Футболшылар жейдесіндегі нөмірдің де ойыншының тез танылуына көмектесетін ерекшелігі бар. Мәселен, қақпашы Витор Байя дегенде бірден оның 99-нөмірде ойнағаны есіме түседі. Жалпы, футболшылар алаңға шығатын нөмірін қалай таңдайды?
Серік Қайырханов, Жаңақорған Алғашында футболшылардың тұрақты нөмірі болған жоқ. Алаңға шығатын 11 ойыншы 1 мен 11 арасындағы сандарды таңдап, бөліп алуға тиіс болатын. Оның өзінде алаңдағы әрбір шеп пен қаптал нөмірленіп тасталған. Мысалы, қақпаға тұрсаң, бірінші нөмірді аласың, шабуыл өтінде ойнасаң – он бірінші нөмір. Ал қосалқы құрамдағы футболшылардың 12-ден басталатын нөмірлерді таңдауы тиіс-тін. Бұл үрдісті бұзған – голландиялық Йохан Круифф. Ол 14-нөмірлі жейдені киіп, футболшылық ғұмырының соңына дейін осы нөмірге «адал» болды. Футболшылар жейдесіне нөмірді көп жағдайда өздері таңдайды. Әсіресе 7-інші және 10-нөмірлі жейделер кез келген клубта тек мықты ойыншыға ғана бұйырады. Ойыншылар өздерінің сүйікті сандарын, ата-әжесі немесе әке-шешесінің туған күндерін де жейдесіне жазып қоюы мүмкін. Көп жағдайда 12-нөмірді командалар жанкүйерлеріне сыйлайды. Өйткені алаңдағы 12-ойыншы — жанкүйер деген ұғым бар. Қазіргі футболда әйгілі ойыншылардың нөмірін ешкімге бермей, сақтап қоятын да үрдіс бар. Ал «Манчестер Сити» командасы 2003 жылы Конфедерация кубогында жүрегі ұстап, қаза болған камерундық ойыншы Марк Вивьен Фоенің жейдесіндегі 23 нөмірді клуб ойыншыларына мүлде бермейді. аламан.кзБіздің серіктес: FONBET