Жарнама
Жарнама

«Шахтер» осыдан он жыл бұрын ерлік жасады. Олар топтық кезеңге қалай шықты?

«Aladop.kz» тілшісі Ермұхамед Мәулен сол кездегі «Шахтер» жайлы жылы сұқбат жазыпты. Кейіпкер – Роман Мұртазаев.
Жарнама
Жарнама

– «Шахтер» – Қазақстан атынан еурокубокте ойнаған алғашқы команда. Содан бері міне, 10 жыл өте шықты. Сол кездегі команда жайлы еске алсаң?

 – Ол кезде біздің командаға кілең мықты ойыншылар жинақталды. Соның арқасында біз мықты болдық. Ең қызығы жиналған ойыншылардың барлығы бойы ұзын, ірі денелі еді. Клуб басшысы Ерден Халилин мырза бас бапкер Виктор Кумыковқа сенім артты. Ал спорттық директор болған Ұлықбек Асанбаевтың команда ойынына қосқан үлесі зор еді. Бірақ, маусым басталған кезде бізде ойын дұрыс шыға қоймады. Алғашқы турда «Ақжайыққа» 0:3 жеңіліп қалдық. Сосын «Ақтөбемен» тең түстік. Алайда, одан кейін біртіндеп күшейе бердік, күшейе бердік. Нәтижесінде еурокубок басталған кезде біз нағыз бабымызды таптық.

– Чемпиондар лигасындағы алғашқы матч БАТЭге қарсы өтті. Ол ойынға мен де журналист болып бардым. Ойын өте ауыр өтті ғой, негізі...

– Иә, біз 1:0 есебімен жеңдік. Бірақ, ойын барысы мүлде басқаша болды. Ауыр өткен кездесу еді. Ең бастысы нәтиже біздің пайдамызға шешілді.

– Жауапты ойында Қарағанды қаласы тегіс жанкүйер болды. Стадионда ине шаншар жер болмады. Бұл бір футбол тойы болған секілді ғой. Сол ойын қазір есіңде ме?

– Иә, футболда өз алаңыңда ойнаған керемет қой. Трибунада жанкүйер лық толы болды. Солардың қолдауы бізге керемет көмек берді. Сол матчта Александр Мокин пеналтьиді қайтармағанда жағдай қиын болар еді. Кейіннен Игорь Зенькович гол салып, біз жеңіске жеттік. БАТЭ бар білгенін істеп, әбден шабуылдады. Әйтеуір, келесі кезеңге біз өттік. Соған қатты қуандық.

– Одан кейінгі ойындар «Астана Аренада» өтті. Албанияның чемпионы «Скендербеуге» қарсы ойында «Шахтер» 3:0 есебімен жеңіске жетті. Футболшылар тағы да келесі кезеңге өттік деп ойлап та қалған шығар? Жауапты матчқа немқұрайлы қарағандарыңыз рас болар.

– Сол ойынның ертесіне Виктор Кумыков босаңсуға болмайтынын айтты. Мұндай есеп қауіпті деп қайта-қайта санамызға құйды. Сәл аяушылық танытсақ, қарсылас бізді жазалайды деді. Екінші ойында шынымен де солай болды ғой. Кумыковтың сөздері сол кезде бізге қатты көмектесті. Кейбір сөздері өмірімізге жететін нақыл болып қалды.


– Тура сол кезде команданың жағдайы қалай болды? «Скендербеу» 3 гол салғанда ұжымның салысы суға кеткен шығар.

– Албаниялықтар қақпамызға 3 гол салған кезде біздің бапкерлер штабында отырғандар аласұрып кетті. Бәрі бір-біріне айқайлап, Кумыков бір орында тұра алмай, айқайға басты. Тайм соңына таман Сергей Хижниченко гол салып еді, барлығы тыныштала қалды. Сол гол болмағанда біз бір-бірімізбен жаға жыртысатындай жағдайда отырғанбыз. Өмірімде ондай жағдайды бастан өткеріп көрмеппін. Ешкімнің басына бермесін.

– Содан кейінгі «Селтикке» қарсы өткен ойынның да әңгімесі ұзаққа созылды. Қарағанды футболының фанаттары ешқашан ұмытпайтын матч болды емес пе?

– «Селтикпен» ойын өз алдына бөлек тарих. Қазақстанның бүкіл жанкүйерін қуантқан күніміз болды. Ойыннан кейін біздің киім ауыстыратын бөлмедегі атмосфераны ауызбен айтып жеткізе алмаймын. Өкініштісі сол, жауапты ойында сол басымдылықты ұстап тұра алмадық.

– Сол кезде командада болған жігіттермен араласып тұрасыздар ма? Әсіресе, легионермен.

– Легионерлердің барлығы жан-жаққа кетіп қалды. Қазір ешқайсысымен қатты бір араласамын деп айта алмаймын. Егер алаңда, басқа жерлерде көріп қалсам әрине құшақ жая қарсы аламын. Ал бірақ, қоңырау шалып, сөйлесіп тұрамын деп айта алмаймын. 

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров