«Тобылдың» қарқыны күшті болды
Өткен апта соңында Қазақстанның биылғы футбол маусымы тұсауын кесті. 21-рет жалауын көтерген біріншіліктің алғашқы туры өте тартысты матчтарға толы болды. Маусым алдында биік мақсаттар қойған кейбір ұжымдар байқаусызда жеңіліп жатса, ортаңқол деген ұжымдарымыз жеңіс тойын тойлады. Сырт алаңда «Тобылмен» ойнаған алматылық «Қайрат» та жанкүйерлер күтпеген нәтижені тіркеді. Затобольск қаласындағы қосалқы алаңда өткен кездесуде алматылықтар жауапсыз 4 гол жіберді.
Осы ойынның алдында «Қайрат» командасының ұжымымен Алматы қаласының Әкімі Ахметжан Есімов кездесу өткізген болатын. Сол жиында бас бапкер Дмитрий Огай алдағы жылдың мақсаты қалай болатынын жеткізді. «Қайратқа» бұрынғы даңқты қайтарып, стадионға жанкүйерлерді қайта тарту – биылғы маусымға қойылған негізгі мақсаттардың бірі болмақ. Ал команда нәтижесіне келер болсақ, «Қайрат» біріншілікті турнирлік кестенің алдыңғы бөлігінде аяқтаймыз деп отыр. Әкімнің қабылдауында болып, маусым бойына атқарылар жұмыстардың бағытын естіген «Қайрат» басшылары «Риксос» қонақүйінде журналистерге ойыншыларды таныстырып өтті. 2012-жылдан бастап алматылық командада енді шотландиялық Стюард Дафф, испаниялық Альберто Эрредия, түркиялық Бурак Акиылдыз, сербиялық Неманья Иованович секілді легионерлер ойнайтын болады. Ал команда капитаны болып Руслан Балтиев тағайындалды. Қазақстан футболына еңбегі сіңген Балтиев осы маусымнан кейін футболмен қош айтысамын дейді. Ардагер ойыншыны команда сапында қалуға үгіттеген бас бапкер Дмитрий Огай жартылай қорғаушыға үлкен сенім артып отырғандығын да жасырмай жеткізді. «Қайрат» футбол клубы бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев жақын арада командада жаңадан база болатынын жеткізді. Биылғы маусымда команда «Алматы» шипажайында қонақтайтын болады. Сондай-ақ Қайрат Советұлының пікірінше стадионға жанкүйерлерді тарту үшін түрлі шаралар ұйымдастыру қажет. «Қайрат-тв» телеарнасы ашылып, фан-ұжымдар өкілімен кездесулер өткізілетін болады. Футболшыларды таныстыру барысында Дмитрий Огай «Қайрат» командасының биылғы маусым алдындағы жаңалықтарымен таныстырды. – Команданы жаңадан жасақтадық. Шақырған легионерлерімізге сенім артамыз. Олардың басты мақсаты ұжымдағы жастарға өз өнерлерімен үлгі болу. Дәл осындай бағытта дами берсек «Қайраттан» 2-3 жылдың ішінде Қазақстандағы мықты клуб жасауға болады. Кезінде болған атақ, даңқты да, стадионға жиналар жанкүйерлерді де тек қана жақсы ойын өрнегін көрсету арқылы әкелуге болады – деді «Қайрат» командасының бас бапкері. Сенбі күні Қазақстанның 7 қаласында биылғы маусымның тұсауы кесіліп, жарыстың жалауы көтерілді. Өткен жылы осал ойнап, турнирлік кестенің тубінен көрінген «Тобыл» Ресейден Вячеслав Грозныйды шақыртып, маусымаралық үзілісте жағдайын түзеп алды. Соның арқасы болар олар өз алаңындағы алғашқы матчта футболға сусап қалған жанкүйерлердің көңілінен шығатындай өнер көрсетті. Айта кетерлігі «Қайрат» қақпасына салынған екінші голдың авторы Константин головской сол өткен маусымджы «қайрат» құрамында өткізіп еді. Келесі, 2-тур ойыны 18-наурыз күні Орталық стадионда өтетін болады. Онда «Қайрат» Көкшетау қаласының «Оқжетпес» командасын қабылдайды. Жанкүйер қауымның назарына айта кетер болсақ, Алматыда футбол маусымының ашылу салтанаты сағат 15-00-ге жоспарланған. 1-тур «Тобыл» — «Қайрат» 4:0 (1:0) Голдар: Джолчиев 34, Головской 48 пенальти, Де Соуза 54, Джолчиев 62 «Қайсар» — «Ақтөбе» 0:2 (0:1) Голдар: Байер 41, Климавичус 53 «Сұңқар» — «Жетісу» 1:0 (0:0) Гол: Әмірсейітов 51 «Ертіс» — «Шахтер» 1:0 (1:0) Гол: Струков 6 «Атырау» — «Ордабасы» 2:3 (2:0) Голдар: Данилюк 18 (1:0), Сигурдссон 45+1(2:0), Карпович 51 (2:1), Тәжімбетов 69 (2:2), Джилас 83 (2:3) «Оқжетпес» — «Ақжайық» 0:3 (0:1) Голдар: Зенькович 47 пенальти, Забродин 75, Зенкович 90 «Астана» — «Тараз» 0:2 (0:0) Голдар: Перич 62, Пртенияк 90+2.Біздің серіктес: FONBET