Қазақстан құрамасының қорғаушысы Сергей Малый ұлттық команда сапындағы ойындар саны бойынша тарихи рекордты қайталады, деп хабарлайды Aladop.kz.
36 жастағы футболшы Ұлттар лигасының Молдоваға қарсы матчында алаңға қосалқы құрамнан шықты. Бұл оның Қазақстан құрамасы сапындағы 76-матчы болды. Осылайша Малый Ұлттық құрама тарихындағы ең көп ойын өткізген футболшы Самат Смақовтың көрсеткішіне теңесті.
Смақов ұзақ жылдар бойы Қазақстан құрамасында ең көп ойын өткізген футболшы атанып келді. Енді оның рекордын Малый қайталап отыр. Қорғаушы ұлттық команда сапында 2014 жылдың наурыз айынан бері өнер көрсетіп келеді. Оның еншісінде 76 матч және екі гол бар.
Малый рекордты жаңартуға келесі матчта мүмкіндік алады. Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының төртінші турында 6 қазанда Астанада Фарер аралдарын қабылдайды.
Айта кетейік, тарихи көрсеткішке жақындап қалған тағы бір футболшы бар. Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Исламбек Қуаттың ұлттық команда сапында 75 матчы бар. Алайда ол Молдоваға қарсы кездесуді сары қағаздар лимитіне байланысты өткізіп алды.
Қазақстан құрамасы Молдоваға қарсы ойында 1:2 есебімен жеңіліп, Ұлттар лигасындағы алғашқы үш турдан кейін бір ұпаймен топтың соңғы сатысында қалды. Ал келесі қарсылас — Фарер аралдары. Бұл команда Словакиямен 1:1 тең ойнап, үш турдан кейін үш ұпай жинады.
Біздің серіктес: FONBET