Жарнама
Жарнама

Шыдамсыз патша. Немесе, осы жылғы футболдағы ең үлкен қателік

29.05.2015, 06:25
Жарнама
Жарнама
Карло Анчелотти веселится с игроками, Getty Images "Реал Мадрид" клубының президенті аса құрметті Флорентино Перес дәрігер болса сауды өлтіруден, бағбан болса жемісті ағаштың тамырына балта шабудан, зергер болса бағалы әшекей бұйымдарды сындырудан алдына жан салмас еді-ау деген ойға да қаласың. Себебі, Анчелоттиді "Реалдан" қуу себебін өзінен басқа адам баласы түсінген емес. Иә, команда ойынында жарты жыл уақытқа созылған дағдарыс болды, клуб жүлдесіз қалды. Қатарынан екі жыл Чемпиондар Лигасын жеңген алғашқы команда ретінде тарихта атын алтын әріптермен жазып қалдыра алмады. Жаттықтырушының командадағы болашағы жайлы шешімге осы факторлар әсер ететіні сөзсіз. Басқа-басқа, бірақ Карло Анчелотти секілді бапкерге жарты жылдық сәтсіз жұмысына қарап баға беру барып тұрған ақымақтық.  Анчелотти денсаулығына байланысты командадан кетті деген әңгіменің бәрі үй арасындағы өсектен әрі аспайды. Италяндықтың денсаулығы сыр беріп жүргені түсінікті, матч барысында дәрі ішетіні де камераның назарына ілігіп қалған кездер болды. Бірақ, емделуге шешім қабылдаған адам, бір апта бұрын командамен тағы бір жыл жұмыс істегім келеді деп айтпайды. Футболшылар да бапкердің денсаулығының нашарлығын біле тұра, командада қалуына ниет білдіріп, басшылықтан өтінбейді. Карло Анчелоттидің бар айыбы-Мадридтің трофейсіз қалуы. Бірақ, команданың маңызды ойындарда сүрінуіне негізді себептер бар. Футболшылардың жарақаты. Ал, сол жарақат алған ойыншыларды жоқтатпайтын футболшылардың қосалқы құрамда болмауы. Модричтің орнына кімді шығаруы мүмкін еді? Ойша "Ювентустың" немесе "Арсеналдың" сапында жүрген Хедираны ма, әлде "Реал Мадридтің" сапында доп теуіп жүргеніне өздері де таң Лукас Сильва мен Ильяррамендиді ме? Ал, оған кім кінәлі? Анчелотти емес екені айдан анық. Себебі, Перес өз дәуірінде трансфердің тұтқасын бапкерге өлсе де ұстатпайды. Әйпесе, Чемпиондар Лигасының финалындағы жеңісті әкелген Ди Марияны сатып Анчелоттиді жын ұрып па? "Реал Мадрид"-қандай футболшыны сатып алуды жаттықтырушы емес, басшылық шешетін әлемдегі жалғыз топ-клуб. Базарда футболшының жейдесін сатып қаржыға қарық болуды көздейтін президенттің, жартылай қорғанысын проблемасын ойлауға шамасы да жоқ. Байқасақ, Мюнхендегі "Бавария" да биыл оңбай сүрінді. "Барселона" секілді қарсылас болмағандықтан ғана Бундеслиганы жеңіп алды. Алайда, басшылық бәрін түсінеді. Маусым ортасынан бері бір құраммен ойнаған команда аяғына қарай шаршады, оның үстіне жарақаттар да қат-қабат. Барлық жайтты саралай келе, бапкерге болашақта да сенім артуды ұйғарды. Бұрқан-талқан болып Гвардиоланы қуып шыққан жоқ. Безотцовщина. Как Папе Карло не нашлось места в «Мадриде» Егер де, Анчелоттиді алмастыратын бапкер болып, мен мұндалап дайын тұрса, осылай шыр-пырға түскеніміздің бәрі бос әурешілік болып көрінер еді. "Реал" Анчелоттиден асқан бапкерді дәл қазір таба алмайды. Әрине, Клооптың маусым аяғында босайтынын білеміз. Бірақ, неміс бапкері бизнесті емес, футболды жақсы көреді. Команда ол үшін отбасы. Әр футболшыны өзі мәпелеп өсіруі тиіс. Баптап-қағып футбол әлемінің жұлдыздарының қатарына өзі қосады. Гетце, Ройс, Левандовски. Өзінің мінез-құлқың команданың бойына сіңіру керек. Қысқасы, Клооптың менталитеті мен патшаның шыдамсыздығы үш қайнаса сорпасы қосылмас. Ал, Рафа Бенитес "Реал Мадридті" баптауы мүмкін деген сөздің өзі күлкілі. Ешқашан бірде-бір клубпен ішкі біріншілікті жеңбеген бапкердің "Реал Мадридке" келіп, бірден Испан Премьерасы мен Чемпиондар Лигасын жеңіп алады деу... Бәрі мүмкін, бірақ бұл емес. Соңғы он жылдықта Перестың қара тізіміне енген жаттықтырушылардың ішінде Карло тоғызыншысы. Әрине, патша әрқашан шыдамсыздық танытты деп айыптау жарамас, себебі бес-алты бапкер нақты себептермен кетті. Ешкім дауласпайтындай. Жанкүйерлер шырылдап ақтап ала алмайтындай. Алайда, Перес 20-шы ғасырдың басында үлкен қателік жіберген еді. Дәл осындай. Бір жыл бұрын Чемпиондар Лигасын жеңіп алған Дель Боскені орнынан алған болатын. Тіпті, сол маусымды сәтсіз деуге болмас. Испан Премьерасының алтыны, Чемпиондар Лигасының жартылай финалы. Уақыт өте келе Испанияның қоржынына Әлем чемпионатының алғашқы алтынын салған Дель Боске сол кезде үн-түнсіз кетті. Флорентино Перестың шешімін ол да түсінбеді, басқа да түсінбеді. Ал, нәтижесінде "Реал Мадрид" бір емес, бірнеше жыл жапа шекті. Келесі үш жыл, сапында Зидан, Роналдо, Бекхэм секілді жұлдыздары бар, бір сөзбен айтқанда бүгінгіден аспаса кем түспейтін команда жасақталған Мадрид,  Испан Премьерасын жеңе алмады. Ал, Чемпиондар Лигасының жартылай финалын бақандай алтын жыл өңі түгіл, түсінде де көрген жоқ. Моуриньо келгенше, тіпті, 1/8 финалдан асу арман болды. Бүгінде, сол Дель Боске заманынан бері, Мадридке тұңғыш рет Чемпиондар Лигасының кубогінің дәмін сездірген бапкерді орнынан алып отыр. Тура сол сценарий. Тағы сол шыдамсыздық. Тағы сол ауруға айналған қателік. Ал, қателіктің нәтижесі қандай болары баршаға аян.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ          
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров