Сэр Алекс Фергюсон Нури Шахинді өз командасында көргісі келеді
17.03.2012, 06:42
Жарнама
Жарнама
"AS" басылымының хабарлауынша «Манчестер Юнайтедтің» скауттары жазғы трансферлік маусым басталысымен Корольдік клубтың жартылай қорғаушысы Нури Шахинге құда түспек.
Командасының биылғы ойындарына онша көңілі тола қоймаған сэр Алекс жаз басталысымен бірден 2-3 жартылайқорғаушы алуды көздеп отыр. Солардың ішінде жиі айтылып жүргендері Уесли Снейдер мен Лука Модрич. Сондай-ақ, Нури Шахин. «Қызыл сойқандардың» бапкері «Реалда» таланты бар, бірақ жасыл алаңға көп шықпайтын жас түрік футболшысын бұрынырақ та байқап жүрген екен. Шахин Корольдік клуб үшін маңызы зор болғанымен, оның қапталында ойнайтын Хаби Алонсо әзірге сенімді ойын өрнегін көрсетуде. Оның үстіне ол Манчестерге ауысатын болса, алаңда қазіргідей әр матчта (оның үстіне анда-санда) 20 минуттан емес, толыққанды 90 минуттардан өткізуі мүмкін. Сол себепті Шахин жаңа маусымды жаңа клубта бастап жатса таң қалуға болмайды.
Сонымен қатар Германияның қос бірдей командасы Шахинді өз қосындарында көргісі келетіндерін жасырмаған. Олардың бірі дортмундтық «Боруссия» болса, екіншісі менхенгладбахтық «Боруссия». Қай клуб қалың малды көп берсе, сол клубқа ойланбастан бере салуға «Реал» басшылығы да дайын.