«Қайраттың» бас бапкері Алексей Шпилевский Премьер-лиганың 12-турындағы «Ақтөбеге» қарсы өткен ойын (4:2) туралы пікір білдірді:
- Алексей Николайұлы, жеңіс құтты болсын! Матч туралы қандай пікір білдірер едіңіз?
- Біз ақыры көптен күткен және лайықты жеңіске жеттік. Біз көп гол соға алдық, бұған дейінгі матчтарда бұл қолымыздан келмеген еді. Өкінішке орай, біз тағы да жоқ жерден екі гол жіберіп алдық. Осы голдардан кейін біз бей-берекет және сенімсіз қимылдай бастадық. Қазіргі уақытта біздің эмоционалды тұрғыдан тұрақсыз екеніміз анық болды. Бірақ біздің қарсыласты қателіктерге мәжбүрлегеніміз маған жігіттердің тек жеңіске жеткісі келетінін көрсетті.
- Ұзақ уақыт бойы ойынға қатыспаған жанкүйерлердің қолдауы командаға әсер етті ме?
- Жанкүйерлермен ойнау өте ерекше сезім болды, өте керемет ойын болды! Футболға жанкүйерлердің жағымды эмоциялары қаншалықты жетіспейтінін тағы да сездік. Стадионға келген және шын жүректен қолдау көрсеткендердің барлығына рахмет.
- Яцек Гуральский командаға қайта оралды. Оның келуі командаға қосымша серпін берді ме?
- Яцек екеуміз үнемі байланыстамыз және оның біз үшін футболшы ретінде, әсіресе адам ретінде қаншалықты маңызды екенін бірнеше рет атап өттім. Ол командаға тамаша энергия мен мотивация береді. Мен одан келіп, командамен бірге болуын өтіндім. Біз оны қайта көргенімізге өте қуаныштымыз.
- Артур Шушеначевтің дайындығы туралы не айтасыз? Бүгін ол дубль жасаса да, алаңдағы орнын командаласына босатып берді.
- Артур Түркиядағы оқу-жаттығу жиынын және чемпионаттың бастапқы бөлігін жоғары деңгейде өткізді. Содан кейін, өкінішке орай, «Жетісумен» болған матчтағы жарақаттан кейін ол қатардан шығып қалды. Ол көптен бері ойнамады, сондықтан әлі 100% дайын емес. Бүгін Артур тағы да біз үшін өзінің футболшы ретінде қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Енді, ең бастысы - мұның бәрі кездейсоқ емес екенін дәлелдеу керек. Мен оған және біздің командаға сенемін.
Біздің серіктес: FONBET