Жарнама
Жарнама

Сағындырған сара Sport

07.08.2011, 21:45
Жарнама
Жарнама
Сүйінші! Қасиетті Рамазан айында жартығасырлық тарихы бар, оқырманды спорт әлеміндегі жаңалықтармен сусындатқан «Спорт» газеті қайта жарық көрмек. Сүйікті газеттерінен тағы көз жазып қалған оқырмандар арадағы үзілістен кейін басылымның кезекті нөмерімен 2 тамыз күні қауышты. Астанадан жеткен ақжолтай жаңалықты ести салысымен, басылым редакторы, спорт жанашыры Несіп Жүнісбайұлымен тілдесуге асықтық. Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ, «Спорт» газетінің бас редакторы: – Ең алғаш республикалық спорт газетіне Тәуелсіздік алған 1991 жылы қаңтар айында редактор болып бекітілдім. Газет әр кезеңде түрлі аттарға ие болып, форматы өзгеріске ұшырады. Егемендіктің алғашқы жылдары көп қиындық болды ғой. Сол жылдары мерзімді басылымның шықпай, тоқтап қалған кездері де болды. Мысалы, 1993 жылдан 1996 жылға дейін үш жылдың ішінде 18 ай бойы газет жарық көрмеді. Сонда да газетті жаппай, редакцияның табалдырығында отырдық. Журналистерді мерзімсіз демалысқа жіберсек те, соңында газетімізді сақтап қалдық. Жұ­мысқа алғаш келгенімде басылым сегіз беттік болған, оны – 12, кейіннен 16 бетке жеткіздік... Қиыншылықтар одан кейін де болды. Бір газетке қазақша және орысша нұсқаларын бірге түптеген кездерді бастан өткердік. Кейінгі жылдары газет әртүрлі атпен «Спорт айдыны», орысша «Казахстан спортивный», кейіннен Sport&KZ деп аталды. Қаржы тапшылығына байланысты «Спорт айдынын» жауып қойып, орыс тілінде шығару – біздің елдігімізге үлкен сын, ұят нәрсе. Осы мәселелерді министрлік пен Спорт комитетінің алдына төтесінен қойғанмын. Осыны ескерген Туризм және спорт министрлігі газетті қамқорлығына алып, Спорт комитеті тікелей басқарып, қаржы бөлетін болып шешті. Осы жылдың 11 мамырында Үкімет және Спорт комитетінің бұйрығымен қайтадан бас редактор болып тағайындалдым. Сол кезде республикалық басылым­ның редакциясын Алматыдан Астанаға көшіру туралы ұсынысымды айтқан едім, басшылық оны қабылдады. Енді, Алла қаласа, жұмысымызға кіріспекпіз. Жыл соңына дейін басылым тегін таратылмақ. Ал жалпы басылым келесі жылдың жазылу каталогына кіргізілді. Өткен ғасырда 1959 жылдың 1 қаңтарында жарық көрген басылым талай қазақ баласының спортқа деген қызығушылығын оятып, тәрбиелеп шыққаны белгілі. «Спорт» – қазақ баспасөзінің тарихында қазақ және орыс тілінде шыққан ең бірінші спорт баспасөзі. Алғашында А-3 форматында төрт беттік болып басылған. Кеңес заманында таралымы 300 мыңнан асып түскен газет 2008 жылы жекеменшік қолға өтіп, оқырманмен қауышуы сирей бастаған. Енді, міне, жаңадан шыққалы отырған басылым атауы мен безендірілуіне өзгеріс енгізілген. Басылым сегіз беттік болып, А-2 форматында жарық көреді. Алғашқы және соңғы беттері түрлі-түсті болып безендіріледі. Газет 1959 жылғы шыққан алғашқы атауымен аталмақ. Яғни екітілді газетте «Спорт» деген жазу жазы­лады. Айырмашылығы: қазақша басылымда «Спорт» сөзі латын қаріптерімен – Sport, ал орысшасында «Спорт» атауы кириллицамен жазылады. Автор: Әсем ҚАБЫЛБЕКОВА http://alashainasy.kz
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров