– Ата-анам айына 200-300 доллардан жіберіп тұрады. Бразилияда тұрмыс аса қымбат емес. Жүріс-тұрысымызға жетеді. Сол ақшаға балмұздақ, тәттілерді қалауымызша ала аламыз.
Футболдың қыр-сырын меңгеру үшін Бразилияға аттанған жеткіншектерімізге халықтың көзқарасы әрқилы. Бірі, «кезінде іріктеу дұрыс өтпеді. Олардың бәрі байлардың балалары» десе, енді бірі «Бразилияда жеткіншектеріміз үйреніп қарық қылмайды. Одан гөрі шеттен балалар футболының мамандарын тартқанымыз абзал» дейді. Көпшіліктің көкейінде жүрген осы және басқа да қызықты сұрақтарға жауап алу үшін «Оле Бразилде» тәлім алып жүрген қазақстандық команданың капитанын сұхбатқа тартқан едік.
– Рүстем, Бразилиядан алған әсеріңізбен бөліссеңіз. Тоғыз айдың ішінде не үйрендіңіз? Отаныңызды қаншалықты сағындыңыз?
– Әлбетте, біз секілді бозбалалар үшін тоғыз ай ата-ана, дос-жаран, бауырларсыз жүру өте қиын. Бірақ үйрендік. Өйткені мақсатымыз айқын болатын. Тек футбол деп барғанбыз. Одан басқа бізде уайым болған жоқ. Жалпы, «Бразилияда футбол – нөмірі бірінші спорт» деп жай ғана айта салған дұрыс емес екен. Олар үшін аяқдоп өнері спорт қана емес, дін секілді болып кеткен. Сондықтан, үйренгеніміз көп болды. Бірінші ретте техникалық тұрғыда, физикалық тұрғыда, алаңда жылдам ойлау тұрғысында шеберліктерімізді арттырдық деп ойлаймын. Жалпы, Бразилия футбол әлеміне Пеле, Зико, Гарринча, Рональдо, Рональдиньо, Кака, Роберто Карлос сынды біртуарларды сыйлады ғой. Ол жақта бекер жүрмей, соларға ұқсап бағуымыз керек.
– Командада қай шепте ойнайсыз?
– Өзім команданың капитанымын. Қорғаныстың орта шебінде ойнаймын.
– Академияда Қазақстаннан басқа елдердің де жеткіншектері бар екені анық. Солардың ішінде қай елдің жас футболшылары қарымды?
– Барлық командалар бірдей сияқты. Жеңілмейтіндері жоқ. Бәріміз де кейде ұтылып қалып жатамыз. Дегенмен, шыны керек, әу баста өзгелерге қарағанда әлсіздеу болатынбыз. Нәзіктеу көрінетін едік. Арада алты ай өткеннен кейін шетінен жеңе бастадық. Ал тоғыз айдан кейін бізге жауапты бапкер командамыздың дамуына он балдық көрсеткіш бойынша, алты балл берді. Физикалық дайындығымыз жөнінде, техникалық-тактикалық дайындығымыздың дамуын көрсететін арнайы сертификатты табыс етті.
– Бразилияда әйгілі футбол жұлдыздарымен жиі кездесіп тұратын шығарсыздар?
– Рауан Сариев пен бірге қалада дүкен аралап жүргенбіз. Кенет, Роберто Карлосты көріп қалдық та, бірге суретке түскіміз келетінін білдірдік. Қарсы болмады. «Ботафого» футболшыларымен де жиі ұшырасып қаламыз. Пелемен де кездескенбіз. Бірақ, өкінішке қарай, суретке түсе алмадық.
– Ал Рауан Сариев сіздерге қаншалықты көмектеседі? Жалпы, оның сіздер тұратын қалада және өзінің клубында беделі қандай?
– Рауан біздің «үйдің» үлкені. Бір базада тұрамыз. Күн сайын кездесеміз. Әрдайым білмегенімізді содан сұраймыз. Аянып қалмайды. Әңгімелері де қызықты. Қалай гол соққандарының барлығын аузымыздан суымыз құрып тыңдаймыз. Әлбетте, әлі жас қой. Қалада жанкүйерлерге онша танымал емес. Дегенмен, бразилиялық футболшылармен терезесі тең жағдайда сөйлеседі. Олардың жанында өзін төмен ұстамайды. Жас болса да, өз командасында сыйлы екені көрініп тұр.
– Рүстем, енді кезінде іріктеуден қалай өткендеріңіз жайлы айтып берсеңіз?
– Жалпы, өзім Талдықорғаннанмын. Бірінші іріктеу кезеңі Шымкентте өтіп, 17 команда қатыстық. Бразилиялық маман Тиаго Козлоски жүргізген іріктеуде көзіне түстік қой.
– Әке-шешеңіз қандай қызметте жұмыс жасайды?
– Олар интеллигентті адамдар. Білдей дәрігерлер. Өз шаруаларын дөңгелете білген жандар ғой. Дегенмен іріктеу кезінде мен үшін жүгірген жоқ. Күмәндарыңыз болмасын, іріктеу әділ өтті. Мамандар үздіктерді ғана таңдап алды.
– Айына қанша ақша жіберіп тұрады?
– 200-300 доллар. Бразилияда тұрмыс аса қымбат емес. Жүріс-тұрысымызға жетеді. Сол ақшаға балмұздақ, тәттілерді қалауымызша ала аламыз.
– Жалпы, футболды қанша жасыңызда бастадыңыз?
– Бес жасымда доп тебе бастағанмын. Кейін он жасымда кәсіби түрде айналыса бастадым. Соңғы кездері «Жетісудың» даярлық тобында ойнап жүрдім.
– Әлемдік футболда кімді үлгі тұтасыз?
– Аргентиналық Лионель Месси ұнайды. Ал қорғаушылардан испандық Херард Пикені үлгі тұтам.
– Бағдарлама аяқталған соң Отанға ораласыз ба, әлде бразилиялық клубтардан ұсыныс түссе қалып қоюға дайынсыз ба?
– Мемлекеттік жоба ғой. Біздің Бразилияда доп теуіп жүргеніміз – Қазақстан футбол федерациясы мен Спорт және дене шынықтыру агенттігінің арқасы. Сондықтан болашағымызды солар анықтайды. Егер өзге елдерден ұсыныстар түссе, солармен ақылдасу керекпін. Ал елге оралар болсам, «Ақтөбе», «Шахтер», «Тобыл» сынды алдыңғы қатарлы командаларда ойнағым келеді.
алаш арена