Бразилиялық Родриго алдағы маусымда да командада қалып, негізгі құрам үшін күресуге бел буғаны туралы хабарланды. Оған Премьер лиганың алпауыттары “Ливерпуль”, “Арсенал” және “Тоттенхэм” үлкен қызығушылық танытып отырған еді.
Бразилиялық ойыншы бұл жазда командадан кетуі мүмкін деген сыбыстар күшейіп кеткен болатын. Себебі, бас бапкер Хаби Алонсо Родригоны Клубтар арасындағы Әлем чемпионатының “Париж Сен-Жерменге” қарсы жартылай финалында алаңға шығармай, қосалқы құрамда қалдырған еді. Алонсо бұл шешімді түсіндіріп, “бұл ойын үшін басқа ойыншылар қажет болды” дегенімен, Родригоның болашағына нақты нүкте қойылмағанын айтқан.
Қазіргі таңда Родригоның негізгі құрамға оралуы қиын көрінеді. Себебі шабуыл шебінде Килиан Мбаппе мен Винисиус Жуниор басты таңдаулар болып тұр. Одан бөлек, жас жұлдыздар Эндрик пен Гонсало Гарсия да өз орындарын алуға дайын отыр.
Алайда Испаниялық AS басылымының мәліметінше, Родриго “Реалдан” кетуге ниетті емес және өзінің шеберлігінің Хаби Алонсоның жүйесіне сай келетінін дәлелдей алатынына сенімді. Ол командада қалып, бапкердің сеніміне ие болуды мақсат етіп отыр.
Бұған дейін “Арсенал” Родригоны сатып алуға басты үміткер ретінде аталып келген. Алайда олар жақында “Челсиден” Нони Мадуэкені сатып алып, бұл бағыттағы белсенділіктерін тоқтатты. “Ливерпуль” де бұл жазда шамамен £300 миллион жұмсап, қазіргі уақытта Александр Исакқа назарын аударып отыр. Ал “Тоттенхэм” Родриго ойнайтын қанатта Брэннан Джонсон мен жаңа ойыншы Мұхаммед Кудусқа сенім артуда, сондықтан олар да артық шабуылшыны қажет етпейді.
Сондай-ақ AS басылымы Родригоға нақты ұсыныстар болмағаны туралы жазады. Бұл жайт Бразилиялық футболшының клубта қалуына себеп болып отыр. Сонымен қатар, “Реал Мадрид” ойыншыны сатуды жоспарламаған, тек £78 миллионнан жоғары ұсыныс түссе ғана қарастыруы мүмкін болған.
Родриго 2018 жылы £40 миллионға “Сантос” клубынан “Реал Мадридке” ауысқан болатын. Содан бері ол 270 матч өткізіп, 68 гол соғып, 13 трофей жеңіп алды.
Біздің серіктес: FONBET