ата-анамызға рахмет, ал армандауға мүмкіндік берген футболға рахмет!” — дейді ол.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров