Тұңғыш рет Қазақстан футболының тарихында еліміздің командалары Еуропа лигасының келесі кезеңіне жолдама алды. Қосамжарлана өткен қос ойында да жерлестеріміз жеңіске жетіп, жанкүйерлерін шаттыққа бөледі.
Қос ойынның бірі Қарағандыда өткен. Түзде таблода 1:1 есебін тіркеп, тең нәтижеге қол жеткізген кеншілер үшін өз алаңында 0:0 есебімен ойнаса да жеткілікті болатын. Бірақ алғы шептегі қырандарына сенген «Шахтер» бапкері Виктор Кумыков ойыншыларының қорғанысқа тайлы-тұяғымен келіп жатып алғанын қаламады. Бірінші минуттан бастап бір емес, алаңға екі бірдей шабуылшыны шығарғаны да сондықтан. Қос қапталдағы Жамбыл Көкеев пен Ұлан Қонысбаев та, орта шептегі жартылай қорғаушы Мақсат Байжанов та тек Хашич қорғаған қонақтардың қақпасын нысанаға алумен болды. Әсіресе Жамбыл мен Ұланның ойынын ерекше атап өтуіміз керек шығар. Бір үйдің ағайынды, жоқ ағайынды дегеннен гөрі егіз баласындай дегеніміз дұрыс шығар. Егіздердің сыңарындай бір-бірін керемет түсінген қос талантымыз екі жақтап жүріп, «Копер» қақпасынан екі мәрте саңылау тапты. Біріншісінде Жамбыл алаң ортасынан айып добын орындап, «Копердің» қорғанысына әуелете жеткізген. Доп қорғаушылардың басынан серпіліп, Ұланға жетті. Өзіне берілген мүмкіндікті мүлт жібермеген тараздық тарлан допты баспен қақпаға дәл тоғытты. Екінші голды да Жамбыл ұйымдастырып, Ұлан қорытындылады. Доптың алаң жиегіне шығып кете жаздағанына қарамай, оны жанталаса тоқтатып, оң қапталмен ойқастаған Көкеев әуелете асырған пасымен алаңдағы да, алаң жиегіндегі де жақын досы Қонысбаевты дәл тауып, керемет пас береді. Ал бұл сыйды голға айналдырған Ұлан «Шахтерді» келесі кезеңге алып шықты.
Негізі, бірінші болып есепті қонақтар ашқан. Бірақ еш нәрсе шешпеген голға тоқталып жатудың қажеті қанша?! Ең бастысы, «Шахтердің» жеңісі емес пе?! Енді кеншілер Еуропа лигасындағы келесі кездесуін Ирландияның «Сент Патрик» клубына қарсы өткізеді.
Керекудің «Ертісі» өз алаңында Польшаның «Ягеллониясын» 2:0 есебімен тізе бүктіріп, олар да Еуропа лигасының келесі кезеңіне шықты. Бірінші матчты Белосток қаласында өткізген Байсуфинов шәкірттері 0:1 есебімен жеңілген еді. Ал енді Керекудің Орталық стадионындағы ойын мүлдем басқа сценарийде өрбіді.
Алаңдағы бас қазы швейцариялық Ален Бьери ысқырық шалысымен шабуылға лап қойған поляктар есеп аша жаздады. Ойынның екінші минутында «Яга» ойыншысы тепкен доп қақпа маңдайшасынан қайтты. Бұдан кейін де бірнеше өткір шабуылдар ұйымдастырған қонақтар, сәт сайын қақпамызға қауіп төндірумен болды. Бірақ Юрий Новиков пен Давид Лориядан тәлім алған қақпашымыз Антон Цирин өзінің Датоны бекерге алмастырмағанын дәлелдеп берді. Сонымен, ойынның 37-минутында көптен күткен гол да соғылды. Сергей Ивановтың бұрыштамадан асырған добына бірінші жеткен Глеб Мальцев өз кезегінде допты Кулибалиге сырғыта салды. Ашық қақпаны дәл көздеген Мали құрамасының қорғаушысы есеп ашты. Араға алты минут салып, айып алаңының сыртынан толғай тартып, шірене тепкен Мальцевтің добына «Яга» қақпашысы еш қайран қыла алмады. Үнемі ойын бітуге 10-15 минут қалғанда алаңға шығып, шешуші голдар соғып жүретін Глебті бас бапкер осы жолы бірінші минуттан ойынға қосқан болатын. Байсуфиновтың бұл шешімінің дұрыстығын Мальцев бірінші таймда-ақ дәлелдеп берді. Ал алма-кезек шабуылдармен жалғасқан екінші таймда екі команда да таблодағы көрсеткішке өзгеріс енгізе алған жоқ. Сөйтіп, Еуропа лигасының екінші кезеңіне жолдама алған «Ертіс» енді Грузияның «Металлургімен» кездеседі.
Шахтер (Қазақстан) — Копер (Словения) – 2:1
Голдар: Қонысбаев, 45. Қонысбаев, 82 – Остерц, 32.
Шахтер: Мокин, Киров, Вичюс, Василевич, Көкеев, Байжанов, Финонченко (Рашкович, 89), Джидич, Қонысбаев (Боровский, 90), Хижниченко (Досманбетов, 90)
Қосалқы құрамда: Григоренко, Борантаев, Тарасов, Жанғылышбай.
Копер: Хашич, Блажич, Ханданагич, Буберац, Васильев, Струна, Хаджич (Карич, 58), Джукич, Бубаня (Бундерла, 79), Остерц, Стоянович (Станчич, 67)
Бас төреші: Тасос Какос (Грекия)
«Ертіс» (Қазақстан) – «Ягеллония» (Польша) – 2:0
Голдар: Кулибали, 37. Мальцев, 43.
Ертіс: Цирин, Чернышов, Данаев, Кучма, Кулибали, Мальцев (Тілешев, 62), Иванов, Заречный (Симиниди, 90), Даскалов (Николич, 79), Сергиенко, Говедарица
Қосалқы құрамда: Калмыков, Ахметов, Крюков, Деркач
Ягеллония: Сандомерски, Скерла, Плизга, Купиш, Хермес (М. Буркхардт, 46), Ционек, Норамбуэна, Бартчак (Сидки, 57), Майкон (Франковски, 46), Гжиб, Сератлич
Бас төреші: Ален Бьери (Швейцария)
Автор: Әзиз Жұмаділ, Оңғар Қабден Кереку