Жанкүйерлеріміз «ұлттық құраманың Әзірбайжанмен болатын кездесуі қандай есеппен аяқталар екен?» деп бас ауыртып жүргенде Қазақстан жастар құрамасының да алғашқы ойыны жақындап қалды. Маусымның 5-і күні жастарымыз румыниялық құрдастарымен текетіреседі.
Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың 3 ақпаны күні Швейцарияның Ньон қаласында 2013 жылғы жастар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне жеребе тартылып, Қазақстан 9-топқа орналасқан болатын. Жеребе қорытындысы бойынша тобымызға азуы алты қарыс Франция, мамандар біздің топтың көшбасшысына балап отырған Румыния және соңғы кезде футболы жоғары қарқынмен дамып келе жатқан Словакия мен Латвия құрамалары түсті.
– Тобымыздағы құрамалар талантты ойыншыларға кенде емес. Бірақ біз де бар күшімізді жасыл алаңға жұмсап, жанкүйерлердің көңілінен шығуға уәде береміз. Тобымызда неғұрлым жоғары орыннан көрінуге тырысамыз, – деген болатын көпшілікке таныстыру кезінде Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері Слободан Крчмаревич.
Сонымен, «Еуро – 2013» іріктеу турнирі аясындағы алғашқы матчымыз Румынияның шағын қалаларының бірі Тыргу-Муреште өтеді. Ілгеріректе Венгрия облыстық автономиясының орталығы болғандықтан ба, 150 мыңға жуық қала тұрғынының тең жартысын венгрлер құрайтын көрінеді. Ал қала атының мағынасы қазақ тіліне аударғанда «Муреш өзеніндегі базар» дегенді білдіреді екен. Сонымен, ойын
3 маусым күні жергілікті уақытпен 18:00-де басталмақ. Дегенмен Эмиль Сэндой баптайтын румын жастар құрамасы қазақтармен болатын ойынға дайындықты 24 мамырда-ақ бастап кетті. Бес күндей Бухарест маңында жаттығатын румын жастары мамырдың 29-ынан бастап оқу-жаттығу жиынын Тыргу-Муреште жалғастырады. Команданың басты жұлдызы – 20 жасар Денис Алибек. Италияның «Интерінде» өнер көрсететін шабуылшы биыл «А» сериясында екі ойын өткізіп үлгеріпті. Біздің ойыншылармен салыстырғанда бойшаңырақ (180 см) әрі салмақты (80 келі) бұл жігітті тұсап ұстау оңай емес. Өткен маусымда «Интер» жастар құрамасының үздік ойыншыларының бірі болған. Сондай-ақ Румыния жастар құрамасында Италия чемпионатында өнер көрсететін тағы үш ойыншы бар. Бұлардан бөлек, қақпашы Дину Молдован Испанияның «Эспаньол» клубының намысын жыртып жүр.
Қазақстан жастар құрамасы, әлбетте, мұндай ойыншылар жиынтығымен мақтана алмайды. Дегенмен жерлестеріміз де қарап қалмас. Жақында ғана тізгінді қолына ұстаған аға жаттықтырушы Слобадан Крчмаревичтің алдында өз тобында үшінші орын алу міндеті тұр. Бұл мақсатқа жету үшін қазірден бастап кірісу керек екені анық. Алайда топтағы үшінші орын келесі кезеңге шығуға мүмкіндік бермейді. УЕФА регламенті бойынша 10 топтың үздіктері және екінші орын алғандардың ішінде үздік көрсеткішке ие төрт команда финалдық сынға берілер жеті жолдаманы өзара сарапқа салатын болады.
Румыния жастар құрамасымен болатын ойынға дайындыққа біздің футболшылар бүгін кіріседі. Алматыда үш күн оқу-жаттығу жиынын өткізетін Крчмаревич шәкірттері мамырдың 30-ы күні Румынияға ұшып кетеді. Естеріңізге сала кетейік, жастар құрамасы осы айдың 16-сы мен 19-ы аралығында шағын оқу-жаттығу жиынын өткізген болатын. Сол жолы Алматыға 28 футболшы келген. Бұл жолы шақыртылған ойыншылардың саны бес адамға кеміпті. Қатардан «Тобыл» қақпашысы Андрей Герфорт, «Локомотив», «Восток» және «Ордабасы» қорғаушылары Заурбек Плиев, Владимир Седельников және Абзал Ешманов, сондай-ақ «Ақтөбе» шабуылшысы Сергей Лисенков қатардан шығып қалған. Алайда соңғысының ұлттық құрама сапына шақырылғаны белгілі.
«Еуро – 2013» іріктеу турниріндегі Қазақстан жастар құрамасының ойындары:
Румыния – Қазақстан (5 маусым, 2011 ж.), Қазақстан – Румыния (2 қыркүйек, 2011 ж.), Қазақстан – Словакия (6 қыркүйек, 2011 ж.), Франция – Қазақстан (7 қазан, 2011 ж.), Қазақстан – Франция (8 маусым, 2012 ж.), Қазақстан – Латвия (12 маусым, 2012 ж.), Латвия – Қазақстан (7 қыркүйек, 2012 ж.), Словакия – Қазақстан (12 қыркүйек, 2012 ж.)
Қазақстан жастар құрамасы
Қақпашылар: Самат Отарбаев («Тарлан»), Нұрболат Қалменов («Атырау»).
Қорғаушылар: Евгений Горячий («Қайрат»), Дмитрий Шомко, Дамир Дәуітов (екеуі де – «Локомотив»), Елдос Ахметов («Ертіс»), Бақдәулет Қожабаев («Ордабасы»), Михаил Габышев (Восток), Евгений Азаматов («Ақтөбе»).
Жартылай қорғаушылар: Нұрсайын Жолдасов, Рахымжан Розыбакиев (екеуі де – «Қайрат»), Григорий Дубков («Шахтер»), Саят Сариев («Жетісу»), Бауыржан Исламхан, Бауыржан Байтана (екеуі де – «Тараз»), Асхат Тағыберген («Қайсар»), Әлібек Аяғанов («Ертіс»).
Шабуылшылар: Бауыржан Жолчиев («Атырау»), Денис Прокопенко («Локомотив»), Абзал Бейсебеков, Станислав Лунин (екеуі де – «Восток»), Сергей Хижниченко («Шахтер»), Алексей Щеткин («Жетісу»).
Румыния жастар құрамасы
Қақпашылар: Дину Молдован («Эспаньол», Испания), Давид Лазар (Пандурий).
Қорғаушылар: Габриэль Матей (Пандурий), Флориан Булейча (Университатя), Сержиу Мут (Политехника), Себастьян Младен («Рома», Италия), Адриан Попа (Снагов), Йонуц Рада (Пандурий), Александру Тиганашу (Астра), Даниэль Вадрариу (Чахлаул).
Жартылай қорғаушылар: Чиприан Селагеа (Брашов), Паул Антон (Глория), Адриан Стоян («Пескара», Италия), Михай Рэдуц (Стяуа), Сержиу Сучиу («Губбио», Италия), Космин Матей (Стяуа), Чиприан Брата (Пандурий).
Шабуылшылар: Денис Алибек («Интер». Италия), Георге Цучудин (Динамо), Андрей Войкан (Университатя), Сержиу Буш (ЧФР), Фабиан Химчински (Униря).
Автор: Әзиз Жұмаділ