Сауд Арабиясынан көңілі қалып жүргендер

27.02.2024, 14:36

Про-лига былтырғы жазда трансферді жарып еді. Криштиану Роналдудың артынан Араб түбегіне әлемдік футболдың 100-ге жуық жұлдызы ағылған болатын. Кәрім Бензема, Роберто Фирмино, Жоржиньо Вейналдум, Садио Мане, Джордан Хендерсон, Рубен Невеш пен Эмерик Лапорттар өте жоғары жалақы үшін еуропадағы мансаптарын құрбан еткен.

Бірақ, “Пәлен жерде алтын бар, Барсаң, бақыр да жоқтың» кері болайын деп тұрғандай ма? Жігіттердің көзін байлап, арабтың «Мың бір түніндегідей» арбағаны салықтың нөлдік ставкасы еді. Басқаша айтқанда, тапқан табысынан ешқандай салық ұстамайды. Осындай батпан құйрық болған Сауд Арабиясының чемпионатын талай мықты бетке алды. Алайда, олар про-лигадағы легионерлерге қатысты бірнеше құйтырқылықты байқамапты. Мәселен, шетелдік футболшылар араб клубымен келісімшартын алғашқы екі жылда бұзған жағдайда, табыс салығының 20 пайызын төлеуге міндеттеледі. Мұның салдарын «Ливерпульдің» бұрынғы капитаны Джордан Хендерсен бір адамдай-ақ көрді. Десе де, ақша емес абыройды ойлаған ағылшындық футболшы бәрібір кетіп тынды. Про-лигадан көңілі қалғандардың бірі Роберто Фирмино. Бразилиялық футболшының арабиядағы ертегісінің басы тәтті-ақ басталып еді. «Әл-Ахли» сапында бірінші ойынға шыға салып хет-трик жасаған экс ливерпульдік шабуылшының да тауы шағылып жүрсе керек. Фирминоның бұзылған көңіл-күйін бір аптада алатын 365 мың еуролық жалақысы да көтере алмапты. Енді оны жақын арада АПЛ-ге оралада деседі. Футболшыға Лондонның «Фулхэмі» қызығушылық танытып отырған көрінеді. Кәрім Бенземаның да өз таңдауына өкініп жүргені жайлы ақпарат тараған. Бірақ, осы жақында ғана франциялық футболшы оны жоққа шығарып, ешқайда кетпейтінін мәлімдеді. Бірақ, Кәрімнің жағдайы сәл басқаша. «Алтын доп» иегерінің «Әл-Иттихадтың» бас бапкері Нуну Эшпириту Сантумен арасы жақсы емес екен. Португалиялық бапкер Бенземаның капитан болуына қарсылық білдіргені белгілі. Даудың басы осы болды ма, кім білсін. Әйтеуір, кім не десе де, Кәрім командағы қайтып келіпті. «Өкпешіл» шабуылшы Араб жанкүйерлерінің сенімі мен жылына алатын 170 миллион фунтын ақтаймын деп отыр. Осыған дейін атына бір кір келтірмеген Криштиану Роналду да «шулатып» жатыр. Көпке үлгі болған аңыз адамның да жүйкесі сыр беретін сәттер болады екен. Бірақ, Криштікі де жалақы мен салыққа қатысы жоқ. Ол туралы біздің сайт жазған. Бұл оқиғаның қалай өрбитінін де өздеріңізбен бөлісіп отырамыз.