Шымкент қаласында 35 мың көрерменге арналған жаңа стадионның құрылысы осы жылы аяқталады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды Aladop.kz.
Алайда жоба басталғанына екі жылға жуық уақыт өтсе де, құрылыс жұмыстары әлі толық қарқынға шықпаған.
Елдегі ең ірі спорт нысандарының бірінің іргетасы 2024 жылдың маусым айында қаланған болатын. Салтанатты шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен танымал футболшылар қатысқан еді. Сол кезде стадионды 2026 жылы пайдалануға беру көзделгені хабарланған.
Қала әкімдігінің мәліметінше, құрылыс жұмыстарының кеш басталуына бірқатар себептер әсер еткен. Бастапқыда жоба үшін 20,9 гектар жер телімі бөлінген. Алайда жобалау барысында қосымша 6,24 гектар аумақ қажет болған. Мемлекеттік қажеттілік үшін жерді алу рәсімі уақытты талап етіп, құрылыс жұмыстарының басталу мерзімін кейінге шегерген.
Kazinform мәліметінше қазіргі таңда құрылыс алаңында бұрандалы қадаларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Жоба жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Бас мердігер ретінде Qazaq Stroy жауапкершілігі шектеулі серіктестігі белгіленген.
Әзірге жобалық-сметалық құжаттама әзірлену үстінде. Құрылыс-монтаж жұмыстарының нақты құны мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін белгілі болады.
Жаңа стадион пайдалануға берілген жағдайда, Шымкент қаласының спорт инфрақұрылымы айтарлықтай нығайып, ірі республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік туады.
Біздің серіктес: FONBET