Футболдан Қазақстан чемпионатының премьер-лигасында жиырма жетінші турдың ойындары өтіп, көшбасшылар арасындағы бәсекелестікті одан әрі шиеленістіре түсті.
Көш басында келе жатқан «Жетісу» Қарағандыға барып, өзінің өкшесін басып келе жатқан кеншілер клубымен кездескен-ді. 9000 жанкүйер жиналған бұл матчта кездесу тағдырын тағы да Қонысбаев – Көкеев жұбы шешті. Ұлан есепті ашып, Жамбыл алыстан соққан голымен «Шахтер» клубына жеңіс әперді. Ұлттық құрама сапындағы осы екі футболшыларымыздың голдарының арасында «Жетісудің» өзбекстандық сұр мергені Бакаев таразы басын теңестірген болатын. Осылай «Жетісу» Сарыарқада сүрініп, басты бәсекелестері Талдықорған клубын қуып жетуге айналды.
«Астана» Шымкентке барып, шектен тыс тартысты ойында ұтылып қалды. «Ордабасы» клубының ойыншылары осы қарқындарын жоғалтпаса, алғашқы алтылықтағы соңғы орында тұра бермейтін шығар. Әр тур сайын өздеріне деген сенімділіктері артып келе жатқандай. Екі белді қорғаушысы алаңда болмаса да, жеңіске жетті. «Астана» енді есесін көш басындағы командалардан алмаса, алтыннан үмітін үзеді.
«Ертіс» пен «Ақтөбе» Павлодарда тең түсіп, ұпай бөлісті. Негізі, екеуіне де жеңіс ауадай қажет еді. Бірақ 90 минуттық додадан соң екеуі де жалқы ұпайды қанағат қылып, тарқасты. Негізі, бірінші таймда керекуліктер бір гол соғып еді, бірақ қапталдағы төреші «офсайд болды» деп бұл гол есепке алынбады.
Екінші алтылықтағы бәсекелестік те одан әрмен қыза түсті. Былтырғы ел чемпионы, Қостанайдың «Тобылы» ойыны мандымай жүрген «Қайратты» тобықтан қаға алмады. Керісінше, ірі есеппен ұтылып қалып, жер шұқыды. Алматылықтардың бас бапкері Джон Грегори: «бізге бір жеңіс керек, айызды қандырар бір жеңіс болса, екпін алар едік», – деп еді. Міне, «Қайрат» осындай тамаша жеңіске қол жеткізді. Енді көреміз, бұл жеңіс алматылықтарды қаншалықты қанаттандыратындығын.
«Восток» өз алаңында «Атыраудан» ұтылып қалды. Ойынның бірінші жартысында тәп-тәуір ойнағанымен, бірнеше мүмкіндіктерді мүлт жіберіп алды. Осы жеңілістерінің кесірінен соңғы орынға сырғыды. Енді бірінші топқа түсіп қалу қаупі төбелерінен түйіліп тұр.
«Тараз» Қызылордада «Қайсардан» ұтылып қалды. Бірінші таймда Сыр өңірі футболшыларының шабуылдарына төтеп бергендерімен, екінші таймда өз қақпаларынан екі доп қармады.
Дәл қазір екінші алтылықтағы ең соңғы орын мен жоғарғы (жетінші) орынның арасы – екі жеңіске қана тең. Яғни қызықтың көкесі алда. Еш клуб арқасын кеңге сала алмайды. Бірінші топқа түсіп қалмау үшін қамшыны басу керек.
Соңғы турдың нәтижелері:
«Шахтер» (Қарағанды) – «Жетісу» (Талдықорған) – 2:1
Голдар: Қонысбаев, 10. Көкеев, 83 – Бакаев, 69.
«Ордабасы» (Шымкент) – «Астана» (Астана) – 3:2
Голдар: Тәжімбетов, 17. Касьянов, 27-пенальтиден. Касьянов, 80 – Нұрдәулетов, 44. Жалмағамбетов, 68.
77-минутта Евстигнеев («О»), ал 89-минутта Нұрдәулетов («А») алаңнан қуылды.
«Ертіс» (Павлодар) – «Ақтөбе» (Ақтөбе) – 0:0
* * *
«Қайрат (Алматы) – «Тобыл» (Қостанай) – 3:0
Голдар: Шакин, 47. Головской, 67. Шакин, 70.
«Восток» (Өскемен) – «Атырау» (Атырау) – 1:2
Голдар: Згура, 24 – Данилюк, 25. Данилюк, 75.
90-минутта Хизанейшвили («В») алаңнан қуылды.
«Қайсар» (Қызылорда) – «Тараз» (Тараз) –2:0
Голдар: Перич, 50. Перич, 77.
Автор:
Нұрғазы Сасаев