Жарнама
Жарнама

Рональд Куман туралы не білуіміз керек?

«Барселонаға» алғашқы Чемпиондар лигасының кубогын әкелген Куман Мессидің арманын орындай ала ма?
Жарнама
Жарнама

Рональд Куман ресми түрде "Барселонаның" бас бапкері атанды. Голландиялық маман каталондық клубпен екі жылдық келісімшартқа отырып, "Барселонаны" бірден арманымдағы клуб деп атады. Онымен бірге ол ойыншы ретінде керемет жетістіктерге қол жеткізген болатын. Енді Куман жетістігін қайталағысы келеді, бірақ команданың тәлімгері ретінде. Біз бүгін "Барселонаның" жаңа бас бапкерінің өмііндегі ең басты оқиғаларды айтатын боламыз.

Футбол жанұясының өкілі


Куман футбол отбасында дүниеге келді. Оның әкесі Мартин Куман голландиялық "Блау-Вит", "Гронинген" және "Херенвен" клубтарында қорғаушы ретінде ойнады. Рональдтың үлкен ағасы, жартылай қорғаушы Эрвин Куман "Гронинген" және басқа голландиялық клубтардың ойыншысы болған. Тіпті "Еуроборг" стадионының бір бөлігі Мартин және оның екі ұлының есімімен аталады. Ағайынды Рональд пен Эрвин Куман бір күнде Нидерланды құрамасында дебют жасап, Швеция құрамасымен жолдастық кездесуде жеңіліп қалған (0:3).

Нидерланды құрамасымен бірге 1988 жылғы Еуропа чемпионы


Ұлттық құрамада дебют жасағаннан кейін бес жыл араға салып, Куман финалда КСРО құрамасын 2:0 есебімен жеңіп, Еуропа чемпионы атанды. Рональд ағасы Эрвинмен бірге негізгі құрамға шығып, бүкіл матчты алаңда өткізді. Сол турнирде голландиялық қорғаушы Германияға қарсы жартылай финалда пенальтиден маңызды гол соғып, Нидерланды құрамасын финалға шығарды. Тіпті УЕФА ойыншыны 1988 жылғы Еуропа Чемпионатының қорытындылары бойынша символикалық құрамға қосты.

"Барселонада" Куманға "қар" деген лақап ат берілді


1989 жылы "Барселонаға" көшіп келгеннен кейін Куманға "қар" деген лақап ат берілді. Сол кезде каталон хайуанаттар бағында "қар" деген лақап атқа ие альбинос-горилла өмір сүрген. Команда жанкүйерлері голландиялықтың ақшыл шаштарын бірден байқап, оған дәл осындай лақап ат қоюды шешті.

Каталондықтарға тарихтағы алғашқы Чемпиондар Лигасының кубогын әкелді


Куманның "Барселонадағы" мансабы ерекше болды. Бас бапкер Йохан Кройф ойыншыны жартылай қорғаушы ретінде сынап көрді, бірақ ол бәрібір қорғанысқа қайта оралды. "Барселона" құрамында Рональд Испанияның төрт дүркін чемпионы атанды және клубқа алғашқы Чемпиондар лигасының кубогын әкелді. 1992 жылғы Еуропа кубогының соңғы матчында ол жеңісті голды 112 минутта италиялық «Сампдорияға» қарсы ойында (1:0) айып добынан соқты.

Нәтижелі қорғаушылардың бірі және айып соққыларының шебері


Нидерланды құрамасының ойыншысы әлемдегі ең нәтижелі қорғаушылардың бірі атанды. Мансабында ол 763 ойында 252 гол соққан. Куман әр үшінші матчта гол соғып отырды. Сонымен қатар, ол футболшы болған кезде айып соққыларын тамаша орындады. Ал 1994 жылы Нидерланды мен Тунис арасындағы жолдастық кездесуде Рональд 44 метр жерден тікелей айып добынан гол соқты.

Екі рет Нидерландының үздік футболшысы атанды.


1987 және 1988 жылдары Куман голландиялық ПСВ-да ойнағаннан кейін елдегі ең үздік футболшы атағын жеңіп алды. ПСВ құрамында Рональд финалда Португалияның "Бенфикасын" пенальтиден (0-0, пенальти бойынша 6-5) жеңіп, 1988 жылғы Еуропа Кубогын жеңіп алды. Бір айдан кейін Куман ұлттық құрамамен Еуропа чемпионы атанды. Осы екі жетістік Марко ван Бастеннің таңғажайып әдемі голына қарамастан ойыншыға елдің ең үздік футболшысы атағын берді.

Голландияның үш үздік клубында ойнады


Куман «Аякспен» 1984/1985 жылғы маусымда ел чемпионы болды, ал келесі жылы клубпен Голландия кубогын алды. Футболшы ПСВ-да үш жыл өткізді, осы уақыт ішінде ол үш дүркін ел чемпионы, екі дүркін кубок иегері және Еуропа чемпиондары кубогының иегері атанып, керемет нәтижелерге қол жеткізді. Бірақ "Фейенордта" Куман мансабын аяқтап, Голландияның барлық үш жетекші клубтарында ойнаған екінші ойыншы атанды.

Бұған дейін ол каталондықтардың жаттықтырушылар штабында жұмыс істеді


1998 жылы "Барселонаның" бас бапкері Луи ван Гаал Куманды өзінің жаттықтырушылар штабына шақырды. Алайда голландиялық бапкер ешқашан өзінің философиясын клубқа сіңіре алмады және оны жанкүйерлер мен баспасөз қызметі үнемі сынға алды. «Барселона» Чемпиондар лигасын жеңе алмады, ал 2000 жылы Ван Гаал каталондық клубтан кетуге шешім қабылдады. Онымен бірге көмекшісі Рональд Куман да командадан кетті.

"Барселона" үшін Нидерланды құрамасының бас бапкері қызметінен кетті


Рональд "Барселонаның" бас бапкері болғысы келгені соншалық, ол бұл үшін ұлттық құрамадан кетуге мәжбүр болды. Нидерландымен бірге Куман 2019 жылғы УЕФА Ұлттар лигасының финалисті болды, бірақ шешуші матчта оның командасы Португалиядан минималды есеппен жеңіліп қалды - 0:1. Ұлттық құрамадан кеткенімен, Рональд Нидерландының болашағы зор екеніне сенімді.

«Нидерланд құрамасын жаттықтыру мен үшін үлкен мәртебе болды. Соңғы екі жарым жыл ішінде мен өз еліммен жетістікке жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасадым. Осы аралықта бірге жеткен жетістіктерімізді көріп мақтанамын. Нидерланды құрамасының болашағы зор, мен бұған сенімдімін», - деді жаттықтырушы.

"Барселона" тарихындағы бесінші голландиялық жаттықтырушы


Куман "Барселона" тарихындағы бесінші голландиялық бапкер атанды. Оның алдында каталондық клубты атақты жерлестері Ринус Михелс, Йохан Кройф, Луи ван Гаал және Фрэнк Райкаард жаттықтырған. Кройф «Барселона» тарихындағы ең табысты жаттықтырушылардың бірі бола отырып, өзіндік ойын мәнерін құра білген керемет бапкер екені айтпаса да белгілі. Енді оның шәкірті Рональд Куман бұл атаққа үміткер болмақ.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров