Жарнама
Жарнама

Самат Сымақов: Чемпиондық атағымызды қайтарып алсақ

20.03.2011, 19:58
Жарнама
Жарнама
Аламан Бүгінгі кейіпкеріміз – «Ақтөбе» футбол клубының капитаны, әрі қорғаушысы Самат Сымақов. Шыншылдықты жақсы көретін бұл футболшымыздың бір-ақ кемшілігі бар екен. Ол қазақ бола тұра, өз тіліне шорқақтау екені. Бұл жайтты ол былай деп түсіндіреді: «Мектепте орыс тілінде білім алғаннан кейін қазақшаға келгенде, біраз қиналатынымды жасырмаймын, бірақ тілді түсінемін…». Сұхбаттасушымыз әңгіме барысында, қазақ тілін меңгеруді қай уақытқа жоспарлап жүргенін айтумен ғана шектелмей, алдағы жоспарларымен де бөлісіп, үлкен спорттан кеткеннен кейін немен айналысатынын да жасырмады.

Бұған дейін үздік өнер көрсетіп келген «Ақтөбе» футбол клубының былтырғы ойын өрнегіне көңіліңіз тола ма? Әңгімемізді осыдан бастасақ… – Сұрағыңыздың астарын түсіндім, «бірнеше жыл қатарынан жеңімпаз атанып келіп, өткен жылы күміс жүлдені иеленгендеріңіз қалай?..» – дегенді меңзеп отырған боларсыз. Шынын айту керек, бұған жыл басында біршама ұпайдан айырылып қалуымыз себеп болды дер едім. Әйткенмен, кемшіліктің өзімізден кеткенін мойындаймыз. Бір жағынан, сәтсіздік де шығар… Әйтсе де, екінші орын да анау айтқандай жаман емес. Чемпиондыққа жетпейтіні сөзсіз, бірақ тәуба дейміз. Жалпы, былтырғы ойын өрнегіміз көңіл көншітерлік деп есептеймін. Бастысы, жыл бойы талас-тартысқа толы ойындарды өткізіп, жанкүйерлеріміздің үмітін ақтағанымызға сенімдімін. – Қазіргі таңдағы чемпионымыз қостанайлық командада үлкен өзгерістердің орын алып жатқанынан хабардар боларсыз?.. – Менің ойымша, өзге командаға баға беріп, оның ішкі жұмыстарына араласу – әбестік. Бүгінде «Тобылдан»  ойыншы­лар дың біреуі кетіп, екіншісі келіп жатқанынан бір адамдай хабарым бар. Бәлкім, сол клубтың сапында болғанымда сізге ой-пікірімді айтар ма едім, кім білсін?! Дегенмен, мен «ақтөбелікпін», қостанайлық командаға қатысым жоқ. Сол себепті, әріптестеріме қатысты жақсы, иә болмаса, жаман тұжырымымды білдіруге аса құлықты емес екендігімді айтқым келеді. – Сіздің ойыңызша, қазақ спортының қазіргі деңгейі қандай? – «Өте жақсы» десем, шындыққа жанаспас, «әлеуетіміз төмен» деуге тағы келмейді. Жеке пікірімше, отандық спорт саласының алар асуы әлі алда. Сондықтан, бір сөзбен айтқанда, орташа деңгейде дер едім. Жұртшылықтың спортқа деген қызығушылығы осы қалыптан таймаса, алдағы уақытта биік белестерді бағындыруымыз бек мүмкін. Өйткені, барлығы да өзімізге байланысты екені ақиқат. Ал футболды айтар болсам, дамымай жатыр деуден аулақпын. Бозбалаларымыз арнайы жоба аясында шетелде футболдың қыр-сырын үйренуге мүмкіндік алып, тәжірибе жинақтап жатыр. Сондай-ақ өзге мемлекеттерден білікті мамандар шақыртылып, олар аяқдопшыларға бар білгенін үйретуде. Шыны керек, бұрынғыдай емес, осы спорт түріне билік тарапынан да айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатқанын тілге тиек етсем деймін. Қысқасы, сең қозғалды. Бұл дегеніңіз, көп ұзамай нәтижесі де болады деген сөз. – Самат, командаңыздың осы маусымға құрған жоспарымен бөліссеңіз? – Чемпиондық дәрежемізді қайтарып алу – басты мақсатымыз. Яғни жанкүйерлерімізді қуантып, осы жылы алтынды иеленсек дейміз. Мақтанғаным емес, бұған дейін бірнеше жыл чемпион атанып жүрдік қой. Айтайын дегенім, бұл –қолымыздан келетін іс. Мүмкіндігімізше бар тәжірибемізді ортаға салып, үстіміздегі жылы әдемі ойын өрнегін көрсетпек ойдамыз. Бұл мақсатта бапкеріміз бен ойыншыларымыз аянып қалмақ емес. Айтып-айтпай не керек, қалайда титулымызды қайтарып алуды көздеп отырмыз. Бізге білдірген үмітті ақтайтынымызға сеніміміз мол. Командамыздың жуық арада жаңа мүшелермен толығуы әбден мүмкін. Бүгіннің өзінде іріктеу жүргізіліп, нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Әйтсе де, көктем мезгілінің ортасына таман жаңалықтарымызды жарияламақ ниеттеміз. – Сөзіңіз аузыңызда, көшбасшы клубтың ойыншысы атану үшін қандай қасиеттер керек деп ойлайсыз? – Алдымен, жауапкершілік, сосын өз ісіне адалдық қажет. Меніңше, жеңістің басты кілті – осында. – Көшбасшы аяқдопшыны кыздар көп мазалай ма? – Мазалайды десем, асыра айтқаным болар, дұрысы телефон шалатын «фанаткаларым» аз емес. Олармен мүмкіндігінше байланыс орнатып, араласып тұруға қарсылығым жоқ. Әйткенмен, өзіңізге белгілі, мен отбасылы жанмын: зайыбым мен кішкентайларым бар. Жақында алты жасқа толатын Сәмира есімді қызым мен үш жастағы Алламгер деген ұлымды жанымнан артық жақсы көремін. Олар мен үшін бәрінен де қымбат. Соған сай, жақсы ниетпен хабарласқан жанкүйерлеріммен ретіне қарай хат-хабар алысып тұруға дайынмын. Өкініштісі, теріс  пиғылмен, болмаса, «ойнап» хабарласатын нәзік жандыларымыз да ұшырасады. Әрине, бәріне де түсіністікпен қарауға тырысамын. Қанша айтқанмен, «әрбір адам – сыйлағанның құлы ғой». Келіншегімнің де бұған көзқарасы түзу, ессіз қызғанышқа ешқашан бой алдырған емес. – Дінге деген көзқарасыңызды  да білсек деп едік… – Дінімізге деген құрметім шексіз. Қолдан келгенше, жетім-жесірлерге жәрдемімді тигізіп, оларға көмектесуге әзірмін. Өзім бес парыздың бірі – сәждеге бас иіп, намаз оқымасам да, жұма сайын Алланың үйіне асығатынымды айта кетсем деймін. Біздің команда да ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға әрқашан қолұшын беріп, қаржылай қолдап отырады. Бұл мақсатта – біздер жыл сайын балалар үйіне бас сұғып, тәрбиеленушілермен жолдастық кездесулер  ұйымдастырамыз. – Біз білмейтін тағы қандай қырыңыз бар? – Мен бар ғұмырымды осы спортқа арнаған жанмын. Өзімнің өмірімді футболсыз елестете алмаймын. Үлкен спортпен қош айтысқанның өзінде, қартайғанда бапкерлікпен айналысатыным анық. Болашақта карьерамды осы саламен байланыстырғым келеді. Бос уақытымда баскетбол ойнағанды жаным сүйеді. Жасыратыны жоқ, футболшы болмағанда, осы спорт түрін таңдайтын едім. Бір анығы, ала допты ұршықша иіру – менің маңдайыма жазылған  тағдыр секілді. – Әңгіме барысында тілге шорқақтау екеніңізді байқадық. Сізбен толыққанды мемлекеттік тілде – қазақша қашан сұхбаттаса аламыз? – Бұл сауалыңызға жауап беру қиындау екен, нақты білмедім. Жалпы, қазақ тілінде ауызекі сөйлей аламын, адамдардың осы тілде айтқанын түсінемін. Әйтсе де, қазақ тілінде сұхбаттасу әзір мүмкін емес. Ондай деңгейге жете қойған жоқпын. – Құпия болмаса, сол деңгейге жетуді қашанға жоспарлап жүрсіз? – Бұған да нақты жауап бере алмаймын. Бастысы, ниет бар. Құдай қаласа, тағы бірде, келесі сұхбаттарымызда таза  қазақша сөйлесерміз деп ойлаймын. – Әйтеуір, 2030 жылы емес қой?.. – (Күліп). Жо-жоқ, менің тіл сындыруым үшін 19 жыл көптік етеді. Маған соның оннан бір бөлігі де жарап қалар… Бұйыртса, 2-3 жылдан соң, жүз пайыз қазақша әңгімелесерміз. Алайда, алдағыны тек қана Алла біледі… Уақыттың өзі көрсете жатар… – Әңгімеңізге рақмет! Ақтөбе (Суреттер С.Сымақовтың жеке мұрағатынан алынды)

Айбек ТАСҚАЛИЕВ, “Жас қазақ”

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров