Қазақстандық маман Асқар Қожабергенов «Ахматқа» ауысқан Ғалымжан Кенжебектің мүмкіндігін бағалап, жаңа клубтағы басты мәселесіне назар аударды.
23 жастағы жартылай қорғаушы жуырда ресми түрде грозныйлық команда сапын толықтырды.
«Ғалымжан Кенжебектің бір қуантатыны, бұл бала жас болса да, жылы орнынан қозғалып, әртүрлі чемпионаттарды көріп, сол жақта өзінің шеберлігімен дараланды. Біраз тәжірибе алып қайтты. Ұлттық құрама, «Елімайдағы» ойынынан өте талантты, бір креативный ойыншы екенін байқадық. Ғалымжанға адаптация әбден жеңіл болады: орысша сөйлейтін орта, ондағы көшбасшының бірі Самородов та көмектесетіні анық. Ал ең бастысы, бас бапкер Ғалымжанды ұлттық құрамаға ең бірінші шақырған Станислав Черчесовтың үлкен ықпалы тиеді. Меніңше, қазақстандық футболшыны «Ахматтың» скауттары, селекционерлері емес сол Черчесовтың инициативасымен шақырған. Ол үшін басты мәселе – бәсекелестікті ұту. Өйткені, Чесноковқа қарағанда бұл жас ойыншы, жарқ еткені өткен маусым ғана. Сондықтан, тұрақтылық бола ма болмай ма, ол жағы белгісіз... Тұрақты ойынды жас футболшылардан күту кейде қиын болады. Ғалымжан ең бастысы ойынында тұрақтылық көрсетіп, бәсекелестікте есе жібермесе, жылдан-жылға дами беретін өте талантты футболшы. Одан да үмітіміз зор, ұлттық құраманың бір көшбасшысы болатын ойыншы деп санаймын», - деді А. Қожабергенов «Аладоп.кз» сайтына берген сұхбатында.
Ғалымжан Кенжебек мансабында «Қайрат», «Мақтаарал», «Жеңіс», «Елімай» және «Кошице» (Словакия), «Акритас Хлоракас» (Кипр) командаларының намысын қорғаған. Қазақстан құрамасының сапына алғаш рет Станислав Черчесов шақырды.
Біздің серіктес: FONBET