Шымкент төрінде өткен кезекті бақылау матчы спорттық мереке емес, нағыз жанжалдың ошағына айналды. 09 наурызда "Ордабасы" мен "Ақтөбе" клубтарының жастар командалары арасындағы кездесу соңы аянышты жағдаймен аяқталды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Ойын алаңында басталған тартыс жаппай төбелеске ұласып, екі бірдей жас футболшы аурухана төсегіне таңылды.
Ойынның екінші таймында орын алған қарапайым доп таласы сәт санап шиеленісе түскен. Ойыншылар арасындағы сөз таласы көп ұзамай жұдырық ала жүгіруге ұласып, қос команданың футболшылары жаппай төбелеске араласқан. Әлеуметтік желіде тез тараған бейнежазбадан жастардың спорттық этиканы ұмытып, ашуға бой алдырғанын анық көруге болады.
Бұл қақтығыстың салдары “Ақтөбе” жастары үшін өте ауыр болды. Клубтың ресми мәлімдемесіне сүйенсек, екі ойыншы дереу медициналық мекемеге жеткізілген. Бірінің жақ сүйегі сынып, ауыр жарақат алған. Оған шұғыл түрде ота жасалмақ. Енді бірі иек тұсынан жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген.
Бейресми дереккөздер жарақат алғандардың бірі Әмір Төлеев екенін және оның бет сүйегі мен тістеріне де зақым келгенін жазуда. Дегенмен, клуб басшылығы тек ресми диагнозға сүйеніп, зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді.
“Ақтөбе»” футбол клубы алаңдағы бұл жағдайды қатаң айыптап, құзыретті органдардан бұл істі мұқият тексеруді талап етті. Достық сипаттағы, тактиканы пысықтауға арналған бақылау матчтарының осындай қатыгездікпен аяқталуы Қазақстан футболындағы тәртіп мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.
Қазіргі таңда жанкүйерлер мен сарапшылар кінәлі тараптарға қандай шара қолданылатынын күтуде. Бұл оқиға жастар футболындағы қауіпсіздік стандарттарын қайта қарауға және жас таланттардың эмоциясын тізгіндеуіне бағытталған жаңа ережелердің енуіне түрткі болуы әбден мүмкін.
Біздің серіктес: FONBET