Кеше Бешікташтың президенті Йылдырым Демірөреннің алдыруымен Ыстамбұлға Роналду келді. Таксим орталығында жаңадан ашылған сауда орталығының лентасын қиюға келген жұлдызды көруге келгендердің қарасында қисап жоқ-ты. Сағат төртте келуге тиіс болған жұлдыз ұшағындағы ақаудың себебімен алты жарымда бір-ақ келді. Бір жарым сағат кешіксе де бір де бір жанкүйер сыртқа кетпеді. Керісінше уақыт өткен сайын келгендердің қарасы молая берді. Бешікташ жанкүйерлері «Чаршы» екі сағат бойы шоу көрсетті. Енді, оларға айтатын сөзім жоқ. Фенерді жерден алып, жерге салған олар бір кезде «Ronal-du ner-desin, Allah bela-nı versin!» деп айқайлауға көшті.
Жетіге он бес минут қалғанда келген Роналду бірінші, екінші қабаттан баспалдақпен жүріп өтті де, үшінші қабатқа келіп, балконнан сауда орталығының лентасын қиды, сосын дереу кетті. Бар болғаны жиырма минутқа созылған әлгі шарада ешкім қол қойғызу, суретке түсу бақытына ие бола алмады.
Жаңадан ашылған сауда орталығынан 250 лира(25 мың теңге) көлемінде сауда жасағандарға Роналду футболкасы сыйға берілді. Сосын, келісім бойынша ол формаларға Роналду автограф қою керек болған, бірақ адамның көптігінен ол уәде орындалған жоқ. Бұған ыза болған футболсүйерлер қауіпсіздік қызметкерлерімен жаға жыртысты. Сол көптің ішінде мен де болып едім, Роналду үшін бір фотоаппаратты, сөмкемді, тәпішкемді құрбан етіп қайтып келдім. Видеоға түсіруге тырысып көрген ем, пәлендей сапалы шықпаса да анау нөпірдің ішінен дәл бұлай соны ұстай білудің үлкен олжа екенін түсіндім. Видеоға қарап. Өкінішке орай, суретке түсіре алмадым.Роналдуның өз суретін интернеттен алдым, қалғаны өзімнің әуесқой фотоаппараттан түсірілген суреттер.