Жуырда футболшылық мансабы аяқталғанын мәлімдеген польшалық қақпашы Войцех Шченсный каталондық "Барселонамен" маусым соңына дейін келісім-шартқа қол қойды. Осылайша темекіге әуестігі бар голкипер үлкен спорттан кетпей жатып қайта оралды.
Себебі, әйгілі испандық клубтың негізгі қақпашысы Андре Тер-Штеген “Вильярреалмен” өткен ойында ауыр жарақат алып, дәрігерлер оны футболға оралмауы да мүмкін деп жатыр. Сондықтан, “Барселона” басшылығы неміс голкиперінің орнын басатын мықты қақпашы іздеп, бейнетінің зейнетін көрейін деп беймарал демалыста жатқан Шченсныйға ұсыныс тастапты. Бұл теп-тегін трансферді “Барселонаның” сұрмергені польшалық Роберт Левондовский ұйымдастырған екен.
Ең бірінші маған Роберт хабарласып, мансабыңды аяқтауға асықпа. Барселонада ойнауға қалай қарайсың?- деді. Шынымды айтсам, мен біраз ойланып қалдым. Отбасым, дос-жарандарыммен ақылдастым. Олар ақымақтық жасамай ұсыныстарын қабылдауымды сұрап, мен үшін қатты қуанды. Жасымдай жарқыраған кезімде болмаған мүмкіндік қой бір жағынан. Сөйтіп, келісім бердім. Бұл жерде Лева маңызды роль атқарды. Ол болмағанда менің “Барселонаға” келуім екіталай еді.
34 жастағы поляк қақпашысы бүгінде Барселона қаласына аяғы тиіп, клубтың медициналық тексеруінен өтіп қойды. Команданың базасына барып, жаттығу жасап та үлгеріпті. Жаңа командаластары да Шченсныйды жақсы қабылдаған көрінеді. Осылайша қолғабын шегеге ілген Войцехтің бағы жанып, үлкен футболға қайта оралды. Енді маусым соңына дейін Хан-Дитер Фликтің қол астында жаттығып, “Барселонаның” қақпасын қорғайды.
Біздің серіктес: FONBET